Өлең, жыр, ақындар

Күз болып қалған ба?

  • 22.08.2018
  • 0
  • 1
  • 5623
Емхана....
Жатырмын күн санап,
Жүдетті тұман ой тұмшалап.
Қамайды қайдағы үрейлер,
Кірпікті жұмсам-ақ.
Емхана...
Жатырмын күн санап,
Бір жылға татиды бір сағат.
Көгілдір дүние күліп тұр,
Әйнектен нұр тарап.
Тырналар тыраулап шалғайдан,
Жанымды үмітке жалғайды ән.
Япырым-ау,
Күз болып қалған ба,
Жапырақ ұшады сарғайған.
Ағаштар бір түнде жүдепті,
Жел-дағы екпінін үдетті.
Үзіліп кетпесін деп, мынау
Отырмын күзетіп жүректі.
Тұқ емес табаннан сыз өту,
Тұқ емес мамықты мұз ету.
Қиынның қиыны сол екен —
Жүректі ажалдан күзету...
* * *
Жатса да кейде дүлей дауыл түнеп,
Кеудемнен арылмайды ару-тілек.
Жүремін жер баптаған диқанға ұқсап,
Егінім көгерсін деп,
Жауын тілеп.
Басымнан өткен сайын күн аптығып,
Жүремін сая жайға бұлақ бұрып.
Жапырақ жамырасып елеңдейді,
Тұрғандай жақсы сөзге құлақ түріп.
Ұшқанда шабытыңның түлеп құсы,
Жеңілмес ұлы күш қой,
Жүрек күші!
Ойламан одан артық бақыт бар деп,
Бола алсам адамзаттың тілекшісі!
* * *
Келушілер баршылық көңіл сұрап,
Өтіп жатыр басымнан небір сынақ.
Ешкім оны қолынан жаға алмайды,
Сөніп кетсе бір күні өмір — шырақ.
Қара нөсер құйса да көл-көсір боп,
Бәйек болам шырағым сөнбесін деп.
Тағдыр мені мазалап жатыр мүмкін,
Кәусарына өмірдің шөлдесін деп.
Үрейленген кезінде қарашығым,
Саған түсті-ау салмағым, жанашырым.
Кірпігіңнен ыстық жас домалаттың
Самал шайқап төккендей дала шығын.
Аман қалдым қабыл бон ақ тілегің.
Көгершінім қанатын қақты менің.
Қиналғаным болмады бір күнгідей,
Тек өзіңнен дертімнің таптым емін.



Пікірлер (1)

Ақнұр

Өте күшті өлендер

Пікір қалдырыңыз

Аққуым

  • 0
  • 0

Әкелгендей мол қуаныш, сұрағандай сүйінші,
Тұршы, сәулем, мұңаймашы, шықшы қырға, киінші,
Дегендей бір самал есті қолаң шашты жұлқылап,
Бір сағыныш жүрегімді шымырлатты шымшылап.

Толық

Таңғы шық

  • 0
  • 0

Меруерттей мөлдіреді,
Шөп басына шық тұнып.
Гүл желегі желбіреді,
Нәзіктігін ұқтырып.

Толық

Еске алу

  • 0
  • 0

Еске алсам сол бір кезді жан сезімім тулайды,
Дірілдеген көл жағасы, бұлбұл үні, түнді айлы.
Кірпігіме жас үйіріліп, мұңаямын түсім бе ол,
Қанша алға өтсем-дағы сол күн қайта тумайды

Толық

Қарап көріңіз