Өлең, жыр, ақындар

Мұң туралы

  • 29.03.2018
  • 0
  • 2
  • 9604
Мұңдымын деп шағынбаймын қашанда,
Қорқам бірақ тіпті мұңсыз жасауға.
Мүмкін бе екен шексіз сүйіп өмірді,
Сол өмірдің мұңдарынан босауға.
Сүйем жаздың - көбелегін, гүлдерін,
Сүйем жаздың - жылы, жібек түндерін
Сүйем жазда - періштедей сәбидің
Көбелекпен ойнап бірге жүргенін.
Күз келеді, көбелектер өледі,
Күз келеді, гүл солады, семеді,
Жоқтап гүлін, жоқтап көбелектерін
Күрсінеді ақынның да өлеңі.
Әнмен айтып, әнмен жырлап кетерлік
От мінездер, отты көздер жетерлік.
От мінездер, отты көздер үшін деп
Толтырып біз бокалдар да көтердік.
Кейде қасірет күзгі бұлттай төнеді,
Мұң басады, отты көздер сөнеді.
Сонда баяу домбыраға қосылып,
Күрсінеді ақынның да өлеңі.
Мұңдымын деп шағынбаймын қашанда
Қорқам бірақ тіпті мұңсыз жасауға.
Мүмкін бе екен шексіз сүйіп өмірді,
Сол өмірдің мұңдарынан босауға.
***
Удай болсын - ащы болса,
Судай болсын - тұщы болса,
Жылымшыны жаратпаймын, жарандар,
Жылымшыны жартылау деп санаңдар!
Маған жарты керек емес бақыт та,
Маған жарты керек емес уақыт та.
Мен жартылай ала алмаймын айды да,
Маған жарты керек емес қайғы да.
Маған тұтас жарық керек, күн керек,
Маған тұтас жұлдыз толы түн керек.
Маған тұтас теңіз керек, тау керек,
Маған тұтас алысатын жау керек.
Мен жартылап махаббатты да алмаймын,
Мен жарты дос шақырса да бармаймын.
Маған тұтас жүрек керек берілген.
Сұрайтыным осы ғана өмірден,
Тілейтінім осы ғана елімнен.



Пікірлер (2)

Gùlzhaina

Keremet òleńder!

Nazyerkye

Keremet

Пікір қалдырыңыз

Жаңа өрімдер

  • 0
  • 0

Тағдырыма ырзамын –
Ақын қылып өсірген.
Бейнетіме ырзамын –
Жастайымнан кешірген,

Толық

Әке жыры

  • 0
  • 0

Көз тоқтатып бірінші рет
Қарады да ұлым маған,
Әнтек қана күлімсіреп,
Созып қалды қолын маған.

Толық

Таяқ туралы

  • 0
  • 0

Елу міні таяп келді,
Мейірімді екен, аяп келді.
«Сүйкене ғой шаршасаң», - деп
Сынбайтын бір таяқ берді.

Толық

Қарап көріңіз