Күліктің атқамінерлеріне
Бұл Күлік ежелден ел - ақ едің,
Айтуға ауыз толарлық бел - ақ едің!
Атаның атыменен аруақты боп,
Емгендей екі енені тел-ақ едің!
Тілеуімбет, Наурыз боп, Ақыл, Сексен,
Ұстасқанды қылушы ең жермен-жексен!
Бұрынғы өтіп кеткен аруақты ерлер
Бүгін енді шығар ма, қолдан ексең?!
Жалпағынан басып ең жалғаныңды,
Қылып өттің ойыңа алғаныңды.
Жақсы өліп, жаман біткен қала берді,
Біле алмай тұрмын тірі қалғаныңды!
Құдайқұл, Қарасордың Соры қалды,
Ақ ниет, алал кетіп, ұры қалды.
[П]артия, қулық-сұмдық сабасының
Әр жерде мол ашыған қоры қалды.
Ел болып, ойында жоқ, бір қыр асу,
Бас қосылса, гулесіп, бұрқырасу.
Ісінен бұл күнгеше үзілген жоқ
Баяғы сөз ұрласып, сыбырласу.
Әкімбек шын ер еді дуа тиген,
Көз жасын жалғыздықта Құдай иген.
Дуаның ерге тиген арқасымен,
Қабылбек бесті-алтылы күшік сүйген.
Кісі жоқ түк бітірген онан басқа,
Келгенмен жасап өмір, мұнша жасқа.
Солар басып жастарға тоқтау айтса,
Немене елтек-селтек тоқтамасқа?!
Онан соң бір ақсақал- Қарақылыш,
Ал жақсы үйде отырып дамыл, тыныс.
Жан жоқтан: тура тартар, түзу айтар-
Қашып тұр әр орыннан бақ пен ырыс.
Белгілі және бар ғой талмас Қара,
Сөз сөйлеп көрген емес алмай пара.
Кәрілер үйде неге тыныш жатпайды,
Болған соң атқамінер, сөйлер бала?!
Жасында ат атанған: "Ұры,жынды",
Елімде ақсақал бар солар сынды.
Күнелткен өтірікпен жанын жалдап,
Түзулік табады енді қайдан шынды?!
Қу ауыз, ұзын мойын, сүйір тілді,
Жұрт оны әжептәуір білгіш білді.
Жасынан аруақ сатып, әдет алған,
Ол қалайша: "Түзелсін!- дер сол елді!"
Жақсы өліп, дәл бүгінде жаман қапты,
Тәңір ісі, таң қалғандай, қалай бапты?!
Көп бейіттің түбінде, ел ішінде
Жұрт үмітті байталға айғыр шапты.
Қанша құнды болмақшы талыс баспақ?!
Етікшіден басқа онан алыс қашпақ.
"Ұйытқы, қаймақ болар!"- деп, ойламаймын,
Болса болар аштықта өңез қаспақ!
Шын басшысы оңған ел кер кете ме,
Құлан кәде ас болмас, [кер бетеге] ?!
Қырық қойдың сақасы бар болғанмен,
Ат үстінен [ұрғанмен дәл] жете ме?!
[Суан]мен Қуанның кім дейін бір бетіне,
Шыға жайлап, шет қонған ел шетіне.
Ортасына халқының барған жылы
Ертең не деп қарамақ ел бетіне?!
"Адамы бар — деседі- әрбір таптың",
Деме мұны: "Ойланып, қайдан таптың?!
Жұрт білмейтін айтайын қайсы бірін,
Тулақ, сабау, тарсылдақ шанаш қаптың?!"
Бір күнде кеткен асып мал шарадан,
Құт қашты етек сілкіп әр арадан.
Заманың ұйқы - тұйқы солай болмақ,
Дуагөйің болған соң таз-қарадан!
Намыстансаң, түзу бол, қыл елдікті,
Салыстырма, бұрынғы қой, белдікті.
Атқұйрығын шолақ қып жұлатұғын,
Тастаңдар қара бүрген шеңгелдікті.
Қандыкөз, жалмауызға қара жүрек,
Берілген соларға шын қабыл тілек.
Қолдан соғып түзетер ұста кетті,
Айттың не, айтпадың ненеме керек?!
Жоқтықтан адам дерлік түзу кісі,
Оңға титтей баспай тұр адал ісі.
Жыландай құр сыртымен жылтырайды,
Уменен кісі өлтірер толған іші!
Долданып сыймай кеттім мен шарама,
Демеңдер: "Сөйлемесе, іш жара ма?!"
Ілініп жұрт аузына бір бала жүр,
Тартайын жалғыз оны қай жарама?!
Келгенде: "Көремін,- деп- жұрт пен елін",
Ортаңа жаңа түскен болды келін.
"Жүрсін,- деп- жүзі жарқын, тілеулес боп",
Алдыңдар айтқан үгіт, қайсың тілін?!
Келді ғой жарқыраған таңдай атып,
"Бұзыл-жарыл!"-демейді, шетте жатып.
"Мынау біліп айтады, жаны ашып!"-деп,
Сүттей ұйып, қатқандай қалдың қатып.
Өнерімен әр жұрттан сый алып жүр,
Тезек теріп, қашан ол қи алып жүр?!
"Қандай жерден шыққан зат?!"- деушілерден
"Елім-Күлік!" - деуден сол ұялып жүр.
Естимін: "Жас бар-деп-бірге туған",
Іні қайда ағаның жолын қутан?!
Ақын Тоғжан Сақауды жеңе алды ма
Шырайымды дегенмен- өлең жуған!"
Таң қалғандай болмас па баста пішін,
Жалғаны жоқ сөзімнің, бәрі де шын.
Қолмен жасап біреуді бас етеді,
Iс не керек- қылған соң көттің ісін?!
Мен емес- әрі жаншы, әрі даушы,
Сүт бермеген: өгіз бен теке саушы!
Сөйлеп жатқан бұл сөзді көлденеңнен,
Кілт тоқтап, көп сынаған бір жолаушы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі