Опасыз әйел
Басқаға бір Құдайдан көңіл бөлме,
Нәпсінің, шамаң келсе, тіліне ерме!
Пәледен басым аман болсын десең,
Бой салып бір нәрсені жақсы көрме!
Махаббат күннен-күнге артады екен,
Оралып шырмауықтай тартады екен.
Басқаны бір Құдайдан сүйгендіктен,
Бір залал ақырында тартады екен.
Жастықта (жаслықта) бәрі кешті біздің бастан,
Ит екен үміт еткен ішпес астан.
"Қошқардың ені үзіліп түседі", — деп,
Күлкі боп дос, дұшпанға болдық дастан.
Бір істі бол ар-болмас көңілге алма,
Бой сұнып болмас іске ғапіл қалма.
Дүниеде не қызықты нәрсе көрсең,
Күн бұрын жоламай қаш, назар салма.
Білгенің өз басыңнан кетсе асып,
Бір іске кіріптар боп қалсаң сасып,
Бойыңмен суға батқан кете бермей,
Басынды құтқарғайсың алып қашып.
Бір іске жарамайды көңіл қойған,
Жалғанның қызығына бар ма тойған?!
Бүркіті Уанасілдің баласының
Алып жеп ақырында көзін жойған (ойған).
Батырлар жауға шабар атқа сеніп:
"Жоқ қой, — деп, — маған пәле, жүрсем мініп!"
Атының екпінімен ақырында
Қалыпты қолға түсіп, жаудан өліп.
Мергендер тауды кезіп, мылтық атқан,
Қаңғырып құба жонда аштан қатқан.
Ешкімнің таяғына ұшырамапты,
Жаяу боп, басын қорғап, үйде жатқан.
Соқтығып, пәле болар, тигеніңнен,
Не пайда cay боп өзің күйгеніңнен?!
Бір залал ақырында тартады екен,
Табарсың бұл жалғанда сүйгеніңнен.
Пәлеге бастайтұғын мына екі көз,
Білгіш болдық көп таяқ жеген соң біз.
Бұрынғы Хазіреті Ғайса заманында
Сіздерге мен айтайын бір үлгі сөз.
Жарандар, тыңда, сөзім — (салтанатлы)
Тыңдасаң бұл сөзімді, балдан тәтті.
Бұрынғы тақсыр Ғайса заманында
Бір жігіт болған екен Ысқақ атты.
Құрағындай өзеннің жағасының,
Бұтағындай еменнің ағашының,
Сонда Ысқақтың бір сүйер жары бопты,
Қызы екен әкесінің ағасының.
Дүниенің бұлтағы көп қамалының,
Жері жоқ құтылатын амалының.
Сондай ол қыз болыпты аса көркем,
Сұлулығы — бет біткеннің заманының.
Ысқақ аса сүйіпті көңіл қойып,
Күнде жүзін көрумен қарны тойып.
Ықтияры басынан кетіп қалып,
Таусылуға тақапты өзін жойып.
Татулығы — арадан өтпейді қыл,
Жолдас бопты бұлбұл мен бір қызыл гүл.
Бал мен қанттай екеуі басын қосып,
Бұл ортада өтіпті бірнеше жыл.
Жарастықты болысып айтқан сөзі,
Жұрт аузында сөз бопты мұның өзі.
Бұл жалғанды қызықпен өткізіпті,
Бір-бірінен басқаға түспей көзі.
Бұл қызығын бұлардың өлім болды,
Қылар хайла, амал жоқ бұған енді.
Ұшыратын ләззаттың дауылы соғып,
Көз алдында Ысқақтың қатыны өлді.
Тыя алмады көзінің Ысқақ жасын,
Ұйықтар - ұйқы, ұмытып ішер асын.
Өлім қолдан келмепті, өзге бопты,
Моласына қатынның қойып басын.
Жатқан қатын ол жерден тұрмасын да,
Ешкім мұндай мұбтыла болмасын да.
Бір орнатқан сым тастай болып қапты,
Байғұс Ысқақ отырып көр басында.
Көрінбейді көзіне жұрт пен елі,
Тартқан жақтай бүгіліп қыпша белі.
Құлағына ыз етіп бір кірмейді —
Шариғат — қанша жұрттың айтқан тілі.
Жер қарайып, жаз болып, көк шығыпты,
Қар астынан тіріліп шөп шығыпты.
Көз жасымен моланың басы тойып,
Өзге жерден шөп бұған көп шығыпты.
Жұрт аузында әңгіме сөз болыпты,
Бір қуарған шүберек бөз болыпты.
Бұл моланың басына Құдай айдап,
Тақсыр Ғайса пайғамбар кез болыпты.
Бір мүсәпір жылаулы көрді жанды,
Іш бауыры елжіреп тұра қалды.
Жылағанын көрген соң, аяп кетіп,
Жерден басын көтеріп, алдына алды.
— Көздің жасы мұнша неге бұлақ? — дейді,
— Өзен ағып, шөп шығыпты, құрақ! — дейді.
— Неден мұндай бұл халге түскен жансың,
Мұңыңды айтшы маған бір-ақ! — дейді.
Сонда Ысқақ жылап тұрып зарын айтты,
Жалғаннан өтіп кеткен жарын айтты.
Татулық, тәттіліктен түк қалдырмай,
Сырының көкейкесті бәрін айтты.
Аяды хазіреті Ғайса іші еріп,
Жылаулы бейшараның түсін көріп.
— Өлімнен мен өшіңді әперейін,
Қолыңа қатыныңды алып беріп!
— Айырылып мен жарымнан болдым мұндай,
Жатырмын көр күзетіп құба жонда-ай!
Өшкенім өніп, өлгенім тірілетін,
Дариға, күн бар ма, — деп, — маған сондай?!
Хазіреті Ғайса орнынан тұрды ұшып,
Өне бойы дірілдеп, қайрат қысып:
— Жатқан неме, моладан тұр! — дегенде,
Көр жарылып кетіпті, зәресі ұшып.
Ахыреттің жолы бар: бір сара сол!
Даңғыл, соқпақ алдында бар қара жол.
Қақ жарылған моладан тұра кепті,
Өң мен түсі жоқ, көрмеген бір қара құл.
Көрген жанның жүрегі жүр ғой сулап,
Жан біткеннің бәрі де жүр ғой улап.
Құлақ пенен аузынан ұшқын ұшып,
Түгін шығып мұрнынан будақ-будақ!
Он төртінен туған айдай болды жүзі,
Сорлы болған, ашылды, жаңа көзі.
Нұры аузынан аспанға шыға берді,
Жарылқанған құл болды мұның өзі.
Ғибрат болды тамаша көрген елге,
Көмген кісі, тірілді, қолдан көрге.
— Ла-илаһа илла алла! — деп, иман айтып,
— Хақ Пайғамбар-Ғайса! — деп, келді тілге.
Не күшті, ойлап тұрсам, Құдай күшті,
Құдайдан кім тоқтатар, болған істі?!
"Құдай - бір, Пайғамбар — Хақ!" — деді-дағы,
Қалпына сылқ етіп, кайта түсті.
Бет ағашын бейіттің қайта жапты,
Ысқақ сорлы не дерін білмей қапты.
— Енді Ысқақтың қатыны, қайдасың?! — деп,
Тақсыр Ғайса ақырып, айғай сапты.
Басымда емес, баққұсым табанымда,
Мен жылаулы болып тұрмын заманымда.
Мен де сондай далбаса болар едім,
Тақсыр Ғайса бар болса заманымда.
Бұл Ғайсаның қоймасын мола білді,
Сілкінеді қара жер дір-дір енді.
Бейшараның қатыны бір түшкіріп,
Бір елеусіз моладан тұра келді.
Бет-аузын қалған екен топырақ басып,
Топырағын арылтады сілкіп, шашып.
Ерлі-байлы екеуі қосылған соң,
Жүрегі жарылуға жақындасып.
Хазіреті Ғайса қатынды көрді көзбен,
Өлгенмен нұр таймайды көркем жүзден. —
Іздеп алған ауруға ем табылмас,
Не көрсең де, көрме, — деп, — енді бізден!
Өлген қатын тіріліп, қолға кірді,
Күдер үзген нәрсесін Тәңірім берді.
Бір-біріне екеуі жолыққан соң,
Тақсыр Ғайса жөніне жүре берді.
Неше күн қатын үшін көңіл бөлді,
Ойға алғаны түскен соң қолына енді.
Олай-бұлай аяғын бастырмады,
Қоршап алған жаудай боп, ұйқы келді.
Ысқақ айтты:
— Ояулық қатден асты,
Төге бердім жаңбырдай көзден жасты.
Рақат тауып, аз ғана дамылдайын,
Мен тізеңе, жатайын, қойып басты!
Қатын айтты:
— Тілегің болды қабыл,
Иінің мұздар, үстіңе киім жамыл!
Бүйтіп болған жұмыстың керегі не,
Аяймын ба тіземді, алсаң дамыл.
Жастық қылып қатынды жігіт жатты,
Басы тию мұң екен, сеспей қатты.
Жолыққаннан жұмысқа түспеген соң,
Үлкен ауыр қатынға тиді қатты.
Құмар болды арманға қатын жетпей,
Көңілі қайдан жайлансын, жұмыс етпей?
Кестіргендей, бір жауап алмаған соң,
Көкейінен қала ма дәмі кетпей?!
Ат тықыры естілді сатыр-сатыр,
Қолда тұйғын, басыңда алтын шатыр,
Ат-тұрманы күнменен шағылысып,
Бір патшаның баласы келе жатыр.
Кезге төтеп бергендей, денесі зор,
Сағымданып көрініп жүзінен нұр.
Қатын тұрып ойлайды көргеннен-ақ:
"Байға тимей мынандай, болдым ғой қор!
Леп бергенде, сіріңке жанбаған соң,
Ал дегенде, иекке алмаған соң,
Мұндай байдың барынан — жоғы жақсы,
Құмар тарқап, мейірің қанбаған соң!"
Хан баласы келеді бұған төніп,
Қатын отыр құйқылжып, өңіне еніп.
"Тіл қатуға бір-екі ауыз келе ме?" — деп,
Екі көзі ішіп-жеп барады өліп.
Хан баласы атының тартты басын,
Тамаша етіп қатынның көз бен қасын.
Қарағанын білген соң, ширатылып,
Төгіп-төгіп жіберді көзден жасын:
— Сенің отың ішімде жансын! — дейді,
Бір құшақтап мейірім қансын! — дейді.
— Алтын сарай, ақ орда — сенің орның.
Мұнда не ғып отырған жансың?! — дейді.
— Мені көрсең, бұл күнде, жанның қоры,
Қызық көрмей жалғаннан жүрген тірі.
Әлек қылып, әуре ғып, жібермей жүр
Мынау жатқан баукеспе, қарақшы ұры.
— Ақ жүзіңді көрген соң, көңілім толды,
Сөз айтып, меніменен алсаң қолды.
Алтын сарай ішіңде үлпілдетіп,
Кигізейін жібек пен холла (құлла) тонды!
Тұра келді орнынан қатын ұшып:
— Арманым жоқ, өлсем, — деп, — сені құшып!
"Өлі менен ұйқы тең" — деген сөз бар,
Бір бас қалды сылқ етіп, жерге түсіп.
Хан баласы қатынды алып кетті,
Алақанға аялап салып кетті.
Көр басына қалғанды сөз қылайық,
Оянатын батырдың уақыты жетті.
Көзін ашса, қасында қатыны жоқ,
Бір аһ ұрып, жүрекке қадалды оқ!
Не қыларын біле алмай алас ұрды,
Күйіп кете жаздады от, жалын, шоқ.
Не қыларын білмеді, есі кетті,
Үйден-үйді кыдырып, елді тінтті.
"Хан баласы бір сұлу қатын апты!" –
Деген сөзді есітіп, соған жетті.
Барғаннан соң айналып тұра қалды:
— Қатынымды берші! — деп, айғай салды.
Хан баласы жіберді:
—Біліп кел! — деп,
— Бұл кім өзі, мезгілсіз тынышымды алды?!
Барған кісі жолығып, қайтып келді,
Естігенін, білгенін айтып келді.
Қатын айтты:
—Әнеугі ұры шығар,
Қалмай жүрген соңымнан менің енді!
Хан баласы жүгіріп, қарсы шықты:
— Не былшылдап тұрсың?! — деп, ұрып жықты.
"Көпке топырақ шаша ма?" жалғыз кісі,
Қайратты болғанменен, қанша мықты?!
Қызметкер жүгірді анталасып:
— Қарашы, — деп, — тұрғанын тайталасып!
Тұс-тұсынан жабылып, сабаса да,
Сонда-дағы қоймады жанталасып.
— Қатынымды берші — дейді, — ханның ұлы?!
Құшақтатып қоймаймын саған оны!
— Мә, қатын! — деп, аузына қалар қойып,
— Не былшылдап тұрсың?! — деп, күң мен құлы.
Аузы қанап, тістері сынып жатыр,
Жығылса да ішінен тынып жатыр.
"Обал болды-ау байғұсқа!" — дейтін жан жоқ,
Бір кісіге білгенін қылып жатыр.
Даурығымен бұлардың жұрт жиылды,
Көзі аққырдың көзінен жас тыйылды.
Өлгеніне мұнша аза тұтамын деп,
Өлімнен де бір күшті көр қиынды!
Өз басына адамның өз тілі жау,
"Жасқаншақтың — деген бар, — екі көзі сау".
Баласымен бір ханның талас болып,
Бір қатынға мұнша үлкен зорайды дау.
Желкілдеп жүгіре басып, қатын келді:
— Бұ кім? — деп, — шулықтырған осынша ел,
— Әлі күнге өлтірмей тұрсыңдар ма,
Былшылдатып сөйлетіп бұл итті енді!
Қатыннан тұрған жандар кеп сұрады,
Жиылған көп халайық көп сұрады:
— Бұл сенің бұрын көрген танысың ба,
Құдайлық, шыныңды айтшы! — деп сұрады.
Қатын айтты:
— Дәмі жоқ жаласының,
Келеріне, ұмтылмай, шамасының.
Бала жастан қолында ойнап өскен —
Мен гүлімін патшаның баласының.
Езу тартып өмірімде күлген емен,
Бай деген қандай болар, білген емен!
Мұндай түрсіз, жұғымсыз жексұрынды
Өңім түгіл, түсімде көрген емен!
Ысқақ айтты:
— Сен менің қатынымсың,
Қыздай айттырып алған қосағыңмын.
Әкемнің ағасының қызы емес пе ең,
Өлігіңді күзеттім бірнеше күн.
Қатын айтты:
— Мен сені танымаймын,
Шошқа жолдас болған ба көктегі аймен?!
Орны жоқ өтірікке кім нанады,
Кім отырар бір сағат сендей баймен?!
Баласы айтты патшаның:
— Сөзіңді қой,
Қоймасаң, мұнан да артық көресің той!
Біздердің арамызға жел салам деп,
Бір тапқан амал ойлап, қулығың ғой!
Жаққа-жаққа ұрады:
— Патшағар! — деп, Құлдарына бұйырды:
— Тарт, шығар! — деп
— Дау-жанжалын бұлардың басып кел! — деп,
Бір қазыға бұйырды патша:
— Бар! — деп.
Бұйрығымен патшаның қызы келді,
Жүгініске түседі бұлар енді.
"Өліп қайта тірілді!" — деген сөзден
Естіген көп халайық жалған керді.
Ысқақ айтты:
— Бұл қатын — менікі анық,
Бұл сөзімді, Оллаһи, деме танық.
Өліп қалған жерінен душар болып,
Хазірет Ғайса тірілтіп берген алып.
Қазы айтты:
— Айтқан сенің сөзің жалған,
Дау екен бір өтірік жала салған.
Ол заман мен бұл заман — бар ма, сірә,
Өлген жанды тірілтіп, қайтып алған?!
Қатын сонда қуанды:
— Құлдық, бас! — деп,
Орынсызға соқтыққан не еткен мас?! — деп.
— Мұнан былай өтірік дау болмасын, —
Бұйрық қылды:
— Бұл итті дарға (дараға) ас! — деп.
Жендеттер іліп алып жөнеледі,
Түзетіп дар ағашын бөгеледі.
Мойнына арқан тастай берген шақта,
Хазіреті Ғайса пайғамбар кез келеді.
— Тақсыр, маған жете гөр, өлдім! — дейді,
— Өзім іздеп өлімді келдім! — дейді.
— Өзіңіз тірілтіп берген қатынымнан
Қызық дәурен, көп істі көрдім! — дейді.
— Бір патшаның баласы тартып алып,
Айдалада шоңқиып, "дат!" — деп қалып.
"Сені қашан көрдім" — деп, бет бақтырмай,
Бұрынғы жолдастықтан кетті танып.
Құтылмастай пәлеге басым қалған,
Сізден бір қолқам еді тілеп алған.
Сіз тірілткен емес пе анау қатын?
Жұрттың бәрі менікін қылды жалған!
— Бұл сөзің рас, — дейді — байғұс бала-ай,
Қиналған қатын үшін есіл жан-ай!
Мен тірілтіп, әнеугүні кетпеп пе едім,
Ей, қатын, бұл сөз шын ба, мұның қалай?
Қатын айтты:
— Мұнікі өтірік, жалған,
Өтірікті өңдеп айтса, әркім нанған.
Мен қызымын патшаның асыранды,
Жұмыртқамнан уыздай шайқап алған.
Шыныңмен сіз де соған нанасыз ба?
Сөзге нанып орынсыз, баласыз ба?!
Бір қатынды рас шығар тірілткенің,
Ұрғашыға назар, көз саласыз ба?
