"Айқап" туралы – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Бұл бетте «"Айқап" туралы» атты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 31.07.2018
  • 0
  • 0
  • 4720
Жұрт алды деп, алады бәрі де "Айқап",
Ешқайсысы білмейді оқып, байқап.
Алған бала сандыққа тастай беріп,
Әке жүр: "Құр шығын" - деп, басын шайқап.
Енді не деп, ұялмай, ақша салар,
Жыртылумен әр жерде тозып қалар.
Майлық, сулық, шаршы орамал боп,
Үйінде болыстардың текке қалар!
Мен әуелден жаздырдым өз атыма,
Ежелден үйір болған сөз атыма.
Поштабайшы, болысқа жалынбайын деп,
"Құдай қуат берсін! - деп, - боз атыма!"
Почтаның тұрмасам да құлағында,
Ертеден сөзге үйірлік құлағымда.
Баяннан тұрған жерім - алпыс шақырым,
Қожа қорығы - Айдостың бұлағында.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері