Өлең, жыр, ақындар

Гүлшат-Шеризат

  • 14.08.2018
  • 0
  • 4
  • 26228
Жігітке құдай берген қиын емес,
Болғаным менің ақын биыл емес.
Бетіне ақ қағаздың салып шимай,
Қиссасын "Гүлшат-Шеризат" қылдым кеңес.
Нәсілім -Сүйіндікпін, елім -Күлік,
Жасымнан шыға қалдым өнер біліп.
Кәріптің жұрт ішінде көңілі өссін деп,
Сөйледім қыз Гүлшатты өлең қылып.
Сөзімді естіген жан ұғып алсын,
Қапалы кәріптердің мейірі қансын.
"Байғұстың бір сөйлеген сөзі ғой" — деп,
Кейінгі бозбалаға мирас қалсын.
Жүйріктің сөз сөйлейтін келді кезі,
Ойласам, дөп-дөңгелек дүние жүзі.
Қыз Гүлшат Шеризатпен ғашық-машық,
Бозбала, қалай тыңда қисса сөзді.
Ішімде бара жатыр өнер қайнап,
Кетемін, сөз сөйлесем, оттай жайнап.
Дүниеге кім келмеген, кім кетпеген,
Қалайық осындайда күліп-ойнап.
Ертеде бір патша өткен, аты- Көркін,
Өзіне берген құдай дүние - мүлкін.
Билеген жеті жұртты асып күші,
Тұрақтап кімге тұрар дүние, шіркін?!
Жалғанда ондай болған патша жоқ-ты,
Жігіттер, әуес қылма бұзықтықты.
Болмаған мұңсыз пенде бұ жалғанда,
Сол патша перзент үшін болған күпті.
Тұрады кімнен өтпей дүние жалған,
Әртүрлі патша Көркін сарай салған.
Келгенше ел ортаға бала көрмей,
Қайғымен бала үшін қапаланған.
Көре алмай бір жас иіс әлі күнге,
Жоқ болып еш мұқтажы мұнан өңге.
Құдайдың берер ұлы былай тұрсын,
Қыз түгіл зарық болды қызыл жүзге.
Қайғысы патшаның болды қатты,
Үйінде қырық күн тұрмай, жылап жатты.
"Құдайдан - маған перзент тілеңдер!"- деп,
Жидырған пақыр, міскін жамағатты.
Құдайға кәріп пенде қылады наз,
Жалғанда кім бар дейсің қайғысы аз?!
Тілегі қабыл болып, пақырлардың,
Қатыны патшаның болды буаз.
Патшаға буаздығы болды мәлім,
Аямас шаһи Көркін енді малын.
"Бір қамал - әр зауалға!" - деген мақал,
Айтайын қалай болған енді халін.
Жас едім қариялардың сөзін ұққан,
Аруағы жақсылардың маған жұққан.
Қапалы, шат болған соң, көңілдері,
Ат мініп, шаһи Көркін аңға шыққан.
Он түрлі сайман алған бір басына,
Қырық жігіт жолдас алған өз қасына.
Далада құлан аулап келе жатып,
Килікті қалың орман ағашына.
Жігіттер, естісеңіз, сөзім майда,
Сөз есті қызықпенен осындайда.
Ішіне қалың орман барып кірсе,
Айбатты бір арыстан болды пайда.
Арыстан қарсы алдынан ақырады,
Патша мұны көріп тоқырады.
Ат үркіп, арыстаннан, жығып кетті,
Құдайдың құдіретін көр, не қылады?!
Жығылып аттан патша жерге түсті,
Қырық жігіт қашып кетті, зәресі ұшты.
Патша аттан жығылып түскенінде,
Арыстан жағаласып бірге түсті.
Арыстан патшаны басып қалды,
Шошынып патша жаман сасып қалды.
Ақ алмас қылышпенен шапқан екен,
Арыстан өліп, патша жараланды.
Қиындық мұндай патша көрмеген-ді,
Қылышын, қысылған соң, сермеген-ді.
Ажалды өліп қалды, қылыш тиіп,
Ажалсыз патша мұңдық өлмеген-ді.
Жиылып келді бұған нөкерлері,
Құм болып, "Көрмедік!"- деп, жігерлері.
Патшаны теңге салып алып қайтты,
Ағаштан жасап теңді шеберлері.
Патшаны алып келді теңге салып,
Жылайды мұны көріп, жұрты налып.
Болуы түбінде адам екі талай,
Ажалдан тұрса-дағы бүгін қалып.
"Патшадан әділетті айрылдық!"- деп,
Шуласып, зар жыласты барша халық.
Жиылып елі-жұрты бәрі келді.
Патшаны жараланған көзі көрді.
- Өсиет бір сөзім бар жарандарға!-
Деп патша жылап тұрып жауап берді.
Жылайды жұрты көріп мұндай халді,
Салған соң басқа құдай қайғы-зарды.
Патшаға аса жақын жүретұғын,
Парахзат деген бір қу уәзір бар-ды.
Сөйлейді сөз болсын деп жамағатқа:
- Болдық - деп - біз бармақшы ақыретке!
Мал-мүлкім, иесіз қалған көп жұртымды,
Тапсырдым аманат қып Парахзатқа.
Парахзат, ал қолыңа мал-мүлкімді,
Билеп тұр аздырмастан ел-жұртымды!
Ренжітпей қалың елді тыныштық қыл,
Таза қыл арамдықтан іш- құлқынды!
Аманат саған қойдым малы-жаным,
Билерсің мен өлген соң мүкәммалым.
Халқыма дәл өзімдей әділдік қыл,
Ренжітпей жетім қалған кәріплерім (ғаріпларым)
Ей, халқым, риза болшы, бәрің маған,
Кешіңдер, жерім болса, ұнамаған.
Аманат адамдықпен сақтар болсаң,
Парахзат, бір сөзім бар айтар саған.
Ел-жұртым, құлағың сал, бұл сөзіме,
Тоймайтын құм құйылды сұм көзіме.
"Орынсыз аңға шығып келемін" - деп,
Қапыда іс қылдым ғой мен өзіме.
Дүниеден жиренбес ем, құрыдым ба,
Түсімді жамандыққа жорыдым ба?
Парахзат, бұл өсиет сөзім тұтып,
Өзімнің патша болсаң орыныма.
Басыма заман қайғы салып еді,
Көңілімде ойлағаным анық еді.
Ұл туса, патша сайла өз орныма,
Қатыным екіқабат қалып еді.
Артымда буаз қалды ханым - дейді, -
Көп еді-ау жиған-терген малым!- дейді.
-Ұл туса, хан көтерсең өз орныма,
Қабірде болар риза жаным!-дейді.
- Халайық, ризамын енді сізге!
Жіберді қандай ажал Құдай бізге.
Қыз туса, күтіп - сыйлап, теңіне қос,
Айтатын сөзім осы бәріңізге.
Тамам жұрт шулап тұрды:
"Пәлі!" - "Ұл туса, хан сайлаймыз оны!"- десіп.
"Дүниеден шаһи Көркін өтті - дейді,-
Өлімнің шарапатты суын ішіп".
Тағдыр жетіп, шаһи Көркін дүние салды,
Парахзат патша болып орнын алды.
Бұл дүние жеті басты жалмауыз ғой,
Бай-жарлы жұтқан және уәзір.ханды.
Жаназалап патшасын халқы көмді,
Парахзат қалған елді биледі енді.
"Ит иесін, семірсе, қабар" - деген,
Жігіттер, соған мысал бір сөз келді.
Парахзат патша болып орнын алған,
Аздырған қызыл желдей дүние жалған.
"Хан болмақ өлгенімше артық ғой!"- деп,
Көңіліне коп уасуа шайтан салған.
Ханымның айы жетіп, күні толды,
Осыдан таба қалса ханым ұлды.
Патшаның айтып кеткен өсиеті бар,
Орнына Парахзатты қоймас болды.
Бұзылды бұрынғыдан ел мінезі,
Ханымның бала табар болды кезі.
"Қалайша патшалықты аламын?!"- деп,
Парахзат ойға кірді жалғыз өзі.
Ойлайды сонда тұрып бұл ақылды:
"Ұл таппай, өлтіртейін бұл қатынды.
Ханымды ебін тауып өлтіретін,
Өзіме табайын деп бір жақынды!"
Не шебер, ойлап тұрсам, құдай шебер,
Бір құдай салғанына пенде көнер.
Бұрынғы шаһи Көркін қазынашайы,
Бар екен Барыс атты жақсы нөкер.
Шақырған Парахзат қу Барыс ерді,
"Кешікпей тез келсін" - деп хабар берді.
Болған соң хан жарлығы кешігер ме,
Барыс ер сәлем беріп, кіріп келді.
- Келдің бе, шақырған соң, Барыс жаным,
Ақылға болған дана данышпаным.
Азырақ саған айтар бір сөзім бар,
Аянба менің үшін, келсе халің.
Тұз жедің менен Барыс, ақтайсың ба,
Жоқ, болмаса, біреуді жақтайсың ба?!
Айтамын бір аманат енді саған,
Сыйғызып соны ішіңе сақтайсың ба?!
Жұмсаймын бір жұмысқа сені қыстап,
Әдейі мен шақырып алдым қастап.
Ханымды бала таппай, өлтірсеңіз,
Екеуміз тұрамыз ғой көп жұртты ұстап.
Өлтір жылдам ханымды, бала таппай,
Ұл туса, кетер деймін бізге жақпай.
Неміз кетіп барады, Барыс жаным,
Екеуміз өмір сүрсек алтын тақта - ай?!
Мінеки, ұқсаң бала, айтар сөзім,
Күшті боп осы күнде тұрған кезім.
Тұтпасаң жасырып айтқан бұйрығымды,
Ойылар сонда бастан екі көзің.
Барыс ақыл ойлайды есін жиып:
"Өлтірем- деп- ханымды не ғып қиып?!
Аруақ пен тұз жібермес мұны өлтірсем!"-
Барады бейшараның іші күйіп.
"Өлтірмесем, Парахзат кек көреді,
Оныменен қоя ма, жек көреді.
Жайға мені қоя ма бұл қалыппен,
Не өлтіріп, не бейнет шектіреді!"
- Жарайды!- деп, уағданы қылып шықты,
Қанды жасқа көздері толып шықты.
Олай-бұлай ойланып қараса да,
Ең ақыры өлтірмек болып шықты.
Үйіне жылап Барыс тура барды,
Шақырып бір он жігіт қасына алды:
- Жігіттерім, бүгін бір жасырын іс қылыңдар,-
Бәрінің де қолына ақша салды.
- Ақшаны, ей, құлдарым, алыңыз!- деп,
- Олжаға үлкен батып қалыңыз!- деп.
- Ханымды бала таппай, өлтірсеңіз,
Кетіңіз азат болып бәріңіз!- деп.
Құлдардың қуанғаннан шығып есі,
Бұзылып бір түрлі боп ажар-түсі.
Сау етіп он қара құл кіріп барды,
Ханымның отыр еді ауырып іші.
Қиналып отыр екен толғақ түтіп,
Жалақтап кіріп барды, бұлар жетіп.
Жүрегі жарылуға жақын жетті:
Орнынан ұшып кетті сол ес кетіп.
Үзбейді ханым үміт бір құдайдан,
Ынтығы: "Бір жұтсам-деп- сары майдан!"
Ойлады: "Кереметтей бір іс қой!"-деп,
"Білді — деп,- толғағымды бұлар қайдан?!"
- Ауырып отыр еді бүгін ішім,
Аяқты бір басуға келмей күшім.
Амалсыз құр қиналып отыр едім,
Жанымда жұмсайтұғын жоқ боп кісім.
- Ерітіп қазан-қазан сары майды,
Қылуға жарыс қазан, сойып тайды,
Жүріңіз, жайлы орынды біз табайық,
Толғақсыз табатұғын тыныш жайды.
Ұстады біреу - қолдан, біреу – белден,
Біреуі орамалмен ұстап тілден.
Төбеге "хан көтеріп" алып шықты,
Көрсетпей тірі жанға, ұрлап елден.
Ақшаны құлдар алды: "Жарайды!"- деп,
"Сіз жұмсаңыз, өлтіреміз талайды!"- деп.
Сарайынан ханымды алып шықты:
"Сарайда өлтірсек, біреу қарайды!"- деп.
Алып кетті далаға он құл ұрлап,
Барыс жүгіріп келеді: "Түра-тұр!"-лап,
Айтқан сөзін Барыстың тыңдамады,
"Мұны өлтірмей біздерге бар ма тұрмақ?! "-
Деп құлдар бір тоғайға алып барды,
Қол-аяғын ханымның байлап салды.
Басын кесіп, қылышпен бір-ақ тартып,
Ағызып жүре берді қызыл қанды.
Солайша өліп қалды ханым бейбақ,
Сұм дүниені болар ма көзі қимақ.
"Қалайша өлтірді екен, көрейін!"- деп,
Тоғайға келді Барыс жанын қинап.
Дәретін Барыс уәзір тамам алды,
Қорыққаннан Парахзаттан обал алды.
"Бейшара, сорлы ханым не болды?"- деп,
Ханымға келіп Барыс көзін салды.
Сықылды қылышпенен бір-ақ тартқан,
Басын кесіп, бауыздаудан қандар аққан.
Бір жас бала ханымнан туа сала,
Емшегіне өрмелеп бара жатқан.
Қызыл қанға боялып ханым жатыр,
Өрмелейді емшекке бала пақыр.
Бұған рақым келмес пе, мұсылмандар,
Болса да көңілі қатты, дінсіз кәпір.
Барыс барды ханымға жақындасып,
Жас бала зар жылайды аузын ашып.
Құдай несіп бермей, жан жаратқан ба,
Емшектен сүт шығады судай тасып.
Құдіретіне шек келтірер қандай пасық,
Парахзат өлтіртті ғой, пейілі азып.
Қалтаға гауһар салды Барыс мұңлық,
Баланың жай-күйін, бәрін жазып.
"Уақытында туып жатқан көрдім"- депті,
"Қорыққаннан Парахзаттан жүрдім" -депті.
"Кім де кім бұл баланы асырап күтсе,
Он гауһар халал қылып бердім!"- депті.
Осылай тастап кетті жазып хатын,
Бала туды, жарандар, өліп қатын.
Иухиа уймүсит (уай үміт) қадим Алла,
Құранда сабит қылған бұл аятын.
Барыс қайтып келеді үйге таман,
Кімдерді жоқ қылмаған сұмырай заман?!
Бір арыстан сол жерде пайда болып,
Он жігітті өлтірген бәрін тамам.
Тамаша қылып Барыс мұны көрді,
Арыстан да көріп тұр Барыс ерді.
Бек қатты қорықты ғой Барыс сонда,
Арыстан өз бетімен жүре берді.
Он жігіт өліп қалды құдай ұрып,
Тамаша қылды Барыс мұны көріп.
Бұлар енді бұлайша тұра тұрсын,
Сөз есті Парахзаттан мойын бұрып.
Парахзат жеті жұртқа патша болды,
Уайымсыз бұл жалғаннан көңілі толды.
Өзінің патша болып тұрған күнде,
Үйінде ұйықтап жатып бір түс көрді.
Түс көрді ұйықтап жатып сонда жаман,
Саласың қандай күйге сұмырай заман?!
Оянып сол төсектен түрегеліп,
Жоруын сол түсінің біле алмаған.
Түс көрді төсегінде ұйықтап жатып,
Оянып түрегелді, сол таң атып,
Қорыққандығы түсінен сондай болды,
Айта алмас көрген түсін аузы батып.
Шошынып, тұра сала, жиды халқын: -
Не болар, бұл сөзімнің тыңда артын.
- Бар ма екен түс жорушы шақыршы! - деп,
Пақырға кәріп-қасер (ғаріп-ғасыр) беріпті
Парахзат ұйықтап жатып түс көріпті,
Түсінде әрбір түрлі іс көріпті.
Көрген түсі көңіліне қатты тиіп,
Жоруын сол түсінің күш көріпті.
Оянып тұра сала жиды халқын:
- Не болар, бұл түсімнің тыңда артын?!.
Шақырып Барыс ерді өз қасына,
Сөйлейді түсте көрген сөздің салтын:
- Түсімде бір айдаһар келді бізге,
Күйдірді шашып заһар жүзімізге.
Айбатты өрт қаптаған күнбатыстан,
Сол жерде өлім кірді көңілімізге.
Айдаһар бір ақырып ұмтылды ғой,
Көзіне көрген жанның құм толды ғой.
"Шаһар халқын, ойладым, жұта ма?!"- деп,
Дүниеде көрген күнім сол болды ғой!
Ешбір жан оған қарсы бара алмады,
Қолына қару-сайман ала алмады.
Бір інжу-маржан көктен сонда түсіп,
Алдына айдаһардың аяңдады.
Бір інжу түсті жерге аспан көктен,
Айдаһар мұны көріп есі кеткен.
Жоруы қалайша екен бұл түсімнің,
Білмедім көрінгенін не себептен?
Жиылған сол арада үлкен-кіші,
Толыпты кәрі-жасқа үйдің іші.
Ойлайды ақылы дана қариялар,
"Патшаның не болды,- деп - көрген түсі?!"
Жориды сонда түсті қариялар,
Жасы үлкен, ақылы асқан дариялар.
-Түсінің жоруын мен айтамын,- деп,
Барыс ер патшаға берді хабар.
- Көрінген айдаһар боп, ер екен сол,
Ойланып саған қастық жүр екен сол.
Қолыңнан тақытыңды тартып алар,
Япырм-ау, кім екенін білмеймін сол!
Тұрмайды бір тиынға айтқан сөзің,
Бет жуар қанды жаспен екі көзің.
Дегенің: "Інжу-маржан көктен түскен",
Бір сұлу ғақыл кәміл болар қызың.
Бір батыр шығар біздің кезімізде,
Өнер жоқ жастан басқа көзімізде.
Нақақтан кісі өлтіріп, қан арқалап,
Әдейі алдық тілеп өзіміз де.
Сол қызды алады екен осы батыр,
Құрылар басына оның алтын шатыр.
Осы қыз өлтіртпеске себеп болып,
Өлімнен құтқарады біздерді ақыр.
Бетіне ешбір адам келмейді пар,
Қанша әскер жабылса да ,қылмайды кәр.
Патшалықты басымыздан тартып алар,
Кең дүние енді бізге болады тар.
Ұмтылса айдаһар боп біздің елге,
Бір батыр келер деймін үшбу жерге.
"Өлтірем!"- деп ұстайды әуел сізді,
Қоймайды, тығылса да, көрден-көрге.
Мен білсем, түсіңіздің жоруы - осы,
Кетпейді ақыр бастан дәулет құсы.
Уай, патшам, арты жақсы, ешнәрсе етпес,
Таппаса ханым бір қыз, сонан шошы.
Тамам жұрт мұны естіп тарап кетті,
Көруіне жоруы жарап кетті.
Үйінде Парахзат патша қала берді,
Жамағат, байқап тұрсаң, енді кепті.
Ханымдардың біреуі буаз болды,
Тақалып айы жетіп, күні толды.
- Қыз туса, көп сүйінші беремін!- деп,
Парахзат тілемейді перзент ұлды.
Туыпты Ай мысалды бір қыз бала,
Қылған соң оны несіп Хақ тағала..
Болмағы жақсы-жаман жұлдызынан,
Қыз артық, жаман ұлдан, болса дана.
Тойғызды Құдай үшін жиып елді,
Бата қып: "Қағыс қыл - деп - көз бен тілді!".
Беріпті жақсы қатын тәрбиеге:
"Сақтасын - деп - тигізбей күн мен желді!"
Молдалар: "Гүлшат" — десіп атын қойды,
Парахзат аямастан қылды тойды.
Ұстаттан сабақ оқып, білімді боп,
Желпініп, күтіп, сылап таза бойды.
Бұлайша осы қызды тәрбие етті,
Парахзаттың қайғысы ойдан кетті.
Ақылды парасатпен іс білетін,
Дегендей оннан - он бір жасқа жетті.
Хат жазып атасына айтады сөз:
"Бұл жерде қапа болып тұрмайық біз.
Бір сарай салдыр бізге айдаладан,
Құлақтар естімеген, көрмеген көз".
Бір сарай сонда патша салдырады,
Әр жерден ұста болса, алдырады.
Кірпішінің бірі - алтын, бірі-күміс,
Көргенді таң-тамаша қалдырады.
Гауһардан әр жеріне шеге қақты,
Орнатты тамаша қып алтын тақты.
Қырық кездей қорғаны бар сап алтыннан,
Қылады бейне жұмақ (ұжмақ) бұл шарбақты.
Әр жерден нақыш өрнек шеге ойыпты,
Қараумен қайта-қайта көз тойыпты.
Бір жұмақ дүниедегі болғаннан соң,
"Жаннатіл-фердаус"- деп ат қойыпты.
Бұл қыздың заманында асқан шағы,
Ешкімнің келтіре алмас тіл мен жағы.
"Осы екен - деп айтады көрген адам,-
Дегендей аты шулы Иран бағы!"
Тоқталып сөзім мұнда тұра тұрсын,
Парахзат қуанышта бола тұрсын.
Баланың не болғанын біз айталық,
Жамағат енді буған мойын бұрсын.
Сол жерде қатын өліп, қалды бала,
Оны аяп, қылған рақым Хақ тағала.
Бұлақтай қайнап жатыр емшек сүті,
Өрмелеп емшекке ауыз салды бала.
Өлтіріп өңшең залым тастап кетті,
Өлі жаннан тірі жан қорек етті.
Еш нәрсе сүттен басқа қорек қылмай,
Талпынып екі - үш жасқа бала жетті.
Далбаса әр нәрсеге көңіл ұрып,
Жүгініп малдас құрып, жатып-тұрып.
Бір күні бір арыстан душарласты,
Соңынан бұл қалмайды оны көріп.
Арыстан аң-таң болып тұра қалды,
Жас бала іркілместен жетіп барды.
Құдайым рақым көңіл бұрғаннан соң,
Аяп кетіп баланы ертіп алды.
Орнына жататұғын ертіп барды,
Алдына : "Жейді ғой!"- деп, шикі ет салды.
Шайнап бала аузынан тастаған соң,
Білген соң жемегенін, қайтып алды.
Аңдардың төресі екен бұл арыстан,
Өзі тақуа, ақылға һәм данышпан.
Шақырған соң алдына келді бәрі,
Аю, барыс, бері мен түлкі, тышқан.
- Бұл басқа түсті – дейді - бір қиын іс,
Бір бала тауып алдым, асырауы күш.
Аяп, жетім болған соң, ертіп келдім,
Ебін тапсаң, айтарлық, осы, жұмыс.
Тышқан айтты: -Көтектің масқарасы,
Жоқ болған соң қиын ғой ата-анасы.
Құлан, бұлан сүтімен асырау керек,
Адамның сүт емеді жас баласы.
Ішкізді алып келіп құлан сүтін,
Бұл баланы асыраудың білді бетін.
Ым мен ишараға әбден түсіп,
Қолынан жейді бала берген етін.
Соңынан арыстанның ерген екен,
Құдайдың не жазғанын көрген екен.
Құланның еті менен сүтін ішіп,
Екі жыл арыстанда жүрген екен.
Бұл дүние қала берген тамам жаннан,
Бай, жарлы, төре, қара, патша, ханнан.
Бұлайша арыстанмен бала тұрсын,
Келеді енді бір сөз керуеннен.
Ойлайды: "Енді мұны қожайын да,
Адамзатқа қосып өзім, босайын да.
Жақтырмаса, өзіме келер қайтып
Бір жерден мұның алдын тосайын да!"
Алыстан бір жолаушы керуен көрді,
Соңынан қалмай бала біраз жүрді.
"Анаған бар"- дегендей, ишарат қып,
Өз бетімен кетуге мойын бұрды.
Екі жыл арыстанмен сейіл етті,
Кез болып бұл араға керуен жетті.
"Жас бала адамзатқа қосылсын!"- деп,
Арыстан өз бетімен жүріп кетті.
Саудаға қанша керуен жол салады-ау,
Баланы көріп түзде таң қалады-ау!
Баласы жоқ болған соң: "Асыраймын!",-деп,
Баланы керуенбасы қолға алады-ау!
Жияды жұрттың бәрін керуенбасы,
Теп-тегіс жиналыпты кәрі-жасы.
Кеңесіп ойланады жамиғаттар,
"Баланың кім болды- деп -ата-анасы?"
Баланы Қожасағит тауып алған,
Асыраған арыстанды көріп қалған.
Балаға "Шеризат" - деп ат қойыпты:
"Әйтеуір алдық қой - деп арыстаннан!"
"Шеризат" — деп, баланың атын қойды,
Бұл іске Қожасағит көңілі тойды.
Молдаға жас баланы оқыттырып,
Білгізді Шеризатқа ақыл-ойды.
Бес жасында оқиды әліп-биді,
Жетім қалған байғұсты тәңірім сүйді.
Жеті жаста бұл бала болды ғалым,
Балаға Қожасағит көңілі тойды.
Жетіпті Шеризат бала он жасына,
Жетіліп оқып жүрген молдасына.
Әр түрлі өнерлерден өрнек алып,
Алланың батыпты үлкен олжасына.
Он жасында оқуға болды жетік,
Бағдат шаһарын жүреді сейіл етіп.
Ойынға батырлығы не істемейді,
Жарңдар, қандай жігіт мұнан өтіп?!
Он төрттен он бес жасқа Шеризат жетті,
Көп керуенмен саудаға көшіп кетті.
Жол жүріп, сапар шегіп көп керуен,
Тұсынан Шынмашынның керуен өтті.
Көп керуен Шынмашында тура қалды,
Кеңесті: "Қонайық!"- деп, құра қалды.
Патшадан біраз күнге орын сұрап,
Және де сауда қағаз сұрап алды.
Патшадан сонда сұрап елші келген,
Ажалы жетіп тұрған бұл сұр мерген.
"Керуендер жұртына айта кетсін!"- деп,
Жай берді, шарбақ алды, құрық жерден.
Ішінде көп керуеннің Шеризат бар-ды,
О-дағы қосын тігіп, жатып алды.
"Шарбағын Фердаустың көрейік!"- деп,
Он жігіт жолдасы бар даярланды.
Мойнына салды мылтық аң атарға,
Он жігіт алтынды ер бір қатарда.
"Аң аулап келеміз"- деп, шықты түзге,
Әр жерден несіп болса, дәм татарға.
Он жігіт жолдасы бар Шеризат ердің,
Қозғалтар жүрсе бойын қара жердің.
Фердаус шарбағына душар келіп,
Құп жақсы тамаша етті көрген жерден.
Ойлайды: "Бұл Фердаус кім шарбағы,
Бұл шығар ұста соққан Иранбағы?
Ішін көріп, тамаша қылар ма? !"- деп,
Бұларға түседі енді қайғы дағы.
Үрікпей - қорықпай жүріпті оңашада,
Шарбақты көріп бәрі тамашада.
Сонда Гүлшат шығыпты сахараға,
Жіберу тілдестірмей ұнаса ма?!
Гүлшат сынды қара көз,
Қалам қасты, нұрлы жүз.
Ақ бетіне пар келмес
Сарт тоқыған аппақ бөз.
Ұзын бойлы, қыпша бел,
Түзу, таза бір мін жоқ,
Шыны айнаның көзіндей.
Түзу ағаш құрған тез.
Тысқа шықты бұралып,
Тал жібектей оралып.
Айдай балқып нұрланып,
Жұрт көзінен ұрланып.
Әбжыландай толғанып,
Ақ орамал қолға алып.
Бар сәулетін құрынып,
Жын соққандай ұрынып.
Құс болып көкке ұшқандай,
Аяғымен басарға,
Қара жерді ерініп.
Кер маралдай керіліп,
Оймақтай аузы бүріліп,
Алтайы қызыл түлкідей,
Тоқсан түрлі құбылып,
Тысқа шықты көрініп.
Тартқан сымдай бармағы,
Сап күмістей тырнағы.
Сарыажадай керіліп,
Сұлулығы санамдай,
Хатшылар қиған қаламдай.
Ондай жан жоқ ғаламда-ай!
Жұмақтың хор қызындай.
Жылқының шаңқан бозындай,
Айдын шалқар көлдегі,
Иілген аққу-қазындай.
Етек, бір жеңі түріліп,
Қараған жан үңіліп,
Шыбын жаннан түңіліп,
Көреміз деп ентелеп,
Мойнынан шайтан жетелеп,
Бір-біріне соқтығып,
Сасқанынан сүрініп.
Шықты бір Гүлшат далаға,
Сахара майдан араға.
Қырық нөкерлі хандайын,
Ортасында бір өзі Аққу құстай бөлініп.
"Не түсед- деп- көзіме?!"
"Ынтық бір болсын халық!- деп,
Басып бір кеткен ізіме!"
Үйден бір шығып жөнелді,
Көргеннің көзі кенелді.
Табысатын жер болса,
Еркін туған ер болса,
Қиын емес, оңай-ақ.
Өзінен өзі беріліп,
Асықпай-ақ бәсеммен,
Тәңір берген екі аяқ,
Бір басарға ерініп.
Көп қызбен Гүлшат шықты айдалаға-ау,
Қарасып жан-жағына көз салады-ау.
Алыстан Гүлшат сұлу көзі түсіп,
Шеризатты көріп сонда таң қалады-ау!
Шеризат қыз Гүлшатқа салды көзін,
Көріп қалды сол уақта айдай жүзін.
- Армансыз болар еді- деп айтыпты,-
Кімде-кім көріп жүрсе, оның жүзін!
Көзіне қыз Гүлшаттың Шеризат түсті,
Шиықтық оты жанып, күйдірді ішті.
"ол жігіт кезге түскен келер ме?!"- деп,
Қайғысы Гүлшат жанның болды күшті.
Қыз Гүлшат енді ойлайды ғашықтықты,
Қазығы керіп жүрген ойдан шықты.
"Армансыз соны құшсам болар ем!"- деп,
Көңіліне басқа дүние алмас тіпті.
Адамға ғашық деген жақын екен,
Аллаға жасырын іс аян екен.
Бағбан шал - қыз Гүлшаттың күзетшісі,
Қасында сол уақытта даяр екен.
- Ей, бағбан, алтын-күміс берейін!- деп,
- Өзіңді жақсы сыйлап жүрейін!- деп.
Жігітті анау жүрген шақырып кел,
Кім екен, оны көзден керейін!- деп.
Бағбан бір ақсақал адам екен,
Күзетіп Фердаусты қылған мекен.
Не қылса да, бағбанмен ақылдасар,
Іс қылмас Гүлшат сұлу мұнан бөтен.
- Ей, Гүлшат, атаң білсе, болар қиын,
Нe етесің, шақырғанмен жайы-күйін?
Шақырып көңілің үшін келтірейін,
Шырағым, сенен алмай жалғыз тиын.
Жіберді:
- Жылдам келсін біздерге!- деп,
- Неткен жан шығып жүрген түздерге?!-
- Білгейсің жөнін сұрап елі-жұртын,
Сөз айтып, жөн сөйлесіп оларға!"-деп.
Бағбан байғұс барады маң-маң басып,
Шеризат сәлем берді жақындасып.
Сәлемін жастың берген құп алды' да,
Отырды бір-бірінен жөн сұрасып.
- Далаға шығып жүрсіз не себепке,
Көрген соң, сұрамасақ, біздерге еп пе?
Ханының, қай шаһардың, баласысыз?
Әдейі келіп едім жөн білмекке.
Махбұздың қандай атты сіз құлысыз,
Қандай бағы Иранның бұлбұлысыз.
Асылыңыз төре ме, ханзада ма,
Бұлбұлдың алып жейтін қай гүлісіз?!
Жігітсің тым-ақ тәуір өзің жаным,
Келесің қай шаһардан, балаларым?
Барасың және қайда сапар шегіп,
Біздерге баян қылшы хал-ахуалың?!
- Мен өзім ер емеспін елден асқан,
Жақсыға жан емеспін жақындасқан.
Хан да емен, төре де емен, сейіт те емен,
Керуенмін, еш мінім жоқ мұнан басқам!
Сұрасаң, шаһарымыз еді Бағдат,
Жасымда халқым қойған атым-Шеризат.
Иесі жер мен көктің бір құдай ғой,
Сөйтеде, кімдікі еді мынаушарбақ?
Бұған жөнін сөйлейді бағбан тұрып:
- Сұрасаң есті жігіт мойның бұрып,
Бұл шарбақтың иесі - Гүлшат сұлу,
Сахараға шығып жүрген сейіл құрып.
-Ажал деген қаршыға, адам жем дүр,
Пейілі тар, сараң байдың аты кім дүр?
Қандай жанның перзенті - Гүлшатыңыз,
Шаһары патшасының аты кім дүр?
Бұл дәурен бастан өткен қайтып келмес,
Жаманды үйде жатқан адам білмес.
Ей, ата, жасырмастан шын айтыңыз,
Шарбақтан бір жан көрдім өзім теңдес.
- Парахзат - бұл шаһардың патшасы,
Шарбақтың гауһар, болат босағасы.
Қорғаны көз тұрмайтын сап алтыннан,
Ғаламнан асып тұрған тамашасы.
Біледі Парахзатты дүние жүзі,
Ақылмен жеті жұртты биледі өзі.
Бір басын миллион ұлға бағалайтын,
Сұрасаң, осы Гүлшат - жалғыз қызы.
Бұл шарбақ Гүлшаттікі, ешкім де емес,
Жайын жүр, құрбысы жоқ, келмей теңдес.
Алпыс екі айлалы, ол бір - түлкі,
Ей, балам, сұранғанмен, күшің келмес.
Бағында Фердаустың ол - бұлбұл құс,
Құр көңіл далбасалық бір көрген түс.
Бұлбұлы Фердаустың теңдесі жоқ,
Мен білсем, дәл өзіңдей жігітке өш.
Мен айтсам әңгімемді, көңілің қош,
Көрінгенге айтпағын әңгіме бос.
Мысалы, теңіздегі ол бір - гауһар,
Ал тауып ақыл-қайрат, қуат пен күш.
- Сөзіңді, атам, айтшы ойлап қана,
Асықпай-ақ ақырын жайлап қана.
Басқа қару-айланың керегі не,
Бір айқассам болмай ма оңдап қана?!
Бес күндік дүниеде өмір ерте-кеш пе,
Шынмашынның түлкісі кісіге өш пе?
Көзіме бір көрсетсең сол түлкіні,
Алмақ түгіл, жеп қойсын, ара түспе!
Атқан аңым шарбаққа кетті кіріп,
Кіре алмадым соңынан мен бірге еріп.
Керек деген олжаңды алшы менен,
Қансыратқан аңымды ұстап беріп.
- Кедей емен, өлмелі таңсық малға,
Жағымдымын, күзетші өзім ханға.
Жығылмай сенің оғыңнан кеткен болса,
Өліп жатса ұстатпас мендей шалға.
Сарайдың айналасы - алтын-күміс,
Зүбәржат терезесі гауһар тегіс.
Кетсеңіз қонақ болып құп болады,
Болмаса бір асығыс үйде жұмыс.
Бұл сөзге Шеризат бала мойын бұрған,
Гүлшатқа ғашық болып көңілі тынған.
Бағбанмен бірге жүріп келе жатыр,
Ақсұңқар құтылар ма жайған тордан?!
Келіпті Шеризат бала көрген жерге,
Қасында он жігіті о да бірге.
Қыз Гүлшат түрегеліп құрмет етті,
Шығарды кілем жайып, бәрін төрге.
Бұларға Гүлшат қойып махаббатты,
Алдына ас келтірді балдан тәтті.
Жемістер дастарқанда неше түрлі,
Жеп қараса, бірінен бірі тәтті.
Ac жесіп қайтпақ болды енді бұлар,
Пендеге, не қылса да, құдай қылар.
- Бүгін мейман біздерге болып кет! - деп,
Шеризатты Гүлшат сұлу алып қалар.
Шеризат қалды, өзгесі бәрі кетіп,
Құп сыйлады қыз Гүлшат құрмет етіп.
Дүниенің шын рақатын көрген екен,
Мұратқа екі байғұс сонда жетіп.
Екеуі ойнап-күліп қызық көрді,
Аралап шарбақтарды бірге жүрді.
Жатқаны күні-түні - жылы қойын,
Біраз күн Шеризат бала сонда тұрды.
Жәрдем бер, Қадір Жаббар, тіл-жағыма,
Бір нұқсан болмағай-ды ер бағына!
Бір жігіт шырқ айналып жүреді екен,
Гүлшаттың күзетші боп шарбағына.
Гүлшатқа о да сырттан ғашық екен,
Ғашықтық ол уақытта машық екен.
Күзетшілік ойламай дәрежесін,
Отты көрсе, балқыған, жасық екен.
Шеризатты бірге жүрген көзі көріп,
Күншілдік сол көңіліне кеткен кіріп.
Жаманның қайда болса әдеті ғой,
Патшаға білдіріпті хабар беріп.
- Ей, тақсыр, Гүлшатқа ерген қырық бір емші
Мен айтсам, көңіліңізге қатты келер.
Қызыңыз бір жігітпен қосылып жүр,
Нанбасаң, көріп келсін кісі жібер!
Парахзат есітіпті қыздың жайын:
"Басты - деп- қандай сұмдық көңіл майын?!"
Шақырды Алмас, Қоймас - екі алыпты,
Болғанда бірі айдаһар, бірі - жайын.
Келіпті Алмас, Қоймас жарлық алып,
Айдаһардай ақырып, қаһарланып.
- Қасыңа жүз әскерді ертіп алып,
Шарбақтан жігітті ұста жылдам барып!
Жазасын келгеннен соң мен берейін,
Кім екен, сол жігітті бір көрейін.
Біздерге біреу келді хабар беріп,
Оны мен ақыретке жіберейін!
Келеді Алмас, Қоймас күліп - ойнап,
Айбатты арыстандай көзі жайнап.
Алдына қақпасының келіп тұрып,
Шақырды: "Кім бар мұнда?!"- деп айқайлап.
Бұларды көрейін деп бір қыз шықты,
Екеуін көргеннен соң, төмен бұқты.
Ол жерге қорыққаннан кіре жаздап,
Бір ауыз сөз, дәнеме айтпас тіпті.
- Шығыпсыз көп қызбенен сендер түзге,
Бір жігіт жолықты ғой, Гүлшат сізге.
Патша: " Алып кел ! — деп, жарлық етті,
Жігітті жылдам жібер енді бізге!
Гүлшатқа бір қыз келді жылдам басып:
-Кіргелі Алмас тұр- деп -есік ашып!
Атаңыз жіберіпті алып кел!- деп,-
Қыз Гүлшат мұны естіп қалды сасып.
Гүлшат тұрып жігітке кеп айтады,
Ақылын өзі білген көп айттады.
- Сіз мұнда жасырынып отырыңыз,
Атама өзім барам!- деп айтады.
- Бір аян атам сонда қылса сізге,
Сіз сонда жоқ боласың – деймін - бізге!
Жалынып барып, атама жолығайын,
Осы сөз мақұл болса көңіліңізге?!
- Бұл сөзді не деп айттың, япырым-ай,
Ала алмас Алмас, Қоймас батырың-ай!
Анадан бір туған соң, өлмек бар-ды,
Мен қылмаймын қорқыныш, жарқыным-ай
Қасыма келе алмайды менің олар,
Қандай жан мені жеңіп байлап алар?!
Қуанышым - көзім нұры, қайғы жеме,
Өзімнен артық емес бозбалалар!
Елімнен шығып келдім өз бетіммен,
Халқыма жағушы едім қызметіммен.
Келсе де жүз мың әскер жұмыс емес,
Жатамын жасырынып не бетіммен?!
Даярлап Шеризат бала қалқан алды,
Басына дулыға мен сауыт салды.
Қыз Гүлшат алтын кесемен сусын берді,
Шеризат ішіп соны, мейірі қанды.
Жақсыға жаман адам таласар ма,
Жамандар, жақсы болсаң, жанаса ма?
Шеризат айтты сонда қыз Гүлшатқа:
- Қарап тұр, енді қызық-тамашаға!
Көп қызбен Шеризат шықты түзге таман,
Қолына қару-сайман алды тамам.
Тұр екен қақпа алдында Алмас батыр,
Қоймас та тыста тұрып айқай салған.
Алмас тұр өткір қылыш қайрап алып,
Қаруын теп-тегіс қып сайлап алып.
- Не ғып жатыр сол жігіт ұлықсынып,
Қол-аяғын кетем - деп- байлап алып!
Алмас батыр Шеризатқа барды жетіп,
Қолында қылыштары жарқ-жұрқ етіп.
Қаһарланып Алмасты Шеризат шапты,
Өзі түгіл, атынан кетті өтіп.
Сыйынып Шеризат түр бір құдайға,
Адамзат тәубені іздер көңіл жайда.
Жығылып екі бөлек Алмас түсті,
Көл болып ақты қаны терең сайға.
Қалыпты Алмас өліп сол арада,
Тамаша қылды қыздар дүр дараға.
Алмасты екі бөліп тастаған соң,
Шығады әлемденіп айдалаға.
Ашуланып сол жерде Қоймас келді,
Күші жетсе, шоқпармен ұрмас па енді?!
- Мың жаныңнан бір жаныңды мен қоймаймын,
Иманыңды айта бер, жігіт, енді!
- Жамандарға өлімді еп көргенмін,
Төс майын жамандардың жеп көргенмін.
Не былшылдап келесің, қара қарғам,
Сендей есер немені көп көргенмін!
Ақырып Қоймас батыр ұмтылады:
- Қолымнан қандай жан – деп - құтылады?!
Килігіп Шеризатпен жолыққан соң,
Болмады екпіні әуелгідей, тоқырады.
Әуелі қылышпенен Қоймас шапты,
Басына Шеризат бала қалқан жапты.
Қалқаннан өтіп қылыш басқа тиді,
Сонда да құдай сақтап аман қапты.
Ер Шеризат ашуланып бұ да шапты,
Жан қамын Қоймас батыр қылып бақты.
Қоймастың тау денесі қақ бөлініп,
Тұп-тура жаһаннамды жаны тапты.
Шеризат қырды әскердің енді бәрін,
Жүз жігіттің басына текті зәрін.
Қойға кірген аш бөрі сықылданып,
Жоқ қылыпты сол жерде баршаларын.
Өрттейін қауға түскен жандырады,
Қалың қарды басына жаудырады.
- Патшаға хабарымды айта бар!- деп,
Жүз кісіден екі адам қалдырады.
Қырылып жүз жігіттің бәрі жатты,
Таң қалды көріп қыздар Шеризатты.
Батырдың көңілі ашылып басылсын деп,
Жыр-жырлап сонда қыздар ғазал айтты.
Қыздардың ғазалы:
Ашылған гүл солар ма,
Басына бұлбұл қонар ма,
Құдай берген дәулетке,
Келіп тұрған нәубетке,
Пенденің көңілі толар ма?!
Шын бұ дүние ғаламда,-
Жаңа шыққан заманда,
Ей, Шеризат, дүр жігіт,
Сіздей бағылан жаралып,
Енді анадан туар ма?!
Жеті ықылым патшасы,
Төре, қара баршасы.
Қарсы алдыңа келгенде,
Келбетіңді көргенде,
Сіздей шаһи ғаламға,
Осы тұрған заманда
Қуанышты болмай тұрар ма?
Сізге мойын сұнбаған,
Иіліп тұрып сынбаған.
Не бұйырған пәрменін,
Көңілдегі дәрменін,
Қабыл тұтып алмаған,
Мұсылман, сірә, болар ма?!
Дүниедегі сарайлар,
Алтын, күміс көп жайлар,
Бағы Ирандай болса да,
Басына бұлбұл қонса да,
Фердаус бағы болар ма?!
Заманның түрлі шағында,
Шарбағы гауһар тоғайда,
Гүлшат сынды сұлу қыз,
Сахараға шығып ешбір жан,
Мұндай сейіл құрар ма?!
Ау, қыздар, "сайқал" оқыңдар...
Ғаламда қисса "Кәрбала"
Көңілге жаттап тоқыңдар.
Әңгіме, жырлар көп қисса,
Гүлшат сөзіндей жарлаған.
Жазылған қағаз жүзінде,
Бажайына келтіріп,
Мен сөйлеген кезімде.
Жүз жыл қисса оқысаң,
Мұндай қайғың ашылып,
Тасыған көңіл басылып,
Көңілге шаттық толар ма?!
Мейірің қанып сүйсініп,
Бойың балқып исініп,
Қапалы мейірің қандырып,
Жүрегіңді жандырып,
Қызығы мұндай болар ма?!
[Шеризат қырған] жүзден қалған екеудің сөзі:
Мана бір екі жаман қалып еді-ау,
Өтірік ә дегенде, талып еді-ау!
Күн батқанша бір шұңқырда бұғып жатып,
Түн болған соң артына қарай-қарай барып еді-ау!
-Жарлығыңызбен сіздің бардық - дейді,
-Алмас пен Қоймасты басшыға алдық- дейді.
- Қауға түскен бір өрттей даулап жанып,
Қырылып бәріміз де қалдық!- дейді.
- Көрмеген батыр екен бұл ғаламда,
Қой болдық ұшырап қалған топалаңға.
Болса да жүз мың әскер жұғын емес,
Бүгінгі болар емес жүрген жанға.
Екі кісі әскерден үйге барды,
Патшаға жеткізіпті бұл хабарды.
Өлгенін батырлардың естіген соң,
Парахзат тұрып сонда қайғыланды.
Сонда патша Барыспенен ақылдасқан:
- Қайдан шыққан бұл батыр күші асқан?
Нақақ жұртты жылатып, қырдырмайық!-
Деп, патша ашуын өзі басқан.
Батырым - Алмас, Қоймас - олар қайда,
Бұл жігіт қайдан мұнда болды пайда?!
Не болса да жан емес жайға жүрген,
Келген адам емес қой тіпті жайға.
Барыс, барып біліп кел, оның жөнін,
Жайы-күйін сұрап біл және де өзін.
Анықтап сен сұрай гөр білгеніңше,
Шаһары, халқын, патшасын, шыққан жерін.
Бұл Шеризат көп әскерді қырған екен,
Гүлшатпенен кеңесті құрған екен.
"Жалғыз болсам, көп дұшпан келе ме?"- деп,
Жиып алып көп жолдас тұрған екен.
Керуеннің, Қожасағит, ақсақалы, "Ата"- деп
Шеризат жүрген сол күнде оны.
- Не болса да жиылып алайық!- деп,
Жиылды Шынмашынның көп керуені.
Жиылып көп керуен тұрды дейді,
Аз дәурен Гүлшат сұлу құрды дейді.
Патшадан елші болып Барыс келіп,
Шеризаттың шатырына кірді дейді.
Бұларға сәлем берді көрген жерден,
- Кімсің?- деп Қожасағит сұрай берген.
- Жақсыға дәл уақытта жолдас болып,
Қайырылған кәріптерге Барыс ер-мен!
Сонда ақсақал кісесін қолға алады-ау,
Сол кісенің ішінен дорба алады-ау!
Бір хатты дорба ішінен алып сонда: -
- Таптым- деп — жатқанынан айдалада-ау!
Қағазды алып Барыс оқып көрді,
Оқи сала орнынан ұшып тұрды.
- Айналайын, қарағым, сенбісің?!- деп,
Шеризаттың мойнынан құшып тұрды.
- Уақытында туып жатқан көріп едім,
Қорыққаннан Парахзаттан жүріп едім.
Артыма бір қарауға мұршам келмей,
Сонымен өз жөніммен кетіп едім.
Кезінде көріп едім туып жатқан,
Тамағын бір тоятын нанға сатқан.
Алсаң -бас, алмасаң- бас, алдияр бас,
Тірі боп отырмын ғой мен ант атқан!
Ажалға басшы болған бір тілім нан,
Күнінде екіқабат өліп қалған.
Парахзат пейілі азып өлтіртті ғой!-
Дегенде жыламаған қалмапты жан.
Шеризат о да орнынан ұшып тұрды,
Тәңірі осындай жеткізер талапты ерді.
Қайғының арты шаттық болады екен,
Екеуі есендесіп отырды енді.
Амандасып Барыс ер айырылады,
Хабарласып патшаға қайырылады.
Барыс келіп білдірді жігіт жайын,
Парахзат естіген соң қайғырады.
Парахзат келмек болды Шеризат ерге,
Өлтіртті неге анасын буаз күнде?!
- Бір қате болды бізден, кешіңіз!- деп,
Хан басын құлдық деумен қойды жерге.
-Алыңыз менен түгел мал-мүлкіңді
Аманат атаң қойған ел-жұртыңды.
Мейлің сат, мейлің айда, енді өзің біл,
Үйдегі қатын-қалаш, қыз-қырқынды
- Бер тегіс атам қойған аманатты,
Гауһар тәж, көп жұрты мен алтын тақты!
Аманат қойып кеткен анам қайда,
Парахзат, бұл сөзіме бер жауапты!
Тірі боп отырмысың, ей, ант жеткен,
Шешемді өлтірттің сен не себептен?!
Жазықсыз сорлы анамның кестің басын
Мен үшін анам байғұс сапар шеккен!
Парахзат төмен қарап үндемейді,
Қайырып Шеризат сөзін сөйлемейді.
-Зынданға жап мұны!- деп бұйырады,
Арызын, не қылса да, жен демейді.
Зынданға Парахзатты сонда жапты,
Биледі Шеризат патша алтын тақты.
Кешегі патша болған Парахзатың,
Зынданда қорлықпенен жатып қапты.
Көрісті жұрт жиылып хандарына,
Алдына қылып қызмет жалбарына.
Атасын өлтірерін білгеннен соң,
Гүлшаттың қайғы түсті жандарына.
Бір күн олай, бұл дүние бір күн былай,
Парахзат зындандағы жатсын солай.
- Атамды өлтірме!- деп, Шеризат ерге,
Қыз Гүлшат келеді екен қолқа сұрай.
Айтады Гүлшат жанға Шеризат батыр:
- Сен ойла, қайда кетті анам пақыр?!
Десем де өлтірмейін, шыдата ма,
Күйігі сол анамның іште жатыр.
- Жарайды, ашуыңды бермегенің,
Көп шығар бұл дүниеде көрмегенің.
Құдайдың шүкірлік қыл бергеніне,
Қалса да анаң өліп, өлмегенің!
Парахзат өз пейілінен өзі тапты,
Жек көрсін жақсы неге ынтымақты?!
Тоқтатқан қыз Гүлшаттың айласымен,
Ол күні өлтіруден аман қапты.
Шеризат екінші күн ашуланған:
- Мұны мен өлтірем!- деп қатуланған.
Ашуын қайтармаққа Гүлшат сұлу
Әңгіме, қисса сөйлеп, көңілін алған.
Тоғыз күн хайламенен тоқтатыпты,
Болғанда оныншы күн таң атыпты.
Жанына Шеризат ердің сол уақытта,
Қайғысы анасының бек батыпты.
Гүлшат пен Шеризат сейіл құрды,
Екеуі Фердауста бірге жүрді.
Өлгені анасының еске түсіп,
Жатады Шеризат құшып қара жерді.
Жылап Шеризат айтады:
- Ей, Гүлшатжан,
Сен - дағы қапа болдың бұл қайғыдан.
Анамды не себептен өлтіртті бұл,
Қандай жаза боларлық қылсам бұған?!
- Шариғат үкімі бірлан жоқ па обалы,
Берейін не ғып қиып мен сізге оны?!
Құп тұтсаң, құлақ салып, Шеризат жаным,
Сізге бір мен айтайын хикаяны.
Гүлшаттың Шеризатты жұбату үшін хикаясы:
Әуел бастан туған соң,
Бір өлмек бар-ды.
Дүниеге келіп жан болған соң,
Хақ ісіне көнбек бар-ды.
Ай мен Күнді көрген соң,
Дүниеге келіп жүрген соң,
"Құдай - бір, пайғамбар - хақ!"-
Мұсылманға білмек бар-ды!
Дүниеден демі біткен соң,