Байқаған жоқ шығарсыз анық қарап,
Ұрлап алып кеткен шығар бәдау араб?!
Өтірікші жәдігөй бұған еріп,
Көп ішінде қылмаңыз мені харап!
Мен қайдан тірілемін, өлгенім жоқ,
Өлімді ойлап, көңілімді бөлгенім жоқ.
Жаза басып жүрмеңіз, жазым соғып,
Жүзіңізді еш бұрып көргенім жоқ.
Баласы айтты патшаның:
— Бұл менікі,
Адал сауда, халал мал, теңгенікі.
Жазым сөз пайғамбарға жараса ма,
Уақа емес қанша айтса да өңгенікі!
Ғайса айтты:
— Қатын, сөзге қойшы құлақ,
Қатын деген: "шашы ұзын, ақыл шолақ".
Аузыңнан шыққан сөзді сөйле абайлап,
Өзіңді оңды, өңгені қылмай олақ.
Сөз болар онан-мұнан айтсам құрап,
Қамыс па ең иілетұғын қолмен бұрап?
Өлген қатын емес пе ең әлдеқашан,
Тірілтпеп пе ем Құдайдан өзім сұрап?!
Қатын айтты:
— Жоқ, тақсыр, мен емес ол,
Көрген әйел емеспін мен бұрын жол,—
Бұл сөзіне қатынның шыдай алмай,
Дұғаға Хақ пайғамбар көтерді қол:
— Бізді көрді бұл қатын оңай! — дейді,
— Керек емес, болмаса былай! — дейді.
— Сөзім жұртқа шын болсын, жалған болмай,
Бергеніңді өзің ал, Құдай! — дейді.
Қатын сонда сылқ етіп жерге түсті,
Көрген жұрттың бәрінің зәресі ұшты.
Бір мегежін болды да, өліп қалды,
Көзге солай көрсетті Құдірет күшті.
Мегежін болып қалыпты қатын өліп,
Қатын үшін жүрмеңдер көңіл бөліп.
Жұрт жығылды Пайғамбар аяғына,
Қойдай шулап, қозыдай маңырап келіп.
Патша болды жығылған жұрттың — басы,
Бұлақ болып, көл-дария көздің жасы:
— Кеше гөр, — деп-ай, тақсыр, — білместігім!
Өгіздей өкіріпті хан баласы!
Ғайса айтты:
— Жұрт, құлақты салыңыздар,
Көзбен көрдің, көңілмен наныңыздар!
Тамаша, Тәңірім қылған әрбір істе,
Мұнан ғибрат баршаңыз алыңыздар!
"Болам, — деп ойлайды ғой әркім, — оңды".
Оңды болар, оңдаса Тәңірім жолды.
Кәпір өліп, мұсылман боп тірілген, —
Көрдіңдер тамаша етіп қара құлды.
Мұсылман еді қатын, көзің көрді,
Бір басты қайта келіп қара жерді.
Бір өліп, бір тіріліп, әуре болып,
Мінеки, ақырында кәпір өлді!
Жемтікке алданғаннан болдың қарға,
Қатын десең, құрулы бардың дарға!
Мұнан артық сөз ғибрат қандай болсын,
Баста миы, маңдайда көзі барға.
Қатынды аса жақсы Ысқақ сүйді,
Күйгенде, бұл жалғанда сонан күйді.
Өзі мен қатынына түк пайда жоқ,
Шарапат, жақсылығы құлға тиді.
Мұндай сөз таба алмассың, берсең де ақшаң,
Алтын сырға құлаққа алып тақсаң!
Бір қатынды баққанша, жүз итті бақ,
Жаныңа қылдың залал, қатын бақсаң!
Өз ойыңды ойлайсың: "Бұл — менікі,
Өзімдікі, емес — деп, — өңгенікі".
Сенен гөрі қарулы жан жолықса,
"Емеспін, — деп кетеді, — мен сенікі!"
Бұл сөз шын: "Жоқ, — деп ойла, — мұның қалты"
Аты қатын болған соң, бір ғой салты.
Ынсапты, тоқтауы бар әйел болса,
Еркекке тиянақты алтын саты.
Баяғы байғұс Ысқақ қайтып кетті,
Босатып оны дардан азат етті.
Енді қатын алмасқа тәубе қылып,
Қаңғырып, жылап жүріп, шөлдерді өтті.
Кітаптан мұның бәрін көзім көрді,
Білген жоқпын мұнымды, өлер жерді.
Ақ күмістей айырып алыңыздар:
Жүз "он"-мен, он "тоғыз"-бен — оннан бірді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі