Сабақ – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Сабақ» атты Фариза Оңғарсынова жазған білім туралы өлең берілген.

  • 31.03.2018
  • 0
  • 0
  • 9616
Сыйлағанмен жаманды
сыйласың болып жарытпас.
Жас жуғанда жанарды,
қимасың да қамықпас.
Безінгенмен жақыннан,
бүйрек бұрар, суынбас.
Тегі жаман жатыннан
асыл ұрпақ туылмас.
Тырнағымен мұзды үгіп,
сусын еткен жарымас.
Үйреткенмен үздігіп,
мисызға ақыл дарымас.
Ақымақ жан – асқа құл,
санасызбен сабақтас.
Сөзге құлақ асқан ұл
түбі жерге қаратпас.
Май берсе де бал қатып,
олақ үйдің асы оңбас.
Күй тартқанмен сарнатып
тас кеудені аша алмас.
Ем іздесең көңілге,
талқан болма – талап қыл.
Мұның бәрі өмірде
бастан кешкен сабақ-дүр.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері