Ертістен хат
Саумын, әзір, сәулетай,
Сағындым да жаздым хат.
— Жүргенім — Ертіс өзені,
Мінгенім — «Алтай» бұрахат.
Мүсәпір болдым, кез болдым,
Сағындырған саяхат.
Көрмеген жер, бөтен ел,
Көргенің бір рақат.
Жазылып жаңа келеді,
Жанға түскен жарақат.
Ертіс өрлеп келеміз,
Көңілім жайбарақат.
Сонымен өмірім қызықты,
Көңілімде жалғыз махаббат...
Төбем — аспан торғыннан,
Маужыраған кең майдан,
Астым — ағын толқыған,
Салдыр-күлдір су ойран,
Суда балық, көкте құс,
Бұлбұл әні тоғайдан —
Осы бір кезім жақсы кез,
Жаным, тәнім тыңайған.
Жатыр жосып нұр төгіп,
Ежелгі Ертіс енеміз.
Ағын айырып, су сөгіп
Ертіс өрлеп келеміз.
Бар сұлу жер Өскемен,
Қатпар-қатпар қойнау тау,
Алтын, күміс, қола, мыс,
Асыл жиып қойған тау.
Алтын қазан кең Рисор,
Қазылы қазына сойған тау.
Дария дүлей, — Ертіс ер,
Біздікі бір — қой малту,
Ақырын аяң, қу қалқу
«Алтай» атан еріне.
Иір-иір шыған су,
Ертіс жатыр төгіле,
Күндіз бұлтсыз, күн айық.
Маңай нұрға көміле,
Кеш бұлтсыз, ай жарық,
Бетке салқын леп үре.
Жалғыз шаршау жоқ ойда,
Қарай-қарай жағаға,
Тау да, қыр да, тоғай да,
Кезігеді қала да.
Көңіл де, көз де сонырқау,
Жаңадан жүзіп жанаға.
Жан болса да жабырқау,
Жадырамай қала ма...
Семейден кеше шығып ек,
Алдымызда Өскемен,
Пароход — өрге, су — төмен
Ерсілі-қарсылы көшкенін,
Жаратылыс жасарып,
Қыс кебінін шешкенің,
Осы хаттан көрерсін,
Көңілімнің өскенін.
Малақайлы матрос,
Жұмысшы, жүкші — «өзіміз».
Қаладан, судан алыс қой,
Әлі де қырда көбіміз.
Орысының аузында,
Өзіміздің сөзіміз.
«Жиырма бесті» шырқайды,
Кәдімгі көк көзіңіз.
Поселке, шіркеу, балықшы —
Аралап мұны келеміз.
Тымақты сонау халықты
Өлкеден сирек көреміз.
Ертістегі ел қайда,
Осыны ойлай береміз...
Ертіс мынау көрікті өзен,
Кімдікі екен бұл мекен?
Азаттық алған анау ел,
Әлі де, бәлкім, құл ма екен?
Бытырап, биттеп, тімтініп,
Қырда, тауда жүр ме екен?
Әлде жұмыс бітіріп,
Қуанышты күн бе екен?
Шекпен киген тымақты ел,
Бұл өлкеде неге жоқ?
Әлде басып «тұрақты» ел,
Қағылған ба шеге боп.
Әлде қырда коллектив,
Жатыр ма екен түзетіп?
Әлде оларға дерт пе екен:
Ертіс ішсе — іші өтіп?
Апырым-ау, қайда сонау ел,
Қайткенде де ол — жұмбақ,
Осы жұмбақ мазалар, —
Әйтпегенде күн-күн-ақ...
Саумын, әзір, сәулежан,
Сағындым да жазам хат.
Сапардамын, мінеки,
Сағындырған саяхат.
Көрмеген жер, бөтен ел,
Көргенің бір рақат.
Жай жазылып келеді,
Жанға түскен жарақат.
Ертіс өрлеп келеміз,
Көңілім жайбарақат.
Жанымдағы қуанышым —
Жалғыз саған махаббат.
Ойдағым — сен, сәулем-ай,
Сағындым да жаздым хат.
Отызыншы биыл жыл,
Жиырмада бүгін май.
Ертіс, «алтай» бұрахат.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі