Көңіл құсы

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 14.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2683
Құлатпа оны

Соғар кеште салқын самал даладан,
Кім бар дейсің өткен күнін санаған.
Жеткен де бар, жетпеген де бұл күнге,
Келіп тағы, кетіп жатыр сан адам.
Өтер күндер бұрқылдатып, шандатып,
Бір арманың бір арманмен жалғасып.
Жатыр-ау сол өткен күндер ішінде
Табысып та, суысып та сан ғашық.
Әйтеуір күн өтіп жатыр жымдасып,
Күлкі шайса көңілдегі мұң қашып.
Ақын жалын, жалын жастық апырмай,
Бір жанарда мөлтілдеген тұр ма шық.
Айта көрме күнім босқа өтпеді,
Оған айғақ отыз жылдың беттері.
Өкінішпен өтемін бұл өмірден
Орамаса жанымды өлең от лебі.
Өтер күндер, сарқылар-ау бұлақ та,
Құяр тасқын, құяр барып жыраққа.
Өлең деген тасқа біткен гүл шығар,
Мен құлайын, құлатпа оны бірақ та.
Шек жоқ еді сол күнгі шаттығымда,
Тау өзені бұрқанып жатты мұнда.
Толқындардың толассыз әнін тыңдап,
Көзін сүзіп аспанда ай батты нұрға.
Биіктен естиді-ау деп құздар әнін,
Кейде бір қыран ұшса қызғанамын.
Меңіне ұқсап тұрмын бетіндегі,
Толықсып жатқан мынау қыз — даланың.
Келсем сенен қашан да күй тіледім,
Керегі жоқ қашан да сый-сүбенің.
Сәл суысам шабытты үрледің сен,
Мінезіңе осынау сүйсінемін.
Жүрсем де алыс аламын есіме мың,
Жанарыма кейде әкеп көшіремін.
Өзіңе жаққан кеудемде жалын жатыр,
Мен лаулатпай оны неге өшіремін.
Сөндірмеді дейсің жанған өртті кім,
Көрсетпеді дейсің кімдер мерттігін.
Келсе біреу мен де бірге қуанып,
Ал мұңайса мен де бірге дерттімін.
Кейде жүрек баса алмайды аптығын,
Кейде өзінің табады да шаттығын.
Кейде мынау от кеудемді түн жайлап,
Кейде жылы тыныстап бір жатты күн.
Өмір — шулы, кейде тыншып тыңдаймын,
Өмір — керуен, қалмайын деп тынбаймын.
Өмір қатал,
Көрін төгіп жармасса,
Көк шыбықтай майыссам да сынбаймын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Көңіл құсы өлеңінің авторы кім?

Марфуға Айтқожина — осы өлеңнің авторы.

Көңіл құсы өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Көңіл құсы өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Марфуға Айтқожина өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Көңіл құсы өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері