Өлең, жыр, ақындар

От ішіндегі гүл

  • 17.08.2018
  • 0
  • 0
  • 1754
(Баллада)

Әнменен күй шалқып кеткен
шаттық толы шартарап,
Бойжеткендер би билейді
от құшақта шалқалап.
Жаңа жылдың бұл кешінде
жарқын жүзді жаңдар көп
Дастарқанда дуылдасып
құрады жұрт салтанат.
Екеу отыр елден ерек
көңілі судай тасынған,
Екеу отыр бәрі де ұмыт,
махаббатқа бас ұрған.
Екеу отыр күлкісінен
ақ маржандар себелеп,
Екеу отыр өзге жұрттан
қуанышын асырған.
Екеу отыр елең қылмай
әзіл сөзін басқаның,
Кеуделерін кернегендей
Дауылдаған асқақ үн.
Екеу отыр сонша нәзік
бірін-бірі аялап,
Кір шалдырмай махаббаттың
мөлдіреген аспанын.
Екеу отыр жүздеріне
бар қуаныш ұялап,
Екеу отыр жүректерін
 күмбірлеген күй орап.
Екеу отыр қыз-жігіттей
қия алмаған бір-бірін,
Еншісіне тағдырынан
татулықты сұрап ап.
Мен оларға қала алмадым,
қала алмадым таңданбай,
Айдын көлде екі аққу
бейне сайран салғандай.
Сол екеуінің көңіліндей
сонша мөлдір, сонша пәк,
Ақ кар құшып мүлгіп тұрған
қысқы дала, маң қандай.
Мен оларға қала алмадым,
қала алмадым таңданбай,
Мен сұқтана қарай берем,
жымияды шамданбай.
Неткен жандар бұл өмірдің
сүрлеуінде бұралаң,
Әлі дағы бір-біріне
биік тұрған армандай.
Сол екеуі қыздырады
мынау сайран кешті де,
Әндетеді, әндетеді,
есерлеу де, есті де.
Ақын отыр ой үстінде
көк түтінге оранып,
Осы сәтте қиял бұлты
 дүркірей бір көшті ме.
Будақтатып үсті-үстіне
тартады ақын шылымын,
Көк түтінмен қоса жұғып
көп қиялдың шырынын.
Көз сала ма әлде сол бір
алыстағы арманға,
Өткен күннің бірі қатал,
бірі қызық, бірі мұң.
Бітпес тірлік тауқыметі,
қолы тимес тірінің,
Кейбіреулер қатарына
қосады өзін ірінің.
Кейбіреулер қыр астында
шығара алмай жүр үнін,
Кейбіреудің аяқ асты
ажал қырқып жұлынын.
Кейбіреулер тұралап жүр
көптігінен жүгінің,
Кейбіреуді тартып кетті
дүние қоңыз — иірім.
Асау сезім құшағында
толықсыған бойжеткен,
Бір тарқатып, бір өреді.
қолаң қара — бұрымын.
Бұл өмірде қуана алмай,
жұбана алмай жүрген көп.
Кей қабақта шаттық емес,
өкініш көп, кірбең көп.
Пенделердің бәріне ортақ
бір қасиет өмірде —
Білген емес ешқашан да,
өзінің мінін білген жоқ.
Өкінішпен ащы өзегін
жосалаған, тілген көп,
Еш нәрседен оза шауып,
алған менің жүлдем жоқ.
Жетіп жатыр бір басыма
өкініш те, қуаныш,
Жылайды екен ақын жүрек
жұрт көзіне күлген боп.
2. Тарау
Сағына күтіп сарғайған,
Сұрапыл сол бір қан майдан.
Жаралы құстай сұңқылдап,
Қанатын биік самғайды ән.
Ән емес, өмір зар жатқан,
Ұйтқыған дауыл, қарлы ақпан.
Жолдаған сәлем ауылға ол —
От кешіп жүрген солдаттан.
Жұбату еді ол анасын,
Таусыла күткен даласын.
Естіген сайын сол әнді,
Қозғайды жүрек жарасын.
Шымырлап кетті-ау бар денем,
(Түс көрдім бе әлде мен).
Ән қалықтап барады,
Жолында қалып сан белең.
Жатыр ма шағып ер мұңын.
Қан кешіп кеткен кемді күн
Жатыр ма айтып сәлемін,
Қайтпай да қалған сорлының.
Далада ақ қар жамылған,
Сағыныш па екен сабылған,
Барады баурап өзіне,
Ән еді зарлы нағылған.
"Күнім, Гүлім, еркетайым, шырағым,
Неге мұнша тым езіліп жыладың.
Әлің құрып, көз жасыңа булығып,
Алдыма кеп, құшақ жая
Құладың".
Солқылдайсың, өксігіңді үдетіп,
Неткен қайғы, жүрген сені жүдетіп...
Жастайыңнан өртке күйген жан едің,
Сонда дағы өмірдің гүл, сәні едің.
Сұм жалғанның соққысына мойымас,
Жігер-қайрат,
Ақылға артық жан едің.
Ей, Гүлім–ау,
Гүл ерке — нұрым–ау.
Арманы мол,
Өкініші зор,
Опасыз дүние–ау!"
Деп әнші де, домбыра да
тылсым күй де тиылды,
Осы сәтте әнші сырын
түсіну де қиын-ды.
Манағы бір жарқын жүзді
жайсаң жеңге жүзінен
Омырауға ыстық тамшы
жарыса кеп құйылды.
Баса алмады ұзақ уақыт,
баса алмады ол өксігін,
Тым ажарлы, тым көңілді
басталған-ды кеш бүгін.
Мен отырмын сол бір әнде
үлкен түйін бар-ау деп,
Түсіне алмай отырған көп,
мұнша сырдың ешбірін.
Мен отырмын сол бір әнді
қайта естуге ынтығып,
Домбыра да үндемеді
қос ішекке мұң тұнып.
Енді біреу жөткірінді
шарап жаққа жаутаңдап,
Ұсынар деп бізге қашан
орынынан ұмтылып.
Мен отырмын арыла алмай
әннің өсем ырқынан,
Тербейсің–ау жан дүниені,
жылатасың шіркін ән.
Жеңгей отыр ой жүгіртіп
сонау алыс жылдарға,
Өмір дейтін тоқтауы жоқ
құм толқын ба сусыған.
Мен отырмын отын үрлеп
ұмыт болған шақтардың,
Солып қалған гүлін іздеп,
үсік шалған бақтардың.
Ағатайым, ән арқылы
Қанды жорық майданның
Айтса-дағы таусылмайтын
шежіресін ақтардың.
Қала алмадым тебіренбей
жас арудың зарына,
Сағынады, аялайды,
жұбатады өн жалына.
От ішінде өлмей жүрген,
солмай жүрген сол гүлдің
Шежіресін айта түсші,
Ағатайым, айта түсші тағы да.
Екеу отыр елең қылмай
әзіл сөзін басқаның,
Кеуделерін кернегендей
дауылдатқан асқақ үн.
Екеу отыр сонша нәзік
бірін-бірі аялап,
Кір шалдырмай махаббаттың
мөлдіреген аспанын.
Мен оларға қала алмадым
қала алмадым таңданбай,
Айдын көлде екі аққу
бейне сайран салғандай.
Сол екеуінің көңіліндей
сонша мөлдір, сонша пәк.
Қар жамылып мүлгіп тұрған
қысқы дала, маң қандай!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Құс келгенде

  • 0
  • 0

Әуелеп ұшқан сайын құстар үдеп,
Бұлқынар ұясында құштар жүрек.
Анашым,
Айтушы еді,

Толық

Жол үстінде

  • 0
  • 0

Қыран бізді көтеріп биіктеді,
Бұлт ішінде ойнаған киік пе еді.
Бөлендім кең даламда бір рахатқа,
Салқын лепті самалың сүйіп тегі.

Толық

Қоштасу

  • 0
  • 0

Кешегі көп күдік пен күмән қалып,
Қолымыз жетті,
Тәубе бұған да анық.
Көне жұрт!

Толық

Қарап көріңіз