Өлең, жыр, ақындар

Толғау

  • 20.08.2018
  • 0
  • 0
  • 6982
Бармақтай жәндік бұлбұл кұс,
Жаһанда жауы — зәрлі қыс;
Аңсағаны жаз болар.
Жаздың қонып гүліне,
Ел ынтығып үніне,
Бақшасында мәз болар.
Бармақтай жанда қуаныш —
Мұхиттай терең бар дыбыс;
Шырқайды күйін, талмайды,
Жаз күні жаһан түлеткен,
Әсем күйін үдеткен,
Салғанын қайтып салмайды.
Мен құс емес — адаммын,
Гүліне қонған заманның, —
Шаттық күйін сайраймын,
Жүзге келдім демеймін,
Тойыма шашу берейін,
Жырдың туын байлайын,
Жалпақ далам гуілдеп,
Жалпы халқым күлімдеп,
Жасарып, жайнап көнесі;
Бақытты күйі аңқылдап,
Шолпандай туған жарқылдап,
Өсті елімнің өресі.
Өмірге шырақ жағылып,
Балдан дария ағызып,
Бөленіп нұрға көбесі.
Ел тілегі қалаған —
Сталин берген жаңа заң,
Жаңа өмірдің шегесі.
Заманнан заман — еш заман
Қол сұғып бетін ашпаған,
Өмірдің шың белесі.
Асанқайғы, Жиренше
Арман еткен өлгенше
«Жер ұйық» атты жер осы.
«Сегіз жұмақ» іздейтін,
Қартаймайтын, өлмейтін,
Орнатып алған ел осы.
Шарықтадым, шалқыдым,
Шырайлы жанды халқымның,
Рыста жүзген кемесі.
Күнге тіреу бойым бар —
Бойыма теңес тойым бар,
Тойым тойдың сүбесі,
Еркі бірдей елім бар,
Елім сүйген ерім бар,
Ерлерім тойдың иесі.
Заманның тасы болмаса,
Адамның қасы болмаса,
Ұлы думан ұлы тойда
Жібімес кімнің денесі?
Заманды шолып көрейін,
Ту басыма келейін,
Жайлы еді деп кім ақтар
Атақ үшін, бақ үшін,
Хан қойды алтын тақ үшін, —
Әкесін жарған Зұһакбар *8,
Аты-шулы Мұхамбет,
Болу үшін ел үмбет
Сағитқа құран жаздырып,
Құдықтан құран бергізді,
Берген соң таспен көмгізді,
Шайтан бар деп нандырып
Бақ талас боп Петрді
Орда ішінде өлтірді.
Өлтіруші қатыны,
Ел қоймаған сайлаусыз,
Елде болмас жақыны.
Әділет жоқ, заңы жоқ,
Еліне атқан таңы жоқ,
Хан әулеті қан құмар,
Жалпы жұрттың дұшпаны
Қаныпезер олар бар.
Испан, қытай қырылып,
Үй-орманы бұзылып,
Басып жатып қайғы, зар.
Жауын жарға түсіріп,
Күлін көкке ұшырып,
Ертең мендей той қылар.
Менің бүгін сайлауым,
Сайладым елдің қаймағын,
Сайлауым шаттық мереке,
Бас кандидат Сталин!
Өмірдің берген ұшпағын
Еліме ырыс, береке.
Ел гауһарын еледім,
Ел қамқоры керегім.
Қуанышты жалпы жұрт,
Үлкен үйде алпыс ұлт —
Ерге дауыс беремін.
Жаңа заңмен жаңардым,
Кандидат мен де саналдым,
Ғасыр көрген көнемін,
Орындалған ойыма,
Ұлы думан тойыма,
Шашу болсын өлеңім.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Амангелді тойына

  • 0
  • 1

Өлеңді айт дегенде ағылтқанмын,
Жүйріктей домбырамды сабылтқанмын.
Ел сүйген, еңіреп туған ерді мақтап,
Тынысын дұшпанымның тарылтқанмын.

Толық

Май

  • 0
  • 1

Тоқсан жыл түрлі ән қосып,
Жыл да жазда бір тосып,
Тағы да міне май келді.
Бетпақ шөлге жан кіріп,

Толық

Сыздық Сұлтанға

  • 0
  • 7

Сәлем бердім, алдияр,
Орын бердің қасыңнан.
Сен бір қалған көз едің
Кенесары асылдан.

Толық

Қарап көріңіз