Жадыра

Бұл бетте «Жадыра» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 22.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2993
Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты, Ленин орденді механизатор Жадыра Таспанбетоваға

Жұртыңа берер сенің көп сыйлығың,
Жалынсың,
Жанып тұрған отсың бүгін.
Биікке қанат қағып барасың ғой,
Самғаған кең даладан ақ тұйғыным.
Шаң қауып арғымағың қалмайды анық,
Дүйім жұрт қарар саған
Таңдай қағып.
Сен бүгін туған елдің жүрегінде
Жүрсің де
Сүйіп айтар әнге айналып!
Жаныңа қайратыңды серік көріп,
Жігерлі жастығыңа ерік беріп.
Өріліп,
Өрге басып өрелі еңбек,
Барасың күннен-күнге көріктеніп.
Өмірдің сүрінбедің өткелінен,
Әр күнің мағыналы өткерілген.
Сылаңдап сәндік қуып өспедің сен,
Бастадың батылдықты мектебіңнен.
Үлкен ой тұлғаланып келбетінде,
Жаныңды жақсы қиял тербетуде.
Асықтың,
Алғы күнге алаңдадың,
Ертерек құштар болып ер жетуге.
Берілдің мақсатыңа құлап мүлде,
Сен оған жеткен жоқсың бір-ақ күнде...
Бірге өскен құрбыларды таңдандырып,
Жайғастың жаның сүйген тракторға.
Жел қағып дидарыңды,
Құшқанда күн,
Қуанды,
Құптады да ұстаздарың.
Қауыштың осылайша еңбекпенен,
Құлшына құлаш сермеп құштар жаның.
Сырластың,
Сыйластың да даламенен,
Пейілі артты оның да саған деген.
Жүздіріп ақ күріштің айдынында,
Келесің жалында ойнап жарау дөнен.
Жұртың да қолтығыңнан жиі демеп,
Өмірдің саған тартар сыйы бөлек.
Сенің де айтар ойың,
Шындығың көп,
Тыңдасын туған дала ұйып ерек!
Құшағы қызу еңбек құлшындырып,
Құрбылар ортасында жүрсің күліп.
Күтіп тұр өз кезегін талай асу,
Кете алмас өмір-арна күрсіндіріп.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Жадыра өлеңінің авторы кім?

Марфуға Айтқожина — осы өлеңнің авторы.

Жадыра өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Жадыра өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Марфуға Айтқожина өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Жадыра өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері