Адам екі түрлі
Бісмілла - сөздің басы, Хақтың аты,
Молданың ақ қағазда қалар хаты.
Нақылият- қара сөзден - өлең қылып,
Шығарған Мәшһүр-Жүсіп хикаяты.
Сөз қылдым жақсылардың айтқан кебін,
Сұм дүние әуре қылған жұрттың көбін.
Етіме бәйге кердей түскен күнде
Өлеңмен келтіруші ем сөздің ебін.
Мысалы адамзаттың ағаштай-ды,
Қу ағаш мәуесі (миуасы) жоқ, жараспайды.
Терек қанша аспанмен таласқанмен,
Бұлттан биік болып, бойы аспайды.
Қалдырған су түбінде дүрдің тасын,
Түспейді көзге әр нәрсе, болса асыл.
(Бір тамшы көрмейсің садап асын).
Мәуесі (миуасы) басқа ағаштан көп болғаннан,
Көтермес үзім(иүзім) ағашы жерден басын.
Жақсылық, қайыр, ықсан қылған ісі,
Адамның қымбат баһа, сол жұмысы.
Табылмас көзге тотия - ем дәрідей,
Қолынан әр жақсылық келген кісі.
Қайырсыз болсаң(бықыл) бәхил, болдың терек,
Басқаға бір отыннан қылмас керек.
Жақсыдан - жақсының да паркы бөлек,
Даналар біледі ойлап, ақыл зерек(зирек).
Зарарлы болсаң жұртқа, болдың тікен,
Қыларсың жазды жапан шөлді мекен.
"Жерінде - әр не өзінің"- деген рас,
Еккенмен сусыз жерде, шықпас жекен.
Жарасар киім, жаға-жеңімен,
Жар құлар судың соққан сеңіменен.
Жезге - мыс, күміске алтын үйлеседі,
Іс болған әр не өзінің теңіменен.
Ақ марал жайылмайды қабанменен,
Бірге ұшпас бұлбұл - қарға тағанменен.
Түлкі мен шер, мысық пен тышқан бір боп,
Барады әуре сарсаң заманменен.
Хасыл дүние, ақырет, әуел иман,
Руза(ораза), намаз оқыр нәпсі тыйған.
Астан ғұшыр, малынан зекет беріп,
Табады Құдайды іздеп жанын қиған.
Ораза, намаз-пенденің міндетті ісі,
Құтылар қарызынан қылған кісі.
Жалғанда артық сауап қайыр екен,
Қылуға қайыр, ықсан жетсе күші!
Құдайым пендесіне берген малды,
Жаратқан әр түрлі ғып жүрген жанды.
Ғибадат, қанша қылған құлшылықтан
Қайыр қып берген артық жалғыз нанды.
Жақсылық әр орында түсер көзге,
Адамға еш пайда жоқ онан өзге.
Бір қайыр Құдай үшін қылған арнап,
Жеткенше өседі екен жеті жүзге.
Бір теңге берсе біреу Құдай үшін,
Сөзін - тәтті, шырайлы қылып түсін.
Құдайым періштеге айтады - міс:
- Пендемнің, - көріңдер, - деп, - қылған ісін!
- Беріп тұр мені ойға алып, малын қиып,
Шайтанның тілін алмай, нәпсі тыйып.
Берумен бір теңгені сатып алды,
Иманның жеті шартын түгел жиып.
Беріп тұр нанғаны үшін бірлігіме,
Таянып менің патша кеңдігіме,
Шайтанның: "Берме!" - деген тілін алмай,
Қараңдар қылған қайрат, ерлігіне.
Екінші, періштелер саған нанып,
"Болар, - деп, - сендер куә"- ойына алып.
Салынсын қиямет күн таразыға,
Қойындар ұмытпастан хатқа салып.
Үшінші, кітап айтқан сөзге(тілге) нанды,
Сөзіне ғалымдардың(ғалымлардың) құлақ салды.
Үміт қып: "Хақтан болар жақсылық!" - деп,
Пендем тұр көзі қиып беріп малды.
Төртінші, пайғамбарлар бәрін білді,
Солардың, өтіп кеткен, соңына ерді.
Көрмегенге көргеннен артық нанған,
Молдалар айтысымен, алған тілді.
Шын нанған қияметтің барлығына,
Құдайдың анық көнген жарлығына.
Беріп тұр бір жанының қамын ойлап,
"Сол күннің салмағай, - деп, - тарлығына!"
Алтыншы, дүние, малға назар салмай:
"Болар, - деп, - ойламаған, - арты қандай?"
Болса да, жақсы-жаман, менен күтіп,
Бар болып, жоқ болуын ойына алмай.
Жетінші, кітап сөзін танып, біліп,
Өлген соң тірілуді анық біліп.
Ұжмақтың нығматынан үміт етіп,
Тозақтың ғазабынан кәуіп қылып.
Мал мен жан айтылады болып егіз,
Болуы малсыз адам бекер деңіз.
Болсын деп Құдай риза малын қиған,
Мұнымен иман шарты болсын сегіз.
Мал берсе, арық болмай, семіз болсын,
Аз беріп, көп жалынып, егіз болсын.
Шайтан менен нәпсінің тілін алмай,
Беріп тұр бостан босқа - тоғыз болсын.
Бұл хатты жүргізіңдер қолдан-қолға,
Намасын даярлаңдар мұның оңға!
Міндетсіз, мақтанышсыз бергендіктен,
Уақытында қолдан шыққан жетсін - онға!
Шат (шад) болып қуанады қайыр алған,
Кей қайыр көп орынды жерге барған.
Ауламақ мумин (момын) көңілін артық сауап,
Дүниеде жақсылық жоқ мұнан қалған.
Бұл қайыр бір шыққан соң қолдан кетіп,
Құдайдың хазинесіне барар жетіп.
Бір қылған Құдай үшін жақсылықтың,
Сауабын бітіре алмас ешкім бітіп.
Жарайды, міне, пендем, пәлі ерім!
Жарылқар сені ілгері ондар жерім.
Өзімнің артық пендем екеніне,
Мінеки, мен Құдайлық бастым мөрім!
Бұл пендем жақсылықтан ойлаған ой,
Соң көрер көп ішінде айт пенен той.
Басқан соң мен мөрімді, не қалады?!
Сендер де, періштелер, қолыңды қой!
Құдайдың шын жарылғар сүйген құлы,
Барғанда таңла мақшар болған жолы.
"Уаллау иүзүғүф үлмез итағү"-
Аяттың тәпсірінен көрдім мұны.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі