Аманат – Марфуға Айтқожина

Бұл бетте «Аманат» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2781
Мен бүгін қарап тұрмын тамашалап,
Мінеки, өмір-дағы жаңашарақ.
Кешегі биік деген аласарақ,
Жан толқыр, жаңалыққа қарасаң-ақ!
Мен бүгін қарап тұрмын тамашалап,
Жаныңа — жақын келіп, жанасалап.
Жанарынан Неваның нұр шашылды,
Айтатын ойы бардай оңашалап...
Жүзіңе ізгіліктер ұялаған,
Жанарын сенен қалай жияр адам?..
Күн болып, күркіреген Аврораң тұр,
Жыр — жаңбыры тоқтаусыз құяды одан.
Өр тұлғаң тұнып тұрған көп батырлық,
Қарғиды, мыс салт аттың көкке атылып...
Күзетер арыстандар қақпаларды,
Ақырғанда от шашылып...
Ақ түнде тұрсың әне, айбынданып,
Айта алам саған ғана қайғымды анық.
Сендегі үлкен жүрек сезер бәрін,
Жүр екен деме, мені жай мұңданып...
Аманатын әкелдім талайлардың,
Алдымнан атқан таңдай арайландың.
Арман болып сен мені асықтырсаң,
Жету үшін мен саған жер айналдым!..
Жету үшін мен саған жер айналдым,
Қасында тұрмын енді —
Ей, айбарлым!
Толқынымен Неваның толқып барам,
Шабытымен шалқалап өр ойлардың!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері