Өлең, жыр, ақындар

Дәрігер

  • 14.08.2018
  • 0
  • 0
  • 7632
(Розаға)

Түн ұзақ бей-жай көңілім,
Сарғаймай бұл таң атты ма.
Шырымын алмай көзінің,
Сазарған науқас жатты да.
Біреуі сұрар сусынды,
Біреуі налып тірлікке.
Тілейді үнсіз тылсымды,
Өмірге қойып бір нүкте.
Ұзақ боп минут ғасырдан,
Жатады науқас сарылып.
Ұйқыны қайда қашырған,
Дей ме әлде іштей тарылып.
Кейде бір алтын таң күліп,
Терезе қағар самал леп.
Қайтады жұрттар хал біліп,
"Жазылып қапты, аман" деп.
Оралса үйге аман-ақ,
Демейді ешкім жүдепті.
Ажал оты жаралап,
Кетеді кейде жүректі.
2
Оянып таң сәріден,
Дәрігер жетер ертелеп.
Хал сұраса бәрінен,
Балаша біз де еркелеп.
Жатса да кейі қиналып,
Қалжырап оймен қазылып.
Кеудеміз толып күйге анық,
Кеткендей болар жазылып.
Зіл басқан денең серпіліп,
Кеткендей жалғыз сөзінен.
Көңілінің күйі шертіліп,
Тұрады нұрлы көзінен.
Күн ұяға мол еніп,
Кетсе де үйге қайтпайды.
Алғысқа жүрер бөленіп,
Артық сөз әсте айтпайды.
Күлкісі қандай келісті,
Тарқағандай шер біткен.
Науқастың сырын бөлісті,
Жаныңды сөзбен сергіткен.
Тұрғаны ұдай кішіріп,
Үлкенге де, жасқа да.
Жаз шағын түсіріп,
Ауруға да, басқаға.
Келсе болды жәй ұғып,
Білегіңнен бір ұстап.
Кеткендей жаның айығып,
Күбірлеп іштей жыр ұштап.
Етпесін әсер білемін,
Уколың да, дәрің де.
Бір ғана сенің жүрегің,
Емдейді-ау, Роза, бәрін де.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тың тұлғалары немесе алғашқы балағандар

  • 0
  • 0

Үскірік
Желдің өті,
Дала қарлы,
Көк дауыл жұлқылайды балағанды.

Толық

Толқып отыр, жыр-жаным

  • 0
  • 0

Жастық шақтың бірге шерткен сырларын,
Қатар өскен түлегі едік, Құлжаның.
Хабар естіп өзің жайлы қайғылы,
Марфуға Айтқожина

Толық

Құрбым менің

  • 0
  • 1

Төл едік туған бір жылда,
Құлын тайдай тебіскен.
Тепкілеп төсін қырдың да,
Бір аяқ астан тең ішкен.

Толық

Қарап көріңіз