Бұлақ сыры

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 22.07.2018
  • 0
  • 0
  • 2865
Қырдан төмен ойнақшып,
Ағып жатты бір бұлақ.
Ағып жатты бір бұлақ,
Күле, жырлап, сылдырап.
Сыңқылдайды, күледі,
Тағаты жоқ, сабырсыз.
Тағаты жоқ, сабырсыз,
Тіл қатады дамылсыз...
Жарысады өзді-өзі,
Жүгіреді зымырап.
Жүгіреді жамырап,
Ағын суға шығып ап...
Басылғандай желігі,
Кейде тына қалады,
Кейде тына қалады,
Үнсіз... ойға салады.
Жағасында тұрам мен
Қызығамын тіліне,
Қызығамын тіліне.
Үн қосамын үніне.
Лүпілдейді жүрегім,
Бұзам ба деп жырларын.
Бұзам ба деп жырларын,
Жасырар деп сырларын.
Жасырмады су сырын:
Ғажап!.. Маған тіл қатты,
Маған рас тіл қатты,
Маған сөзін тыңдатты:
«Тұрсың ба, адам, таңырқан
Барады деп бұл қайда?
Мен барамын қырманға,—
Мен ғашықпын бидайға...»
Зыр жүгірді, асықты,
Қалам ба деп кешігіп,
Бағып сырттан ғашықты.
Қарап тұрдым тесіліп
Тұр ғой күтіп ғашығы,
Алтын шашақ жамылып,
Бұлақ тартты асығып,
Сүйген жарын сағынып!
* * *
Ауыр, ұзақ жолдар өттім тамаша!
Кейде еске алып қуанамын балаша.
Ұлыңмын мен —
Анам Қазақстаным!
Зәулім қала, кішкене үйлер қараша.
Жұмыскермін,
Солдатыңмын,
Құлыңмын,
Бақта өсірсең көрік болар гүліңмін.
Жыр, думанда ақыныңмын — тіліңмін,
Жайшылықта өздеріңнің біріңмін.
* * *
— Сүйем,— дейсің, қалай ғана сенемін!
Не жазамын, не деп жауап беремін!
Күт сарғая, сағынышпен күт мені!
Жыл келеді, мен де айналып келемін.
Қысқа жауап. Әр сөздері салмақты,
Бәрі орынды, айтар жауап қалмапты.
Күдік пенен сүйіспендік жолдарын
Қос жұмбақтай маған сәулем арнапты.
Сәуле жаным!
Күдігіңді таста?!
Мен сенікі.
Жетелеші, басташы?!
Жылдар келсін, келсін менің тәңірім!
Үрлей түссін жүрегімнің жалынын...
* * *
Күлсаражан, Күлсара!
Жүрек жара, жан жара...
Өтті бір сәт тар ғана.
Тілден шықты зар ғана.
Енді сырға қанып кет!
Жүрегімді алып кет!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Бұлақ сыры өлеңінің авторы кім?

Жұмағали Саин — осы өлеңнің авторы.

Бұлақ сыры өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Бұлақ сыры өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Жұмағали Саин өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Бұлақ сыры өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері