Аққулар – Марфуға Айтқожина

Бұл бетте «Аққулар» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.08.2018
  • 0
  • 0
  • 5471
Айдын көл беті жап-жалтыр,
Аққулар жүр шомылып.
Ақ қайың ару ақ балтыр,
Ақша бұлт көлге көміліп.
Емін-еркін жүр қалқып,
Аққулар кербез таранып,
Құдды көлге нұр балқып,
Толқынмен баяу таралып.
Демалып отыр жиекте,
Жігіттер, қыздар сыбырлап.
Құйылып бір ән жүрекке,
Тарайды бойға шымырлап.
Ойлана қарап тұрмын мен,
Сұлу ғой аққу керілген.
Бір күнің қызық бір күннен,
Ой шынар биік өрілген.
Ақ құстар жайды қанатын,
Сүңгіп, қалқып, таранып.
Көзіңнің жауын алатын,
Аққудай жандар бары анық.
Күзге ұқсас көңіл мұңланса,
Шаттансаң жаз боп кетесің.
Аққулар жүзіп жүр қанша,
Байқамай жанап өтесің.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері