Өлең, жыр, ақындар

Бұлақ сыры

  • 22.07.2018
  • 0
  • 0
  • 2850
Қырдан төмен ойнақшып,
Ағып жатты бір бұлақ.
Ағып жатты бір бұлақ,
Күле, жырлап, сылдырап.
Сыңқылдайды, күледі,
Тағаты жоқ, сабырсыз.
Тағаты жоқ, сабырсыз,
Тіл қатады дамылсыз...
Жарысады өзді-өзі,
Жүгіреді зымырап.
Жүгіреді жамырап,
Ағын суға шығып ап...
Басылғандай желігі,
Кейде тына қалады,
Кейде тына қалады,
Үнсіз... ойға салады.
Жағасында тұрам мен
Қызығамын тіліне,
Қызығамын тіліне.
Үн қосамын үніне.
Лүпілдейді жүрегім,
Бұзам ба деп жырларын.
Бұзам ба деп жырларын,
Жасырар деп сырларын.
Жасырмады су сырын:
Ғажап!.. Маған тіл қатты,
Маған рас тіл қатты,
Маған сөзін тыңдатты:
«Тұрсың ба, адам, таңырқан
Барады деп бұл қайда?
Мен барамын қырманға,—
Мен ғашықпын бидайға...»
Зыр жүгірді, асықты,
Қалам ба деп кешігіп,
Бағып сырттан ғашықты.
Қарап тұрдым тесіліп
Тұр ғой күтіп ғашығы,
Алтын шашақ жамылып,
Бұлақ тартты асығып,
Сүйген жарын сағынып!
* * *
Ауыр, ұзақ жолдар өттім тамаша!
Кейде еске алып қуанамын балаша.
Ұлыңмын мен —
Анам Қазақстаным!
Зәулім қала, кішкене үйлер қараша.
Жұмыскермін,
Солдатыңмын,
Құлыңмын,
Бақта өсірсең көрік болар гүліңмін.
Жыр, думанда ақыныңмын — тіліңмін,
Жайшылықта өздеріңнің біріңмін.
* * *
— Сүйем,— дейсің, қалай ғана сенемін!
Не жазамын, не деп жауап беремін!
Күт сарғая, сағынышпен күт мені!
Жыл келеді, мен де айналып келемін.
Қысқа жауап. Әр сөздері салмақты,
Бәрі орынды, айтар жауап қалмапты.
Күдік пенен сүйіспендік жолдарын
Қос жұмбақтай маған сәулем арнапты.
Сәуле жаным!
Күдігіңді таста?!
Мен сенікі.
Жетелеші, басташы?!
Жылдар келсін, келсін менің тәңірім!
Үрлей түссін жүрегімнің жалынын...
* * *
Күлсаражан, Күлсара!
Жүрек жара, жан жара...
Өтті бір сәт тар ғана.
Тілден шықты зар ғана.
Енді сырға қанып кет!
Жүрегімді алып кет!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сығалады ай, көк жиегі сөгіліп

  • 0
  • 0

Мөлдір аспан көк торғындай төгілді,
Бір тамаша күйге бөлеп өмірді,
Қуандым да жас баладай шаттандым,
Күлді жүрек, жан сырымды ақтардым.

Толық

Жаз еді

  • 0
  • 0

Жаз еді хош иісі аңқып жатқан,
Жер сұлу қымбатты әсем алқа таққан.
Майысып қызғалдағы, талы үлпілдеп —
Өзен де күміс суын сылдыратқан.

Толық

Жаңа жыр

  • 0
  • 0

Жасымнан - ақ жүрегімнен,
Орын алған сұлу ән.
Жасымнан - ақ оркестрдің,
Тәтті күйін тыңдағам.

Толық