Өлең, жыр, ақындар

Айша бибі

  • 27.11.2015
  • 0
  • 1
  • 12317
Күмбезін көріп анамыз Айша бибінің,
Көзіме жас кеп, кеудеме толды күй бүгін.
Сақтай алмаппыз бастапқы таза қалпында
Хас шебердің қалдырған қымбат сыйлығын.
Өрнекке қара өмірмен бүкіл өрілген,
Топырақ мықты екен ғой тіпті темірден.
Қымызға илеп, қыл қосып құйып, қыздырған
Қыштарды қатал уақыт қалай кемірген.
Жер сұлу - күзде.
Күздегі бұлттар тым кезбе.
Күздегі тірлік, күздегі көңіл мүлде өзге.
Бітпейтін мұң мен сағыныш, талант бірлігі
Биіктік берген, сұлулық берген күмбезге.
Жасайды даңққа бөленіп бөлек өрнектер,
Бас иер әлі қаншама ұрпақ, әулеттер.
Әйелдің атын қалдырды мәңгі,
өз атын
қалдырмай кеткен қарапайым бір сәулеткер.
Өткізді ме екен осында ол көктем, жазын да,
Өнер ғой майдай сазды дәл тауып қазу да.
Өнер ғой оны құю да...
Бірақ, шынында,
Өнердің нағыз көкесі анау жазуда!
Шеберлігі үшін таласпаймын да ұстамен,
Тереңдігі үшін бас ием осы тұста мен.
Ақындық қандай мұндағы:
"Күз. Бұлт. Жер - сұлу"
Оқыған емеспін осыдан жақсы қысқа өлең.
Өміршең өнер!
He деген мықты ең, шынайы ең!
Шынайылыққа табынар әлі құлай ел.
Өмірдің қысқа,
Өнердің ұзақ екенін
¥рпақтарына ұқтырар мәңгі ұлы әйел.
Әйелдің әнін қорғауға әр кез даярмын,
Мәніне қара қайсыбір жырдың, қай әннің.
Айшаға күмбез орнатқан ел ғой, туғызған -
Бейнесін асыл Қыз Жібек пенен Баянның.
Күмбезге қарап тумайды қалай шалқыма,
Ерлік пе, әлде елімнің үлгі салты ма?..
Айтайын алғыс атынан бүкіл әйелдің
Әйелге тозбас ескерткіш қойған халқыма!



Пікірлер (1)

Арайлым

Өте керемет өлең екен.

Пікір қалдырыңыз

Ақын

  • 0
  • 0

Құдіреттеніп құйылғанда ұлы ақын,
Гераклдей күшті әрі ірі — ақыл.
Күңіренеді қобыздайын аңырап,
Тебіренеді теңіздейін сұрапыл!

Толық

Өң мен түс

  • 0
  • 0

Қызыл бидай, ақкүріш,
Қырман боп үйдің ішінде,
Төгіліп тастап жатты ырыс
Түнімен менің түсімде.

Толық

Перзенттік парыз

  • 0
  • 2

Жылдан жылғы жаз-дағы жайдарырақ,
Жарқырайды шақырып айна бұлақ.
Бар дүние елжіреп тұрғанменен,
Мейріміңдей өзіңнің қайда бірақ.

Толық

Қарап көріңіз