Түн аунап тізесінде – Марфуға Айтқожина

Бұл бетте «Түн аунап тізесінде» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.08.2018
  • 0
  • 0
  • 1954
Салқын самал.
Тау баурайы соншама көркем еді,
Аңыз дерсің естіген ертедегі.
Түн аунап тізесінде жасыл белдің,
Армансыз,
Наз қылықпен еркеледі.
Салқын самал.
Барады өз-өзінен маза қашып,
(Кешіре гөр, кетсем мен жаза басып).
Тыныстатып бір нәзік сұлулықты —
Дала жатты маужырап, алаң-ашық.
Салқын самал.
Сипайды ақ селеуді сылаңдатып,
"Сәулем-айды" шырқайды шығандатып.
Асырған еркелігін асау сезім,
Жіберді-ау көз алдымды тұмандатып.
Қарсы дау айта алмадым бұған да түк,
Түн ару — қара шашын бұлаңдатып.
Сылқ-сылқ күлді,
Жанға сол кетті батып,
Бүркіті жөткірінді тұмауратып...
Салқын самал.
Тау баурайы сонша ма көркем еді,
Аңыз дерсің естіген ертедегі.
Түн аунап тізесінде жасыл белдің,
Наз қылықпен,
Армансыз еркеледі.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері