Құштарлық – Марфуға Айтқожина

Бұл бетте «Құштарлық» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 03.09.2018
  • 0
  • 0
  • 2173
Алатауға қонған бұлт,
Жауып барып ашылды,
Қасқа бұлақ,
Көк өзен,
Шабыттанып тасынды.
Шым-шытырық тірліктен —
Оралған ой басыма
Түн ұйқымды төрт бөліп,
Берекемді қашырды.
Өзіме де сол керек,
Тұла бойым құмарлық.
Құмарлықты мойныма,
Тағып алғам тұмар ғып.
Тымырайған дүниенің құпиясын білсем деп,
Отырамын қылт еткен құбылыстан сыр андып.
Өзімді-өзім алдаймын,
Бір үмітті шырға ғып.
Және соның жолында жүгіремін зыр қағып.
Кейде тіпті жығылып,
Қалатын да жайым бар,
Қым-қуыт боп шатысқан,
Қиялыма шырмалып.
* * *
Құмарлықтың көкесі деп білем тек құштарлық,
Көлге қарай аққулар,
Құштарлана ұшқан жұп.
О, құштарлық,
Құштарлық!
Жап-жас ана бөпесін әлдилейді өбектеп.
Қысқа түннің ішінде үш оянып,
Үш қалғып.
О, құмарлық,
Құмарлық,
О, құштарлық,
Құштарлық!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері