Баяннама
1
Бұ сөзім алты алашқа таныс болсын,
Азамат ермін десе, намыс болсын!
Құдайым насріт берсе, дұшпан оңай,
Көптігі тұнадағы (қопадағы) қамыс болсын!
Аруақты шақыртатын жерлер келсе,
Тілектес жүйріктерде шабыс болсын!
Іздеген табылатын болып тұрса,
Барып қал, жері қанша алыс болсын!
Түзетер бұ күнгіні тура (төре) шықты,
Бұрынғы қисық пенен шалыс болсын.
Шын жүйрік қызған сайын көтерілер,
Таласып әр уалаят жарыс болсын!
Сол пенде пайғамбардың, рас,үмбеті
Шын ниет дін жолында халыс (қалыс) болсын.
2
Ынтымақ, мүшәуәрә әрбір жерде,
Талабы әр халықтың биік өрде.
Жау ғой деп қараңғыда омақаны,
Жан сақтап, жалтаңдаймыз қазған көрде.
Өнерің әр тарапқа тегіс болса,
Барсаң да қай орынға басың төрде.
Болған соң жалқаулықта біздің қазақ,
Пәс тартқан жұмысы бар темен жерде.
Хакімде хүкіметші ғаділдік жоқ,
Параны көп жейтұғын сол өнер де.
Сабатып ат-айғырды қан сорпа қып,
Чиновник қырып-жойып жүрген елде.
"Бағлан, майға піскен: қой, қозыны
Сұраусыз, ықтиярсыз соя бер!"- де.
Тауықтың қоразындай қоқиланып,
Боқтайды стражник тұрып төрде.
Протокол жасаймын деп тілмаш айтар,
Отырып пәрмен етер бір үстелде.
Осындай кісімсініп өңкей малай
Әуре қып бұ қазақты көр мен жерде.
3
Қылады әркім мазақ ғылым жоқтан,
Надандар адасуда білім жоқтан.
Шаруаның берекеті жұрттан қашты,
Мекен-жай, қоныс қылар орны жоқтан.
Заң-закон шариғаттан адастырып,
Би шықты қозы қарын формы жоқтан.
Кіргізіп дін жолына партиясын
Жем болып, ақыл сұрап әр ұлықтан.
Жоғалса болыс сайлау, халық тыйыш,
Жылқы осал, қысқа қарсы жалы жоқтан.
Партия турасымен ұрласады,
Қылмайды нашарлық пен малы жоқтан .
Баулитын атын беріп байдың өзі,
Таңдатып ұрыларға қалың топтан.
Қолтықтап бір іс келсе және сүйеп,
Ант беріп, ағартады, жаны жоқтан.
4
Жақындық,- партия үшін,- құда шықты
Туысқан бір-бірінен, жұда шықты.
Бір-бірін сүйеймін деп, араз болып.
Шыбын жан болысқанға пида шықты.
Әркімді, әлі жеткен, шайнаймын деп,
Шабынып аузы көбік бура шықты.
Тарылтып аймағыңды крестьян
Іргеңнен ата қоныс мұра шықты.
Мизам мен думада жатқан жұмысы жоқ,
Ұлықтан өкім, зорлық тура шықты.
Әркімнің өз тамағы табылған соң,
Төресі қисық жаққа бұра шықты.
Көңілі бірін-бірі жеуде болып,
Халыққа осындай бір жора шықты.
5
Жақсыны өзі болған, көре алмаған,
Біреуді күндемесе жүре алмаған.
Білгеннің біліміне айып қойып,
Ол өзі жақсы жөнді біле алмаған.
Жұмысын теріс жаққа айналдырып,
Оңына бастап айтса, тіл алмаған.
Айтуға аузы жетіп тұрған күнде
Ерлікпен оған қайрат қыла алмаған.
Кімде-кім (кемде-кем) қорыққанын алдауменен
Түлкіше қылып хайла бұлаңдаған.
Халықты жексұрын ғып болыснайлар (волостнойла
Оязға жағымсынып бипаңдаған.
Қызылға, даушылардан, билер тойып,
Қарынын көтере алмай тойпаңдаған.
Тамағын толтырудың қамын ойлап,
Ақ-қара анық көзбен, байқалмаған.
Байлардан, жуан мойын, зорлық тиіп,
Шыбжыңдап нашар байғұс сипаңдаған.
6
Ұнайды дін - исламға мықты қазы,
Бұл өзі әуелде бар заман мазы.
Пайғамбар шариғатпен ғамал жүрсе,
Тәңірге сонда жетер айтқан разы.
Қол күшпен ел билеген хакімдерге
Мұңдының өтер емес сөйлеп назы.
Алаш боп басты қоссақ, қор болмаспыз,
Біз болып тұрсақ - дағы көптің азы!
Ынтымақ, партиясыз, болып жүрсең,
Басыңа сағымданар күннің жазы.
Еркіңе желікпеске қоймай тұр ғой,
Қымызы қара саба, сары қазы.
Күжілдеп, шекең қызып, лағу сөйлеп,
Байлардың майға піскен көп буазы.
Сыбырлап екеу-екеу үй сыртында,
Айтақтап әркім қосқан бір қу тазы.
7
Түлкінің, басынды тарт, хайласынан,
Жырақ бол соның айтқан пайдасынан.
Ақ болсын Хаққа көңілің, бұл секілді.
Шынының жалтыраған айнасынан.
Ынтымақ, алаш болып, қосылмаса,
Көп сөздің зиян табар шаймасынан.
Поселке крестьян салып жатыр,
Өлкелі, өзен, жердің жайлысынан.
Көл - төбе, қыраң жерге ақтарылды,
Бұрынғы ата-баба қоймасынан.
Алумен артық тәртіп кедейлер жүр,
Қуанып орын алса бай қасынан.
Бұл қазақ тік сөйлесе жалдамаға,
Жеке доп тиіп қалар май басынан.
Біз - түйе: тартынар деп мұрнын тескен,
Жетелеп алып кетер бұйдасынан.
Халыққа: "Шығыны!"- деп, ояз шықса,
Санайды қанша тиын үй басынан?!
8
Шариғат, хакім жүрсе, турасы бар,
Халықтың, я болмаса, жорасы бар.
Паласы, кейін туған, қайта қонса,
Атаның, отын қылған, мұрасы бар.
Екі қыс арқасынан бірден қысып,
Шабынсыз, дөңге салған, қорасы бар.
Түйеге ноқта қалай бұйрық болса,
Қазақтың кісі алатын бурасы бар.
Байлайтын, бұрап соққан, шынжыры жоқ,
Жабағы, қыл-қыбыр мен шудасы бар.
Мүйізден өгіз, сиыр бой бермейді,
Сәйгелді, ойнайтұғын, құрдасы бар.
Қазақта отарба мен пароход жоқ,
Мінуге үш түліктің пайдасы бар.
Көшпелі, үй тігетін, болғаннан соң,
Осындай әр малына хайласы бар.
9
Жазы жоқ, біздің халық, күнсіз болды,
Басқа жұрт, күні тұрып, түнсіз болды.
Ие боп қалың қойға тоқты қошқар,
Начальник әр не қылса, мінсіз болды.
Аз айтып, ақша берсе, соған ауып (аулып),
Көп сөзі ақшасыздың пұлсыз болды.
Тескенге түйе мұрнын - жиырма бес сом,
Қалаға бара қалсаң, бұ сөз болды.
Жазықсыз, қалашыны, мұжық атып,
Өлуі мұсылманның құнсыз болды.
Патшаға жетер ме еді бізден арыз?!
Дыбыс жоқ, қорқуменен, үнсіз болды.
Хұзыры сұлтан шаһим теңгермей ме
Кінәлі болса да орыс кірсіз болды.
Таяққа біздің қазақ көніп тұр ғой,
Атқаны мылтықпенен жөнсіз болды.
Қылмаса бұған қайран депутаттар,
Айтқаным айдалаға жел сөз болды.
10
Қужа (тоспа) деп, тағы айтады, көптің бойын,
Халықтың қойдырам деп айт пен тойын.
Халқында Россия - мейрамы бар,
Біз, айтқан пәрменіне, қойдық мойын.
Сауықтан, қазақ болып, біз тыйылсақ,
Басқа жұрт қарап жүр ме қылмай ойын?
Көкпары - құнан, дөнен; атын шауып,
Жиылысар қонақ болып, сойып қойын.
Қымызын, басын қосып, ортаға алған,
Жағалай қонып алып судың бойын.
Сонымен өз ермегі өзінде боп,
Салады шаруасына ақыл - ойын.
Партия, болыстыққа таласқаннан,
Ас берген, ұмытып тұр, қалың тойын.
Ұры да қуаттанды партиямен,
Көрсетіп әлсіздерге жуан мойын.
11
Түн болса, рақат кетер жарлы, байдан,
Арықтап, семіз құр ат, қалың майдан.
Тамағы хакімдердің тойғаннан соң,
Тыйылсын бұ мінезге ұры қайдан?!
Көреді абақтыны өз үйіндей:
"Орнымыз ағаш үй,- деп,- жақсы жайдан".
Шақырып дуанына барса-дағы,
Жұмысы біте қалар тез оңайдан.
Бес күнде елге қайтып жетіп келер:
"Бір қағаз мен алдым,- деп,- оязнайдан".
Дәуірлеп онан сайын көтерілер,
Екінші - қорқыныш жоқ бір құдайдан.
Жұмысы шариғаттың - некеқияр,
О - дағы артылмайды ауылнайдан.
Хақысы қожа, молда со боп қалды,
Қанағат - қанып ішсе, қара шайдан.
Аяқты бір аттаса, тиын сұрап,
Шығып тұр елге жыбыр осындайдан.
Пайда жоқ өтірік пен жалған - дағы,
Жалғанға құлақ құрышы қанған — дағы.
Еркіндік бұ халыққа деген публик
Ойлауы әр адамның арман - дағы!
Түбіне сол арманның жетемін деп,
Пәруана (паруана) ерлер шамға жанған - дағы.
Ойлайма: "Дін жолына болыстым?!"-деп,
Бас тартып бұл ақылдан қалған - дағы.
Манифест император берілген соң,
Қуаттап әркім дінін алған - дағы.
Патшаның қол астында: поляк, еврей,
Сарт, ноғай, орыс, қазақ, армян - дағы!
Газетпен көңілдегі мұңын айтып,
Жұмысын бұлар ойға салған - дағы.
Көп дұға шаһымыздың құзырына
Жан рақат халқына айтқан пәрмен - дағы!
Құлағы біздей болған алыс жұрттың,
Дәміне тәуір сөздің қанған - дағы.
Бәйгеге әркім баптап ат қосып тұр,
Құдайдан соны тілеп тұрған - дағы.
Жұмысы депутаттың - ел пайдасы,
Думаға государин барғандағы!
13
Шын жақсы ішкі өнерін жасырмаса,
Халықтан бойын биік асырмаса.
Бәріне мұсылманның бауыр болып,
Аулаққа бойын тартып қашырмаса!
Бай адам малым коп деп теңгермейді,
Нашарлар құдайына асылмаса
Қазақтың берекесі ортасында,
Орысқа партия боп шашылмаса!
Mезгілі ашылатын келе жатыр,
Бақ, талай мұнан бұрын ашылмаса!
Әр қайда жақсы болса тану керек:
Жылқы мал үйір болмас қасынбаса.
Бұлақ деп судың көзін ешкім ашпас,
Дария боп, өз екпіні, тасынбаса!
Ерлерге жайша жүріп қайрат кірмес,
Ғалідей орда жатып ашынбаса!
14
Әскері халық, жұрттың - қалам, сия,
Кеңестің шыңда тұрған, бәрі - қия.
Жығады ыңғайына көптің райын
Ақылға болған адам ніл - дария!
Жүрегін тәңірім қылып рәушән, зия,
Мархабат ер көңіліне салған ұя!
Дін ислам қанша болсын баласына,
Жәрдемі о да тиген Франция!
Ішінде жанған оттың басың жатыр,
Әр айтқан жарлығына десең: "Иа!"
Ғаділдік, ақ жөнімен туралықта
Партия демократ кампания.
Шаһымыз қол астында артық-кем жоқ,
Бір баға: мұсылман мен Россия.
Милләтке шам жағамын деген ерге
Пайғамбар болсын медет ахмедия!
Бағамдап (фаһамлап)байқасаңыз, бір хи бар
Әлиф, ләм, аяғы - нон, ортасы- иа (я)!
Сараптан санасаңыз кім болады –
Осындай бір асыл бар шаһбазия!
Тағы да арғы атасын мен айтайын:
"Би" мен "дәу", "кәф" пен "иа"(я) фамилия.
Алаштың көңілдегі мұңын айтып,
Аяғы бұ сөзімнің - тамамия.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі