Біз екеуміз – Марфуға Айтқожина

Бұл бетте «Біз екеуміз» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.08.2018
  • 0
  • 0
  • 3149
Отты көздің жанарынан аумаған,
Егіз қайың сияқты едік екеуміз.
Ақжал толқын сияқтанып аунаған,
Жетелесіп бірге өскен екенбіз.
Жақындамай не бір жақсы досымдай,
Сен дегенде ет жүрегім езілген.
Шалғай кеткен жол сияқты қосылмай,
Екі жақта өртендік-ау сезіммен.
Қыз жүрегін өзің едің күлдірген,
(Жүрген бала ек кеше ғана секіріп).
Махаббаттың өкінішін кім білген,
Жыр толғаймын есейгенде өкініп.
Талай көздер екеумізге сұқтанған,
Жырық үйдің жабығынан нұр сынып.
Сол пәк сезім жүгіріп талай шықты алдан,
Жалт бергенмен бұл опасыз тіршілік.
Отты көздің жанарынан аумаған,
Егіз қайың сияқты едік екеуміз.
Ақжал толқын сияқтанып аунаған,
Жетелесіп бірге өскен екенбіз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері