Боранда – Ілияс Жансүгіров

Бұл бетте «Боранда» атты Ілияс Жансүгіров жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.05.2021
  • 0
  • 0
  • 4184
Қарлатып қатты боран қарпылдап тұр.
Үскірік-аяз қызыл
шартылдап тұр.
Қойығып, басын қоршап ыққа тығып,
Көміліп қалың қарға қарқындап тұр.
Сүйеніп таяғына қой қасында,
Дірілдеп Таймас сорлы қалтылдап тұр.
Аяқта жуан жіппен буған шарық,
Сүйреліп киіз шұлғау жалпылдап тұр.
Ашылып қабырға-омырау қарға қарсы,
Тақымы шалбарынан жалтылдап тұр.
Денесін қалыбымен суық ұстап,
Ызың жел селкілдетіп, аңқылдап тұр.
Мойнына жабысқан қар ери қатып,
Иекте мұз сүңгілер салпылдап тұр...
Жылы ішік, түлкі тұмақ, саптамалы,
Дүйсек бай дөң басында салқындап тұр.
«Ары таман қойды қозғап, жайсаңшы!» - деп,
Таймасқа қожайынсып шаңқылдап тұр
«Алғаның ас болмағыр, ит-шошқа» деп,
Қарғадай қармен бірге қарқылдап тұр.

1920


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері