Өлең, жыр, ақындар

Суреткер

  • 28.08.2018
  • 0
  • 0
  • 7908
Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығына орай

...Есімде, той болды бір ауылда ірі,
Жігіттің таң қалдырып қалыңдығы,
Беташар айтылғанда
жалт қаратқан
Жадымда
жас ақынның жалынды үні.
Сызылып көк аспанда жаңа Ай туды,
Уыздай әппақ өңге арай тұнды.
Қауымның үні шықпай,
ақын жігіт:
"Тоғжандай екен!" — деді. Бәрі айтылды.
Ел едік аялаған, әсте, гүлді,
Сол күні — бүкіл дүние дос, көңілді.
"Тоғжандай екен!" — деген екі сөзден
Менің пәк жүрегімнен жас төгілді.
Шын сұлу! Үзілгелі тұр-ақ белі!
Ақдидар. Қап-қара кез. Шуақ — тегі.
...Құшақтап "Абай жолын" отырғанда
Сол Тоғжан туған әпкем сияқты еді.
Сүттей түн. Ақ аспанда Ай болатын,
Жас бота ем. Жанарымда май болатын.
"Көзіңді сақташы", — деп түнде тұрып,
Жан апам бір ұрысып, бір айналатын.
Нұрланып ішкі толқын, ағыстармен,
Аспандап, ақ бұлттардан әрі ұшқан — мен
Тұтас бір дәуір кешіп, ғарыштан кең
Тұтанып, тілдесуші ем данышпанмен!
Жастық шақ мұнша неткен керім ерке ең!
Жаяды "Абай жолы" жаныма өркен.
Әйгерім... Үмітей.. жас Керімбала...
Әрі әнші, әрі зерек, бәрі көркем!
Сұлулық сүйегіне дарығанда —
Сұмдық бір құдірет бар анық онда.
Гауһарды күн сәулесі құлпыртқандай —
Ұлылық сұлулықты танығанда!
Арулар — жүректерге шұғыла таң!
Өсірген сұлулықтың гүлін Отан.
Қан жұтып, қасіретін көре біліп,
Отанын асқақтату — Ұлыға тән!
Өзі — әуен, көзі — жұлдыз, нұры — жібек,
Даланың — біздер — терең сыры , жыры ек.
Әлемдік биіктікке алып шықты
Мұхаңдай мұхит ақыл, ұлы жүрек!
Бұрқанған мұхит ақыл берсін бе өткел?!
Құлпырған қызғалдаққа толсын бөктер.
Теңдессіз парасатты бейнелерді
Қалдырды ғасырларға сол суреткер!
Кешір сен, Рафаэль Санти, біздей
Халықтың өр рухы шалқиды үзбей.
Кескіндеп салмасақта, сұлулықты
Жырладық Күн шалдырмай, шаң тигізбей!
Аралап ой әлемін, жыр ғарышын,
Менің де — сұлу сезім тұнған — ішім.
Халықтық тектілікке тізе бүгем —
Тоғжандай аруларды туғаны үшін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жасыл жағалау

  • 0
  • 0

Жағалау. Жұлдыз сезім туды ойымда.
Үн қатпай маужырайды гүл, мойыл да.
Үп еткен самал соқпай, жапырақтар
Тып-тыныш ұйықтап жатыр су бойында.

Толық

Баянауылға барғанда

  • 0
  • 0

Қазақтың даласына шын ғашықпын
Қалада тұншыққанда қырға асықтым.
Көруге Баянауыл суреттерін
Сұранып сұлу күзде жолға шықтым.

Толық

Толғақ

  • 0
  • 0

...Дөңбекшиді бір отырып, бір құлап,
Бебеулейді беймаза бір күй құрап.
Қары талып қалғанына қарамай,
Жатыр біреу сегізкөзін бұрғылап.

Толық

Қарап көріңіз