Аз дәурені өткен соң,
Дәм таусылып тезінен,
Алла тағдыр еткен соң,
Дәм таусылып дүниеден
Ажал оғы жеткен соң,
Пендеге бір өлмек бар-ды.
Өлім берді пенделерге,
Кім кірмейді қазған көрге?!
Қанша жанды жұтса-дағы,
Тойымдық жоқ қара жерге.
Басқа қылыш тисе-дағы,
Жанар отқа күйсе-дағы,
Уайым емес жігіт ерге!
Жамандыққа жақсылық ет,
Не болса да, құдайдан күт!
Жақсылардың сөзін ұқпай,
Ақылсыздай болма нәмәрт.
Сырыңды айтпа ғауретке,
Ішің толар қайғы-дертке!
Жолдасыңды тастамағын,
Даулап жанған қалың өртке.
Батыр жігіт ұрыс болса,
Қалқан тұтып шығар шепке.
"Жамандыққа жақсылық"-
Бұрынғы айтқан өсиет пе?!
Жақсы сөзін тұтпасаң,
Ашуыңды жұтпасаң,
Бәрін Хақтан күтпесең,
Шеризат сынды жанымыз,
Ақылға диқан ханымыз,
Біле білсең, бұл қылығың,
Өзіңе де қасиет пе?!
Бір жасында, Шеризат,
Анаңнан тудың аңырап.
Жетім қозы сияқты,
Жаттың бір жерде маңырап.
Алланың білсең бергенін,
Білсең анаң өлгенін,
Өліп жатқан шешеңнің
Кеудесіне өрмелеп,
Сол емшектен емгенің!
Анаң сүтін ас етіп,
Өзіңді-өзің мас етіп,
Аяқ басып жүргенде,
Үш жасыңа жеткенде,
Асыраған сені арыстан.
Тәңірі несіп бергенде,
Ыстық күнге күймедің,
Суыққа тағы тимедің.
Қарның ашып жатпадың,
Жаман асты татпадың.
Отқа түссең, жанбадың,
Суға түссең, батпадың.
Қазасыз пенде өлген бе?!
Төрт жасыңа шыққанда,
Ақылды ойың ұққанда,
Әр нәрсеге жүгіріп,
Малдас құрып жүгініп,
Отырып, тұрып, үйреніп,
Арыстанның соңынан,
Жүгіре басып жүргенің.
Бес жасыңа жеткенде,
Арыстан қашып кеткенде,
Жүгі бар көп керуен,
Тұсыңнан сенің өткенде,
Тамаша етіп баршасы
Сені барып көрісіп,
Ауыр жүгін тоқтатып,
Жүгіре басып, жүрісіп:
"Қайдан жүрген бала?"- деп,
"Құдірет шебер, қара!"- деп,
"Ата-анасы мұның жоқ,
Не ғып жүрген және?"- деп.
Шақырып алып өзіңді,
Көріп айдай жүзіңді.
Адамзаттан шыққан!- деп,-
Қара нәркес кезіңді. Қожасағит ақсақал: -
Маған байла, халқым,-деп,
- Жол болатын салтым,- деп.
Бұл арадан өткенде,
Еліне алып барған соң,
Медресеге салған соң,
Оқу оқып ұстаттан,
Қылыш ұстап болаттан,
Жеті жасқа жетпей-ақ,
Оздың шығып санаттан.
Кәмшат бөркің басыңда,
Барлық қыздар қасыңда.
Жүргеніңде жағалап,
Сенің қадір - пұлыңды,
Мың алтынға бағалап,
Көзін саған салған соң,
"Бұл болмаса шарым!"- деп,
"Кетер де менің зарым!"- деп,
Оннан шықтың он бірге,
Саудамен келдің бұл жерге.
Артық жүзің көрерге,
Шыбын да жаным аз болды-ау,
Құрбандық саған берерге!
Менің саған тигенім,
Жүзіңнен сенің сүйгенім.
Атама хабар беріпті,
Сіз бен бізді көріпті,
"Қосылды" - деп дұшпандар,
Он екі, он үш жасыңда,
Он жолдасың қасыңда.
Сені менің көргенім,
Бірігіп сонда жүргенім.
Фердаустың шарбағы,
Бұлағының басында,
Он төрт пенен он алты,
Душар болдым бір іске,
Атам айтып жарлықты,
Көрсетем деп тарлықты,
Сізді өлтіріп қаһармен,
Саламын деп сол маған,
Қайғыда қиын зарлықты.
Алмас пенен Қоймасты,
Жанындағы жүз батыр,
Оларға қосып жолдасты,
Сізге таман жіберіп,
"Алып кел!"- деп айтқаны.
Алмас, Қоймас келген соң,
Жүз жігітті көрген соң,
Жаныма менің батқаны!
Арыстандай айбатпен,
Рүстемдей сипатпен,
Майдан жерге сіз барып,
Кесіп басын, қан алып,
Кеудесінен жан алып,
Бәрін бірдей қырған соң,
Алмас, Қоймас, жүз жігіт,
Жазасын бәрі тартқанда,
Жамандық та - құдайдан,
Жақсылық та - құдайдан!
Жамандық қылған адамның,
Қарап тұрсаң, кәнеки,
Қылғаны өзіне жаққаны?!
Кездің бүтін ғаламды,
Жақсы менен жаманды.
Табанында қор еттің,
Жамандық қылған адамды.
Жақсылық құдай бергенде,
Дұшпаныңды жеңгенде,
Кәне, мүйізің шыққаны?!
Осы күнде төресің,
Өз еркіңмен жүресің.
Біреуге қылған жақсылықтың
Күн-түн аумай пайдасын,
Асықпасаң көресің!
Сойып жеген жоқ шығар,
Анаңыздың денесін.
Хақтан келген жарлықты
Оны кімнен көресің?!
Қатесіз пенде болар ма?
Бір қалыпта адамзат,
Біле-білсең, тұрар ма?!
Қысылғанды сүйер болсаң,
Тәңірім сізді демесін!
Бір ашуыңды бермесең,
Менің қадірімді білмесең,
Ашуыңды сөндіріп,
Нәпсіңді жолға көндіріп,
Маған бермей кеткенде,
Жан жолдасым, шырағым,
Енді кімге бересің?!
[-Деп тамам еткен екен, енді басқа түрмен айтады]:
- Қабыл қыл, жан шырағым, бұл сөзімді,
Сарғайтпа, қайғылы қып гүл жүзімді.
Көңілің ашылғандай қисса сөйлеп,
Құп жақсы, шат қылайын мен өзіңді.
- Қыз Гүлшат, айтқаныңа мен көнейін,
Әңгіме айтсаң, жақсы, құп көрейін.
Көңілім ашылғандай қисса болса,
Атаңды босаттырып жіберейін.
Сайрайды сонда Гүлшат бұлбұл үнді,
Жігітке сол уақытта Шеризат сынды.
Сандуғаш саман дүрдің дауысындай,
Қандай қыз сөйлер дейсің Гүлшат сынды.
- Патша Рүм жерінде хан бар екен,
Әскері неше миллион сан бар екен.
Бар екен сұлу қызы ай мен күндей,
Тілі жақұт (иақұт), тістері маржан екен...
Сүмбіл шаш, қалам қасты, мамық қабақ,
Ғұнша ерін, пісте мұрын, гауһар тамақ.
Дүниеде ондай сұлу қыз туған жоқ,
Айтайын нұр сипатын, есітіп бақ.
Дидары Зылихадан кеткен асып,
Болмаған оның нұры бізге несіп.
Жамалы бағы (фағы) буыршындай,
Күләндамдай Көрген ах, дариға, болар ғашық!
Бек көркем сұлулығы Санамдай бар,
Салдырған алтын - күміс көп сарайлар.
Жаһанда ондай абзал қыз болмаған,
Аты екен сол сұлудың Маһиманзал.
Болмаған ондай абзал бұ жалғанда,
Солар да бұл жалғаннан өтті арманда.
Жараңдар шын ғашықтан диуана боп,
Көрген жан "Пәлі!" — десіп, қалар таңға.
Сол қызына салдырған алтын сарай,
Жайылған оның езі жұртқа талай.
Ішінде алтын үйдің алпыс қызбен,
Оңаша тұрады екен Манзал бала-ай!
Көп қыздар болады екен оған жолдас,
Ондай боп ешбір адам дәурен құрмас.
Қыздары қасындағы бәрі сұлу,
Сипатын қанша айтсам да, тамам болмас.
Ай жүзді, сүмбіл шашты, тілі ғылуа,
Көздері ойнақтайды беріп жылуа.
Ғұнша ерін, алма мойын, сұлу иек,
Жүреді бұл сипатпен Манзал сонда.
Бір күні Маһиманзал тысқа шықты,
Үстінде алтын сарай сауық етті.
Он төртінен туған айдай Манзал түрін,
Көрді де, Ақтарғаяр есі кетті...
Көрген жан талады екен Манзал түрін,
Көрмеген Ақтарғаяр мұнан бұрын.
"Буынсыз жерге пышақ"- бар ма қойған,
Ішіне қайғыменен толды құрым.
Қасында жолдасы жоқ байғұс Ақтар,
Манзалға ғашықлығын ішке сақтар.
Жүргенін ғашық болып кім ойлайды,
Айналып бау-шарбақты Ақтар жақтар.
Аз ғана Ақтарғаяр сабыр етті,
Пайдасыз салды бұған құдай дертті.
Атағы Маһиманзал жұртқа шықты,
Жараңдар, естісеңіз мынау кепті.
Сол кезде бір патша тағы да өткен,
Тәбілез шаһарына үкім еткен.
Бар екен сол патшаның жалғыз ұлы,
Хабарын Маһинманзал о да есіткен.
Ұлының Маһрасар қойған атын,
Сол кезде он бес жасқа жетті жақын.
Ғашық боп Маһиманзалға түзеді бет,
Әскермен енді іздеуге салтанатын.
Екі жүз нар түйеге жүк артады,
Қазына алтын-күміс көп артады.
Бір жұртты тойғызғандай дәулет алып,
Шаһарына Маһиманзал жол тартады.
Қосшысы- екі жүз ер, басшысы- бір,
Мінгені бәрінің де- алтынды ер.
Жүз қазан ақшасы бар бөлек басқа,
Нанбасаң салтанатын, көзіңмен көр!
Рұмға ауыр әскер келіп қонған,
Патшаға хал-ахуалын мағлұм қылған.
Сөйлесіп Маһрасар басшысымен,
Сұлуды Маһиманзал бермек болған.
Патшасы той қылады қазына ашып,
Қуанды Маһрасар көңілі тасып.
Әйнектен өз күйеуін Манзал көріп,
Ішінен құп ұнатып, болды ғашық.
Екеуі ынтық болды көргенінше,
Сөйлесіп бір-бірімен жүргенінше.
Жалғыз-ақ күн жақсымен жүрген артық,
Жаманмен жүз жыл өмір сүргеніңше.
Той қылды шартараптың бәрін жиып,
Қосылды бір-бірінің көңілін сүйіп.
Қосылмақ ғашық жарға болғаннан соң,
Түрленді Маһиманзал киім киіп.
Патшасы той қылады-ау жұртын жиып,
Екеуін қоспақ болды тәңірім сүйіп.
Жатқанын ұзатқалы анық біліп,
Келеді Ақтарғаяр іші күйіп.
Қыз жатыр сарайында айдай балқып,
Қараңғы үйді жарық қып нұры шалқып.
Ну қамыстан жол тапқан жолбарыстай,
Кіріп келді сарайға Ақтар аңдып.
Ақтарғаяр күзетшінің басын кесті,
Салады осы жолда барлық күшті.
Қыз мұрнына талдырып дәрі иіскетіп,
Жапан түзге көтеріп алып ұшты.
Киімнің үстіндегі бәрін шешкен,
Дәрі иіскетіп, айырды ақыл-естен.
Үш күн, үш түн жол жүріп алып барып,
Сахара жапан түзге барып түскен.
Үш күн, үш түн жол жүріп Ақтар барды,
Кеш болып, түн ортасы болып қалды.
Құдайдың құдіретімен есін жиып,
Сол уақытта Маһиманзал демін алды.
Жапанда қала берді қайран бала-ай,
Болар ма енді орын алтын сарай?!
Оянған соң ғашығы есіне алып,
Тыңдаңыз, Маһиманзал болды қалай?
Шақырды қызметкерін көзін ашып:
- Біреуің келіңдер – деп - жылдам басып!
Далада жатқандығын анық біліп,
Сол жерде Манзал байғұс қалды сасып.
Ойлайды: "Бұл жатқаным қандай жер?"- дом,
"Құдай-ау, шын тілекті өзің бер!"- деп.
Қараса, бір кісі тұр анадайда,
Шақырды өз кісім деп:
- Бері кел! -деп.
Шақырған соң қасына келеді Ақтар,
Сүйемін деп Манзалға жақын жақтар.
Манзал шошып қарады: "Мынау кім?"- деп,
Әр жерде пенделерін құдай сақтар.
Болғанын бір пәленің Манзал білді,
Көңіліне бейшараның айла кірді.
Күліп сөйлеп Ақтарды еліктірді,
Тыңдаңыз, сөйлегенін, не дейді енді:
- Қадірлі Ақтар едің биге лайық,
Ақ орда, алтын жабдық үйге лайық.
Ынтық боп бұрын сізге жүруші едім,
Өзіме деп білемін сізді лайық.
Жаманнан қашушы едім бойым тартып,
Мен сізді көруші едім сондай артық.
Сол көктен тілегенім, жерден болды-ау,
Қуанышымды бітіре алман тілмен айтып.
Жан едім жамандардан безген дейді,
- Құдайым жолықтырды түзден - дейді.
- Жалғыз мен қайда барып күн көрермін,
Құдайым айырмасын сізден!- дейді.
Алдағанға нанады Ақтарғаяр,
Хайламен алдай білді Маһиманзал.
"Мен сізге ғашық едім"- дегеннен соң,
Ішер ас, киер киім қылды даяр.
Әрбір сөзден айтады әңгіме кеп,
Барады күннен - күнге Манзал жүдеп.
Сонда Ғаяр ойланып бұған айтты:
-Халлап деген шаһарға барайық!- деп.
Манзал айтты:
-Жарайды, жүрейік!-деп,
Құдайдың не салғанын көрейік,- деп.
Әйелдігім білмесін ешкім менің,
Форымына еркек адам кірейік!- деп.
Қызды арқалап Ғаярың жаяу салды,
Жаяулап күні-түні көп жерді алды.
Неше күн дем алмастан тынбай жүріп,
Бір үйіне Халлаптың кіріп барды.
Еркегі жоқ осы үйде бір кемпір бар,
Тынығып ұйықтап қалды байғұс Ақтар.
Қарны ашып жүдеген соң ол кемпірге,
Жылап сөзін айтады Маһиманзал:
- Қалжырап, шаршап келдім, шешекежан,
Шыққалы бес күн болды, татпадым дәм.
Қарным ашып барады, көңілім бейжай,
Бар болса, құдай үшін бір тілім нан!
-Базарға ерім кетті: "Ұн алам"- деп,
"Бір жерге жұмыс қылып қиналам"- деп.
Тағам жоқ қарыз жерге,- деп айтады,-
-Тоқтай тұр сабыр қылып, ай, балам!- деп.
Маһиманзал қарны ашқанын біледі Ғаяр,
Өзіне - өзі ойланып қайран қалар.
Сөйлесіп Манзал менен Ақтарғаяр:
- Бір қосты екеумізді, пәруардігер.
Келейін бір аралап базарына,
Сататын тамақ болса азалында.
Халлаптың барса Ақтар базарына,
Кез болды бір құдайдың қаһарына.
Ақтар да жетіп барды алдарына,
Қосылып базар толған жандарына.
Патшасы шаһар кезіп жүргенінде,
Бір адам қастық қылған жандарына.
Кетіпті патшасын бауыздасып,
Қалыпты күзетшілер дауыстасып.
Базарда жүргенінде Ақтарғаяр,
Алады: "Сен кімсің?" — деп, мұны ұстасып
- Пәлені бұл шаһарға келтірдің!- деп,
- Патшаны әділетті өлтірдің!- деп.
- Сенен басқа жат жұрттан еш адам жоқ,-
Сұрайды: "Қайдан келдің, елің кім?"- деп.
Бір адам жиһан кезген бұған келді,
Айналдырып Ақтарды қарап көрді.
Талай жерде ол мұны көрген екен:
- Қарақшы, мынау Ақтарғаяр!-дейді.
Зынданға жасауылдар мұны салды,
Пәлеге құтылмастай енді қалды.
Қыз түгіл, шыбын жаннан үміт үзіп,
Басына салды құдай қайғы-зарды.
Қандай жан бұл жалғанда зарланбаған,
Адам жоқ риза болған, жалған, саған!
Дүниеден арманда боп патша да өткен,
Артында орнын басар ұл қалмаған.
Патша білген екен өлетінін,
Алланың аманатын беретінін.
Өзінен туып қалған перзенті жоқ,
Халқына айтып кеткен өсиетін:
- Жиылсаң бай-жарлы мен кәрі-жасың,
Аллаға қойып тұрсаң шын ықыласың.
Атыма алтын шылбыр тағып жібер,
Бос жүріп ішіңізді араласын.
Майданға алып барып бос қой басын,
Қалмаңыз сол майданнан кәрі-жасың.
Етегін кімде-кімнің ат ұстаса,
Арнаңыз патшалыққа соның басын.
Аруағым риза болар халқым сізге,
Өсиет айтқаным сол бәріңізге!-
Патшаның осылайша жарлығымен,
Жиылып ертең халқы шықты түзге.
Жиылып кең далаға жарлы-байы,
Шаһардың елге толды өзек-сайы.
Кешегі Ақтарғаяр келмеген соң,
Естіңіз қалай болды Манзал жайы.
Ақтар келмей, қарыны ашқан екен,
Адамзаттың арқауы астан екен.
Таң атып Ақтарғаяр келмеген соң,
Майданға Манзал аяқ басқан екен.
Жиылған көп ішіне бара қалды-ау,
Тамаша бұл жиылысқа көзін салды-ау.
Сүйреткен алтын шылбыр арғымақ ат,
Иіскелеп Манзал қызды тұра қалды-ау!
Байғұсқа тағы берді құдай несіп,
"Шөп шығар біткен жерге - деген" -десіп.
Көтеріп алтын таққа патша қойды:
- Тапсырған патшамыздың сөзі!- десіп.
Үстінде патша болды алтын тақтың,
Саны жоқ құдай берген мал мен бақтың.
Жаратқан құдай артық Манзал бала,
Ұстады патшалығын шартараптың.
Мехнаттың табылды енді бір рақаты,
Патшалық бұған тиді қаражаты.
Зынданда тұтқындарды азат етіп,
Жайылды жалғыз күнде ғадалаты.
Патшалық дәрежеге (даражаға) қыз болып
Зынданда тұтқындарды қылған азат.
Кешегі зындандағы түскен Ақтар,
О дағы шығып кетті көппен қабат.
Зынданнан Ақтарғаяр шыға келді,
Босатты Маһиманзал тұтқын елді.
"Манзалға тамақ алып барайын!"- деп,
Асығып Ақтар жүгіріп келеді енді.
Ғаяр келсе, Манзал жоқ баяғы үйде,
Байғұсты салдың құдай қандай күйге?!
"Бір жерден тамақ ішіп жүрген бе?"- деп,
Жүгірген Ақтарғаяр үйден- үйге.
Еш жерде Маһиманзал көрінбеген,
Жүруге Ақтарғаяр ерінбеген.
Шаһардан шығып кетті жапан түзге,
Бұл елде қыз хабары білінбеген.
Жігіттер, енді бізден есті кепті,
Патшаның сауық пенен тойы бітті.
Жоқтығын Манзал қыздың естіген соң,
Қайғырып Маһрасардың есі кетті.
Маһиманзал жоқ болған соң, жұрты сасар,
Қапасын Маһрасар әрең басар.
Қайғысы ғашық жардың жанға батып,
Диуана болып кетті Маһрасар.
Жидырды патша балгер-бақсыларын,
Бай, жарлы, жауырыншы жақсыларын.
Ішінде бір жас бала балдама ашып,
Беріпті қайда кеткен қыз хабарын:
- Әкеткен Ақтарғаяр қызды - дейді,
- Сіздерге баяндасам сөзді - дейді.
- Осылай балдамаға көрінген бұл,
Айтты деп айыптама бізді - дейді.
Есітіп Маһрасар қапаланған,
Бір Ғаяр алып кеткенге назаланған.
Жүз жігіт батырларын қасына алып,
Іздеуге ғашық жарын даярланған.
Аттанған Маһрасар іші күйіп,
Жолдасын қалдырмастан алды жиып.
Көп кісі жол үстінде келе жатса,
Алдынан қашты дейді жалғыз киік.
Бұл жерде Маһрасар ырым еткен,
Тәжірибе бұл ырымды бұрын еткен.
"Жетер деп мақсатына - бұрынғы айтқан,-
Далада марал-киік қуып жеткен".
- Аяңда, жолдастарым, сіздер бөлек,
Киікті жалғыз өзім қусам керек.
Маһиманзал мұны тұтсам қолға түсер,
