Өлең, жыр, ақындар

Аттанған азамат

  • 23.03.2018
  • 0
  • 0
  • 9469
Бозарып атты жазғы таң,
Қозғалып өрді жанды жан,
Қызарып шықты отты күн.
Баласы жамап тұрманын,
Анасы жамап тозғанын,
Қараша үйде жоқ тыным.
Ана:
− Жамадым, балам, жамадым,
Тозыпты, түйме қададым.
Шаршадым... біз не етелік,
Қалғанда кімге сүйендік?
Бәрібір күйдік, үйде өлдік.
Қаусадық, біз де кетелік.
Бала:
− Жамасаң кием, бер бері,
Жағасын жөнде, кел бері.
Аттанайын, асығам.
Білемін, анам, қош айтпа,
Босатпа мені, босатпа.
Босармын көзің жасынан...
А на:
− Жайыңа жүрмей, «солдатқа»
Азғырған кім бармаққа?
Жазды ма әлде ауылнай?
Ұшарсың оққа, өлерсің,
Ауырарсың, шөлдерсің,
Аузыңа сусын табылмай.
Бала:
− Ел тілегі - деді, - аттан!
Ешкім жоқ мені айдатқан,
Жазылдым тілеп әскерге.
Жай жүргенде не етерміз?
Жақында, бәлкім, кетерміз.
Ташкентке я Мәскеуге.
Орынсыз уайым, сақтығын,
Бақтымын, анам, бақтымын.
Заманда тудым тасыған.
Қызыл әскер - мектебім
Мектебіме кеткенім
Әрі оқимын, ашылам.
Еңбекшінің қанына,
Еңбегіне, нанына
Жалаңдаған жаулар бар.
Жан - жағымыз толып тұр,
Жау қылышын соғып тұр,
Біз болмасақ кім қорғар?
Ана:
− Анаң жермен - жексен боп,
Жеткіншегің жеткен жоқ,
Бұлар кімге таянар?
Өзіңмен түтін түтеткен
Лашығын мынау құс түткен,
Кім жамар, кім жаңалар?
Бала:
− Қой деп ем, апа - ай, осыңды
Қоймадың... ащы түсіңді.
Мінеки мені босаттың.
Енді жинал ержүрек,
Енді қош, ана көкірек.
Жоқ, босаман!
Қош айттым!
Ана:
− Қош айттым... мен де қош айттым...
Қош айттың да шошайттың.
Жолын болсын... шыбығым...
Олжаңменен жауыңнан
Жүректі жарып қайт жылдам,
Қараша үйде сырығым.
Сүйенгенім... тірегім...
Тіршілігім... білегім...
Қарайғаным... қарағым...
Көздей - көздей, келер деп
Екі көзім болар төрт,
Қуатым - сызған қағазың.
Бала:
Туған соң анам, жазар күн,
Жазармын сәлем жазармын.
Көп ойлама жүдерсің.
Теңге болса тиерлік,
Жіберемін, киерлік
Шоқпытыңнан түлерсің.
Өзің өрмек тоқырсың,
Күлсімің сабақ оқысын.
Тұрсының жарар әжетке.
Күйіңді көрер басшы бар.
Қол ұшын берер «қосшы» бар.
Қош! Тапсырдым советке!
Күлсімнің бетін бір сүйді,
Тұрсынға ерні бір тиді.
Аттанды да қыр асты.
Қарасты... көздер жыласты.
«Қайтар қашан... Жазар хат...»



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Баласынан анасына хат

  • 0
  • 2

Қорғаным, анам, қамқорым,
Қолыңа тисе осы хат.
Құлының жазды қолынан,
Қуан да хатқа қыл қуат.

Толық

Бақыттымын

  • 0
  • 0

Улы өмірімді,
Сұр көңілімді
Талақ еттім, тастадым.
Нұрлы өмірге

Толық

Өмір бекер өтіпті

  • 0
  • 0

Өмірдің өрін өрмелеп,
Көңілдің өрін көрмеп ек.
Өткелінде кешіп ек.
Қайығында қалтылдап,

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар