Өлең, жыр, ақындар

Ешкіөлместен ескерткіш

  • 17.08.2018
  • 0
  • 0
  • 1699
ПОЭМА

1. Басқарма
Нұрға бөлеп кең алқапты, дәндерді,
Алтын сәуле алып қырға өң берді.
Жақсы ағалар,
Жаны жайсаң құрбылар,
Қуаныштымын,
Жырлай алсам сендерді.
"Тұлпарының" іздерінде шаң қалып,
Келе жатты көк алқапқа таңданып.
Бет алысы
Қырықтықшылар ауылы,
Келе жатты
Талай іске қамданып.
Нұрболаттай — ағамыз бар, көп білер,
("Бой тасалап жүр ме талай ептілер"),
Сол ағаны ортаға алып тұр әне,
Шалғыларын
Күнге қайрап, шөпшілер.
Нұрекеңсіз қызбайды ауыл жұмысы,
Ол бәрінің
Ағасы да, інісі.
Елдің қамы, малдың жайы, егістік,
Қашан көрсең
Болмайды-ау бір тынышы.
Осы ауылда ол —
Талай жылдар басқарма,
Ақылымен биік құзар, асқар да.
Сол кісімен кеңескелі келеді
Жаңа келген
Жангелдідей жастар да.
Қырағы көз шалады бар маңайын,
(Ешкіөлместе өткерді өмір талайын).
Ешкімге де бөтен емес
Нұрекең,
Бәріне де —
Жақын туыс, ағайын.
Кең даланың шолып тұр ол қиырын,
Ой көмкерген
Қырағы кез қиығын.
Абайлатпай келіп қапты-ау алпыс та,
Өткен өмір
Түпсіз терең, иірім.
Зымыраған уақытпен де жарысты,
Күндер, айлар,
Жылдар артта қалыпты.
Ұзақ жолдар үстінде ол осылай
Еңбекпенен,
Мерейменен табысты.
Келер болса ауылға бір жақсылық,
Өнер болса іргеге бір жас шыбық.
Бәрінде де үлесі бар
Нүкеңнің,
Халқы үшін —
 Керек іскер басшылық.
Қашан көрсең демейді бір қажыдым,
Анау әжім іздерінде —
Жатқан жоқ қой аз ұғым.
Ұнатады ол тауды дағы асқарын,
Ұнатады гүлдің сонша
Нәзігін.
Ұнатады ол маңдайдан тер төккенді,
Ұнатады ол гүл көмкерсе
Бөктерді.
Ұнатады ол сай мен қырын,
Даласын,
Алтын астық оюлаған бөктерді.
Ұнатады ол ашық күнді нұр сепкен,
(Ескерткіштей сақтаулы әлі
Сұр шекпен).
Бұл күндегі ел ағасы жанының,
Түкпірінде —
Талай сырлар жүр шөккен.
Қан майданнан әйтеуір аман келді де,
Бүгін, міне, басқарып жүр елді де.
Сол жылдардың белгісіндей
Ұмытылмас—
Көзге ұрады
Оң қолдағы белгі де...
2. Құлазыған дала
Дала еді ғой,
Орман–көлі сыңсыған,
 Дауыл ұйтқып, жылдар кеші сусыған.
Дала еді ғой,
Ешкіөлместің, баурайын
Тылсым күйде тербететін сыршыл ән.
Дала еді ғой,
Сырын жатқан ашпастан,
Анау шексіз аспанменен астасқан.
Енді, міне, маңайында еңбектің,
Талай ұлттың —
Балалары бас қосқан.
Дала еді ғой,
Ауыр ойлар меңдеткен,
Қарлы құйын үйіретін жел де өктем.
Енді міне толқындайды
Көк теңіз,
"Жер көгерер" деген осы еңбекпен.
Дала еді ғой
Жата тұғын сыр бүгіп,
Шоқпар, сойыл — өткен белін сындырып
Енді, міне, арайланып алтын күн,
Ақ айдынды аймалайды нұр күліп.
Тербеледі,
Толқындайды, тың дала,
(Төбемізден ауып кеткен күн мана).
Нұрекең жүр егістікті аралап,
Нәзік гүлдер —
Жол береді ырғала.
Көз тарта кеп құлпырады кең алқап,
Келген еді-ау осынау кезді
Ел аңсап.
Жер жомарттың алтын дәнін,
япырмай,
Жарар еді тау ғып үйіп
Бере алсақ.
Кенер жай көп қуанышқа кісіні,
Қыз даланың келісті–ақ қой мүсіні.
Алтын астық бітік өсіп келеді.
Жақсы болғай енді оның
Түсімі...
Деп, Нұрекең ым қағады жастарға,
Тыныстайды–ау адам жаны дос барда.
Аға сөзін құптағандай
Айтылған,
Желбірейді жарыс туы
Қостарда.
3. Ешкіөлместегі ескерткіш
Қыза түсіп өтіп жатыр кештен кеш,
Жайым бар ма кеш қызығын ескермес.
Күні бойы ойлар кеміп
Қалжырап,
Мана бір сәт
Қалғып кеткен Ешкіөлмес.
Самал соқса ойнаттырып сауырын,
Қызғалдаққа төсей түсіп бауырын.
Жатқан еді
Жанарымен бір шолып,
Етектегі ақын Сара ауылын.
Ауыл үстін билегендей тылсым үн,
Жатқан еді бұзбай ғана түн сырын.
Әлде қайдан күрсінеді әупілдек,
Тоқтатпайды Байғыз-дағы сыңсуын.
Бұл кештері ауыл жатқан тыныстап,
Сыңғыр үнге ұйып балқып күміс бақ.
Ақын жанын мазалайды,
Тербейді,
Осынау бір тамылжыған
Тыныш шақ.
Аулы осы —
Әйгілі ақын Сараның,
Дамылдатқан кеудесінде дала әнін.
Қайрылса да қанатынан ақ арман,
Ол — бұлбұлы,
сайрап өткен даланың.
Зарыңды мен айтпасаң да сеземін,
Түңілемін,
Сұм заманнан беземін.
Сенің мұқың — қалың елдің мұңы еді,
Ұрпағыңның —
Өртеп кеткен өзегін.
Қиял — соқпақ шарықтаймын, кеземін,
(Дала ғана — бермей жатқан өз өңін).
Мұңаймашы, зар төкпеші,
Сара ақын,
Сал домбырамен
Ән шырқайтын кезегін.
Болсақ-дағы қатарыңнан сымбатты,
Жүрегіңде айықпастай мұң жатты.
Әнмен бірге көз жасыңды
Ағытқан
Айтшы, апатай,
Кімдер сүртіп, құрғатты.
Ащы жаспен жудың–ау ай — жүзіңді,
Нәзік үнің айтшы, қайда
Үзілді.
Қарашы, апа,
Бір көтеріп басыңды,
Қандай ғажап біздің өмір
Бүгінгі.
Ақын жайды барған сайын ұғына,
Үңілемін жырларыңа,
Сырыңа.
Жалғыз рет қарашы, апа, сен бүгін,
Шығып алып
Бүркіттінің шыңына.
Қалар ең ғой көз ала алмай таңырқап,
(Жатқан жоқ па төрт түлік мал сонырқап).
Құбылтар ма ең, бұлбұл үнмен
Сонда сен,
Төгілер ме ед тасқын жырлар,
Жаңа ырғақ.
Төгер ме едің зар емес,
мол қуаныш,
(Сенің дәуірің бізден, рас, тым алыс).
Түсінем ғой көңіліңді
Сонда да,
Ақын жанға қайдан болсын
Жұбаныш.
* * *
Тауға, тасқа толқындарын ұрғылап,
Көз жасың ба —
Ағып жатқан Мұзбұлақ.
Қарғыс айтып сол бір қатал заманға
Ескерткіш тұр,
Түн жамылып,
Тұнжырап.
Ескерткіш тұр домбырасын көтерген,
(Ел алдында ақын парызы өтелген).
Ақын болмай, жәй сұлу боп
Жаралсақ,
Кім біледі, армансыздау
Өтер ме ең...
* * *
Жұрт қалған ба қызық-думан, айтыстан,
Ешкіөлместің баурайында
Ай құшқан,
Сауықшыл ел тағы да бір жиналды
Айтыс үні —
Естілер деп қай тұстан.
Сол бір кеште қызыққа ауыл батқан-ды,
Серпіп тастап зілдей ауыр батпанды.
Ән арқалап,
Зар арқалап сол кеште,
Көкшетаудың —
Ақиығы аттанды.
Сол бір кеште домбырадан күй ақты,
Самал тербеп желпіді
Көк қияқты.
Қойнауында Ешкіөлместің сол бір өн,
Күні бүгін —
Тұнып қалған сияқты.
Неткен заман, шерлі едің япырмай,
Сен шерткен мұң
Жатыр ізін жасырмай.
Өміріңді өксіткенмен сұм тағдыр,
Өтеді екен
Ақын жаны бас ұрмай.
4. Күйші қарттар
Қасқыр ішік омырауын қапсырып,
Келіндерін аяқ асты састырып,
Келді екі қарт қырау қатып Мұртына,
Тымақ бауын байлап алған тас қылып.
Келді екі қарт —
Күміс белбеу буынған,
Сақал-шашы ақ күміспен жуылған.
Бас изесіп амандасты
Баршаға.
Осы ауылға таныс жандар бұрыннан.
Сосын барып дастарқанға жайғасты,
(Ақсақалдар құрып отыр малдасты).
Осы тұста қазағымның тағы бір
Сағындырған —
Салт-санасы жалғасты.
Берілгенде он саусақ пен күйге ерік,
(Белгісіз ғой кім кеткені Кім келіп).
Күмбірлеген күй үніне жаңадан
Отау іші сала берді түрленіп.
Әнші — Дәмеш,
құрып отыр серілік,
Назданғанда ай қабағы керіліп.
Түн ұйқысын тербетеді —
Ән ерке,
Көңіл дағы бір жолата беріліп.
—Нұртай, шырақ, Мынау әнші бала кім,
Деп, ақсақал кенеп қалды тамағын.
Кім де болса тегін емес әйтеуір,
Жолын қуған —
Сіңлісі ғой, Сараның.
— Әкем бірі болмаса да малдының,
Жастан естіп өскен жанмын ән мұңын.
Мұра ғылып алып қалғам —
Әкемнен,
Мен де осынау серіліктің қалдығын,
Деп,— қария сыр толғайды тереңнен,
(Асса-дағы ол жігіттік белеңнен).
Бастырмайды
Орнын әлі басқаға,
Жам–ау, сірә,
Өмір кешкен өлеңмен.
Елең етті басқа отырған қарттар да,
Қызба көңіл
Думаннан бас тартқан ба.
Бері әкел деп,
Домбыраға ұмсынды,
Жұрт тыншыды, қарт домбыра тартқанда.
Емес еді, тегін жүрген бір кісі,
Келісті екен, келбетті екен түр-түсі.
Бұл — бүгінгі пенсионер — Айтекең,
Ал кешегі —
Аты шулы жылқышы.
Жүрген беті ағайынды қыдырып,
Жекжаттарға —
Қона, түней, кідіріп,
Дала жортқан тарлан ғой ол қалайда,
Жатсын ба енді,
Үйде тыныш тығылып,
Самғаған ғой қазағымның көгінде ән,
Басқаға емес,
Осы ел — әнге табынған.
Тіл жетпесті, ән жеткізіп жатпай ма.
Кезі ме әлде қара шоқпар
жау басына шүйілген,
Топ жылқыны бара ма әлде
бөліп алып үйірден.
Тасырлаған тұлпар тұяқ
естілгендей жаныңнан,
Айтекеңнің қабағы да
тастай қатып түйілген.
Жұрт та жым-жырт қозғалмайды
домбырада бар ынта,
Құйқылжыған күйдің тілін
ұғады өр кім барынша.
Ару ма әлде ер жігіт пен
тартып кеткен алысқа,
Әлде соның есесіне
қайтарылған барымта.
Тайпалады жорғадайын
шайқалады қартыңыз, —
Оу, ақсақал, тағы, тағы,
тоқтамаңыз, тартыңыз.
Деп қауқылдап қостайды оны
үлкендер де, кіші де,
Қазағым–ау, қандай ғажап
өнер сыйлау салтыңыз.
Қарт тоқтады.
Отырған жұрт тына қалды сілтідей,
Өткен заман көші өтеді
Көз алдымнан дүркірей.
Кенеп қалды қоңыр даусын сол сәтте
Әнші келіншек,
Ажарлы екен өзі–дағы қарға аунаған
Түлкідей.
Жұрт назары төңкерілді
қайтадан жас келінге,
Қара бұрым толқындайды,
бұралады белінде.
Осынау ел бақытты ғой,
дарынды ғой тегінде,
Ән қалықтап, күй шарықтап
тұрған шақта көгінде.
Жалғасы еді бүл кешегі,
ауылдағы бір тойдың,
"Еңбек Қызыл Ту" орденін
алған күні Нұртайдың,
Құттықтай кеп жиналған-ды
осында өңшең құрбылар,
Кереметтей тұлғалар бар —
тастарындай мың сайдың.
Олар әсте қалған емес,
бір-біріне болыспай,
Жарыстарда келеді олар
қатарынан қалыспай.
"Чемпион" — деген атақ алып
қайтқан екен ауданнан,
Кеше ғана, осы ауылдың
Ер шопаны Орыспай.
Бүгін мұнда қуаныш кеп,
жасалатын той да көп,
Сонау шақтар, балалық кез
оралады ойға кеп.
"Міне, Мәке, алдыңда отыр
тым байсалды азамат,
Кеше ғана қылаң ұрып,
қыз аңдыған бойдақ ек".
Деп күледі, Нұртай біздің,
әдетінше әзілдеп,
Қаладан та шықпайсыңдар,
ой, тәйір–ай, жазу деп.
Біз жүреміз,
жағдай осы,
Отан үшін қоймаларға
Миллиард пұт әзірлеп...
5. Ауылдан аттанарда
Елге бардым,
қырмызы гүл қырқа астым,
Алдым шалқар, алтын бидай —
Нұр тасқын.
Не қалайсың ақыныңнан, туған жер,
Миллиард бердің,
Шашуыңа жыр шаштым.
Не ғажап бар осынау думан
тірліктен,
Тау қаланды берік достық,
Бірліктен.
Далам менің тасқындайды,
Тасиды,
Жүрегінде —
Миллиард жыры дүрліккен.
Қызыл қырман.
Ортада жүр Түшкенов,
Бұндай өмір көрді ме екен
Түске еніп).
Бұл — Лениндік партияның арқасы,
Ұлан-ғайыр елге жатқан күш беріп.
* * *
Аттандым мен ауылымнан масайрап,
Қашан келсем —
Күйге бөлер осы аймақ.
Нұрекеңді ортаға алып топ жігіт,
Қала берді
Жүздеріңде от ойнап.
Аттандым мен құрбыларды
қия алмай,
Қала берді
Дос құшағын жия алмай.
Қала берді көз ұшында бұлдырап,
Бүркіттіден қанат қаққан
Қырандай.
Аз кешкен жоқ халқым қасірет
азабын,
Ұмыт болды сонау —
Қатал, аза күн.
Алатауым тілдеседі аспанмен,
Тау арқылы —
Күнге жақын қазағым!

Алматы — Ешкіөлмес.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дәуір мен ақын

  • 0
  • 0

Үніңменен үнім тектес жаралған,
Сен шомылған шұғыладан нәр алғам.
Жапырақтай жүрегімде сан арман,
Тереңнен ой тербетеді әр алуан...

Толық

Наз

  • 0
  • 0

Арманға құлшындырар сенім деген,
Жоқ, сірә, бөтендігің сенің менен.
Сәттілік көрген сайын қадамыңнан
Сергимін,

Толық

Дала — мерген

  • 0
  • 0

Жанымды жаз ұқпасаң, күз ұғарсың,
Жиренерсің немесе қызығарсың.
Кетейінші, кең дала, кезіп сені,
Жолдарымның соқпақты ізі қалсын.

Толық

Қарап көріңіз