Құдайым берер болса, бізге тілек.
Киікті Маһрасар қуды жалғыз,
Болмаған бұл жалғанда пенде армансыз.
Жігіттің ойлағаны болмай қалмас,
Хабарсыз еш нәрседен жүрген жанбыз.
Киіктің ұстап алып басын кесті,
Көрсеткен Жаббар Құдай мұндай істі.
Бір адам отыр екен бейшара боп,
Қасына Маһрасар келіп түсті.
Отырған айдалада бір бейшара,
Болса да сырты дұрыс, іші - қара.
Қасына түсе қалып, атын байлап,
Жегізді киік етін оған және (жана).
Дәруішті тойғызады етке сыйлап,
Маһрасар аңқау байғұс қалды ұйықтап.
Маһрасар ұйықтап жатқанында,
Дәруіш байғұс кетіпті ат-тонын ап.
Отырған бейшара боп Ғаяр екен,
Көңілінде Маһрасар аян екен.
Дәрісі талдыратын иіскеткенде,
Залымның қалтасында даяр екен.
Сонда Ғаяр қалтасына салды қолын,
Иіскетті дәрісінен кәпір залым.
Ағашқа жалаңаштап таңып тастап,
Атын мініп кетіпті, киіп тонын.
Өлтіруге ішінде аяғаны,
Жалаңаштап өлімге таяғаны.
"Байлағаным ұнайтын жұмыс қой!"- деп,
Көңіліне бұл Ғаярдың жарағаны.
Жамағат, енді әңгіме есітіңіз,
Жол жүріп Ақтарғаяр жарық күндіз.
Сайланып мырза болып келе жатып,
Маһрасар жолдастарына жолықты кез.
Сол жерде жолдастары бұған келген,
"Маһрасар емес-ау!"- деп танып білген.
Ұстап алып байғұсты қатты қинап:
Қайда - деп,- Маһрасар?!- сұрай берген.
Таяқтап Ақтарыңды бұлар ұрды,
Қайнатты Хақ тағала қалың сорды?!
Тұщы етке, ащы таяқ өткеннен соң,
Жасырмай байғұс Ақтар айтады енді:
- Ағалар, мұнша сабап не еттім?!- дейді,
- Өз басыма мен өзім жеттім!-дейді.
- Не қылсаңыз ықтияр, шыным мынау,
Ағашқа тірі байлап кеттім!- дейді.
Ақтарды алып жүрді басшы қылып,
Маһрасар оянған көрсе келіп.
Атын мініп, киімін қайта киіп,
Жөнелді іздеп қызды ойнап-күліп.
Байлаулы Ақтарғаяр бірге жүрді,
Қинамас ұрып-соғып мұндай ерді.
Аң аулап Манзал түзге шыққан екен,
Бұларды келе жатқан көзі көрді.
Көрген соң артқан нарын шөгереді,
Дүниеде алғыс алған көгереді.
Қасында көп нөкердің тәуір бірін,
Қыз Манзал:
- Біліп кел!- деп жібереді.
Келеді бір нөкері Маһрасарға,
Айырылмай ақылынан, жан шығар ма?!
- Далада не ғып жүрген жансыздар?- дейді,
- Барасыз және қайда, қай шаһарға?
- Шаһардан Рұм атты шыққан жанбыз,
Жоғалттық бір кісіні жапа-жалғыз.
Жоқшымыз, асығыспыз іздеп жүрген,
Патшадан, ерікті болсаң, хабар алғыз!
Жоғалтып, болдық сонан хабар білмес,
Бар еді-ау жалғыз досым жанға теңдес!
Диуана қайғысынан болып жүрмін,
Адамзат ажал жетпей, қайтсе де өлмес!
Есітіп нөкер барды бұл хабарды,
Маһиманзал ғашық жардан хабар алды.
Алдынан күзетшілер аттандырып,
Қыз Манзал жолығарға даярланды.
Мініпті Маһиманзал алтын таққа,
Құдайдың, кім таласар, берген баққа?!
Орнынан ұшып тұрған құрмет етіп,
Есіктен Маһрасар кірген шақта.
Отырды Маһрасар амандасып,
Жоғары төрге шықты қадам басып.
Маһиманзал таныған соң ғашық жарын,
Отырды өзін-өзі әрең басып.
Сөйлейді Маһиманзал кәріплерге:
- Келдіңіз не жұмыспен осы жерге?
Қандай жұрттың адамы сіздер?- деймін,
- Келгенде, білдіріңіз сол біздерге.
Сөйлейді Маһрасар сонда сөзді,
- Құдайым әуре қылған,- дейді - бізді!
- Айрылып жаннан тәтті бір досымнан,
Бір хабар біле ме - деп тұрмын - сізді?!
Жапанда іздеп соны жалғыз жүрдім,
Сонда да залым Ақтардан жапа көрдім.
Досым үшін мен қинап шыбын жанды,
Сұрағалы хабарын сізге келдім.
Бұйырды Манзал патша бір адамға,
- Ақтарды алып кел — деп - жылдам мұнда!
Ақтарды алып келді тоқтатпастан:
- Әкелдік – деп - Ақтарды! - айтты сонда.
Сөйлейді сонда сырын Ақтар бастан,
Жасырып білген сырын тастамастан:
- Келгеннен соң айырылдым бұл шаһарға,
Құр бекер алдым қарғыс екі жастан.
Сөйлеген сонда Ақтар бастан-аяқ,
Жылайды естіген жұрт Манзалды аяп.
Маһрасар мұны естіп қапаланған,
Өлімге шыбын жанын жақын таяп.
- Ойлап ем қандай жаннан кем едім?!- деп
- Ақтарға ойланбадым тең едім?!- деп.
Мінгізді Маһрасарды алтын таққа:
- Қыз Манзал кәріп болған мен едім!- деп.
Есітіп патшазада есін танған,
Халайық бәрі бұған қайран қалған.
Манзалдың қыз екенін сонда біліп,
Шаһар халқы мұны көріп, аң-таң қалған.
Ағызды Маһиманзал көздің жасын,
Көтеріп Маһрасардың жерден басын.
Жыласып, қуанғаннан, көріседі,
Құдайым сүйген жардан кем қылмасын!
Ғаярың аң-таң қалар:
- Бұ не кеп?!-деп,
- Жалғанда маған енді тірлік жоқ!- деп.
Айтқаны бұрынғының бар емес пе:
"Әуелі жапа көрмей, опа жоқ",- деп.
Қосылды үшбу жерде екі ғашық,
Жолығып Маһиманзал мауқын басып.
Маһрасар қуанғаннан ғашық жарға,
Жүздері айдай болып, нұры тасып.
Маһрасар патша болды таққа мініп,
Қосылған ғашық жарға жолы болып.
Үстінде алтын тақтың ойнап-күліп,
Отырды сол заманда көңілі тынып.
Көңілінен қайғы кетіп, шаттық кірді,
Бұлардың шын тілегін құдай берді.
Күнәсін ғапу қылып тұтқындардың,
Жіберді босаттырып Ақтар ерді.
Қосылған ғашық жарға арманы жоқ,
Артық құдай еш басқа жазғаны жоқ.
"Жақсыда - кек, жаманда тек жоқ"- деген,
Сөзінің бұрынғы айтқан жалғаны жоқ.
Сондай боп дүниеден өтті солар,
Адамзат, дәулет болса, көңілі толар.
Екеуін екі жерден ойран қылған,
Қастығы бір пенденің сондай болар.
Сөйледім ишаратпен мұны сізге,
Бұл қисса мақұл болса көңіліңізге.
Қылса да қандай қастық Ақтарғаяр,
Босатты іркілместен жалғыз сөзге.
Жақсыны жаманменен көргеннен соң,
Келмек жоқ саған қайтып өлгеннен соң.
"Жамандыққа - жақсылық"- деген қайда,
Бір құдай ақырында бергеннен соң.
Бұл дүние опасыз ғой бәрімізге,
Жас түгіл, алдау салар кәрімізге.
Рақатын бір құдайдың аяйсыз ба,
Алла несіп берген соң өзіңізге.
Күнәсін сол әкемнің кешіп жібер,
Жазасын жазалының құдай берер.
Шешеңнен өліп жатқан несіп берген,
Таппас деп, ойлайсың ба, тәңірім шебер?!
Әңгіме - осы қисса сізге жетер,
Бұл дүние бір керуен бізден де өтер.
Кескенің пышақпенен өз бармағың,
Басқаның, байқап тұрсаң, несі кетер?!
Артық бақ құдай берген салтанатың,
Жайылды заманыңда Шеризат атың.
Өзіңді - өзің жойып тастаған соң,
Басқаға қайдан тиер шарапатың?!
Мынау сөз жүйесіне түсті дейді,
Байқап тұрсаң, кім де - кім (кемде-кем) есті дейді.
Көңіліне қыз Гүлшаттың сөзі ұйып,
Күнәсін Парахзаттың кешті дейді.
Күнәсін кешіп, еткен жақсылықты,
Істеген кешіпті өткен қаталықты.
Мал-мүлкін азат қылып, оны сыйлап,
Шеризат Парахзатты сондай күтті.
Адамның ақылы аз надандары,
Түспейді ишаратқа жамандары.
Мұратқа екеуі де солай жеткен,
Осылай болып өткен замандары.
Ғибрат бозбалаға айтқан сөзім,
Жұмылса, тіл тоқтайды, бір күн көзім.
Қатесін білместіктің кешіргеннің,
Ұқсын деп сіздерге айтқан нақыл сөзім.



Пікірлер (4)

Айкүміс

Өте керемет дастан. Маған қатты ұнады.

Aru5689

Иә нағыз керемет дастан өте қызық және тәрбиесі мол оқиға

Айдос

Дастандагы эпизод деген не?

Әсем

Өте керемет дастан, жүрекке жылу ұялатты. Жалпы уақытымды зая кетірмедім

Пікір қалдырыңыз

Жар-жар (1-нұсқасы)

  • 1
  • 2

- Бір толарсақ, бір тобық
Санда болар, жар, жар!
Қырық кісінің ақылы
Ханда болар, жар-жар!

Толық

Бір үйге

  • 0
  • 0

Бір үйге көп қараймын тамаша етіп,
Ұстаға соны салған көңілім кетіп.
Алыстан анадайдан түсіп көзім,
Қасына шыдай алмай бардым жетіп.

Толық

Тақпақ

  • 1
  • 0

Арай, арай, арай бар,
Арай толған сарай бар.
Бурылша атқа бұғау бар,
Бұғауды кесер егеу бар.

Толық

Қарап көріңіз