Өлең, жыр, ақындар

VII бөлім

  • 28.08.2018
  • 0
  • 0
  • 4059
Жапырақтар, әр түрлі ән құрарсыңдар,
Алдарыңда әр түрлі тұрар сындар.
Нәзіктерім, сендермен сырласайын,
Менің нәзік жанымды ұғарсыңдар.
* * *
Жасыл бұта жая алмай жапырағын,
Сусыз дала жасырып жатыр әрін.
Суретші емес,
бәріңді
орманшы боп,
Сұлулықты сақтауға шақырамын.
Келер-кетер ойыңды сапыра күн,
Айтып, айтпай өтеді ақын әнін.
ТАБИҒАТҚА,
АДАМҒА ДЕГЕН
БАРЛЬІҚ
МАХАББАТТЫ ҚОРҒАУҒА ШАҚЫРАМЫН.
Қанат берер қайрат пен қиялға әман,
Пәк табиғат!
Саған жыр жиі арнағам.
...жазалар ем алдымен адамдарды
Жер-Ананы сәбише сүйе алмаған.
Мен тілеймін толғанын күйге түндер,
Өлеңімнен өлкемнің суретін көр.
Бір-біріңді,
Адамдар,
әсемдікке
құштар бола білуге үйретіңдер.
Билік айтам мезгілдің мен де өрінен:
Гүл егіңдер,
Беріңдер шөлге де рең.
От таусылып қалмасын ошақтарда,
Құстар үркіп кетпесін көлдерінен!
Отты сақта!
заман бұл "от — тегін" дер...
Бір-біріңе қарызсыз от беріңдер!
Әрбір күнді арпалыс, майдан емес,
Май мейрамы сияқты өткеріңдер!
Осы ойменен әр таңды атырамын.
Мен бәріңді
Мұратпен пәтуалы
Туған жердің киелі атырабын —
Тобылғылы, топ шилі топырағын,
Торғын гүлін,
Жайқалған ЖАПЫРАҒЫН
БӘРІН,
БӘРІН
СҮЮГЕ ШАҚЫРАМЫН!
* * *
Бір кезде, келешек бір кезеңдерде
Тазарып бұлақтар да, өзендер де,
Табиғат шапағатын қайта төгіп,
Көгеріп, көбейер-ау аз елдер де.
Әр сөздің айла жатпай астарында,
Адалдау сөйлер жаңа, жас қауым да.
Жібек жел, таза жаңбыр шаңын алып,
Аршылар жұлдыздар да аспанында.
Жұмақтай болар жерде, сірә, көрік,
Уылжып, жеміс төгіп тұрар өрік.
Көгорай тобығыңа оратылып,
Қасыңнан ләйлек ұшып, құлан өріп.
Жайылып салтанатпен боз бұғылар,
Сансыз гүл жәудіресе, көз құбылар.
Құты да, жұты да бар дүниенің
Сөзсіз бір рақымды мезгілі бар.
Айдын көл кемеріне соғатындай,
Аққу, қаз қаңқылдасып, жаға тынбай,
Дүние бастапқыдай дәурен кешіп,
Еш жерде бомба түспей, оқ атылмай.
Майысып мамық шалғын, алтын масақ,
Өткінші жаңбыр нұрдан ән тыңдасақ,
Көгілдір бұйра бұлттар ашылғанда
Аспанға өлең жазар кемпірқосақ!
Жарқырап сонда заңғар мөлдір кесе,
Майда жел ептеп қана гүлді үрлесе,
Бұлбұлдар тәтті әуезін төгер...
Бірақ,
Адамдар бәрін қайта бүлдірмесе!...
* * *
Қызықпаймын біреуге атақты деп,
Ар-ожданға болмайды атақ тірек.
Қинайтыны —
Адамның қай кезде де
Алатыны әлдебір апат тілеп!
Қайран көңілім, қапалы, жаралысың,
Адам білмей заманның залал ісін.
Қалатыны айрылып тамырынан,
Алатыны жоғалтып бағалысын...
Ізгіліктің жөні не ығысатын?
Құрымай ма қасиет, құрыса тіл?
Қауымымды қауіптен құтқарарлық
Адамдардан күтемін дұрыс ақыл!
Бағалар ем мүмкіндік, күшін кілең,
Адамдардың келеңсіз ісін білем —
Табиғат пен ұрпақтың алдындағы
Айыптарын қай тілде түсіндірем?!
* * *
Жұлқи қағып әлсіздерді, оңайды,
Жел қуаты, құйын күші зорайды.
Күздің соңғы күндеріне тиісіп,
Келер қыстың тұңғыш қары борайды,
Күз амалсыз тағдырына бас иді,
Ол да адамдай қабылдайды, ә, сыйды?
Бұтақтарын қалдыра алмай бұлқынған
Жапыраққа жаным тағы ашиды.
Бірін-бірі жібере алмай тұр олар.
Кім бар мұнша қимастықты кінәлар?
Жаурап тұрған жапырақтарды аямай,
Жауатұғын сияқты әлі мына қар.
Алматының суиды енді, о, түні,
Қар басады асқар биік шоқыны.
Алыстағы малшыларды ойлаймын,
Жетер ме деп азығы мен отыны.
Ойламаймын тоңғандығын денемнің,
Оты бар ғой, нұры бар ғой өлеңнің.
Аман өткей жолаушылар ақпанда
Асуынан Қордай менен Кегеннің...
Жақсылықпен жауар ма екен жаңа қар?
Аппақ қардан алар ма екен дала нәр?
Жел қай жақтан?
Қардың өзі аппақ па?!
Аққалаға құмар еді балалар...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ертіс бойында туған ой

  • 0
  • 0

Жасыл дала, жасыл қыр, жасыл ғалам,
Жасыл нұрмен, табиғат, асыл бағаң.
Жасыл дала төсінде ойнайды Ертіс —
Еркелігі әлі де басылмаған.

Толық

Жақсылықтың бағасы

  • 0
  • 1

Бітер емес сағынышым,
Сезім неге жомарт тым?
Бір бақытты табу үшін
Бір бақытты жоғалттым.

Толық

Ата жұрт есте

  • 0
  • 0

Тәкаппар теңіздері тебіренген,
Көздерім қуанады соны көрген.
Таулары жауларына айбат болып,
Жолдары жондарыңда өрім өрген.

Толық

Қарап көріңіз