Өлең, жыр, ақындар

Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық

  • 17.03.2015
  • 1
  • 6
  • 85989
Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық,
Қартаймастай көрмелік, ойланалық.
Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,
Дейміз бе ешнәрседен құр қалалық.

Бар ойы - өлең айтып, ән салалық,
Біреуді қалжың қылып қолға алалық.
Қызды ауылға қырындап үйір болса –
Көңіліне зор қуаныш бір бадалық.

Демеңдер өнбес іске жұбаналық,
Ақыл тапсақ, мал тапсақ, қуаналық.
Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып,
Көрсе қызар, күнде асық – диуаналық.

Жастықта бір күлгенің – бір қаралық,
Күлкі баққан бір көрер бишаралық.
Әуелі өнер ізделік қолдан келсе,
Ең болмаса еңбекпен мал табалық.

Той болса, тон киелік, жүр, баралық,
Бірімізді біріміз аударалық.
Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,
Күлкіні онша күйлеп, шуламалық.

Уайым – ер қорғаны, есі барлық,
Қиыны бұл дүниенің – қолы тарлық.
«Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар,
Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық.

Салынба, қылсаң дағы сан құмарлық,
Алдыңда уайым көп шошынарлық:
Жарлылық, жалынышты жалтаң көздік,
Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық.

Әсем салдық өлгенше кім қыларлық,
Оған да мезгіл болар тоқталарлық.
Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар,
Болмаған соң жұмыс қып мал табарлық.

Басында әке айтпаса ақыл жарлық,
Ағайын табылмаса ой саларлық,
Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен,
Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?

Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық,
Үзілмес үмітпенен бос қуардық.
Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп
Жүрмесін деп аз ғана сөз шығардық.



Пікірлер (6)

райхан Сейдахметова

баска олендери барма

❤ Жансая ❤

Райхан астындағы
1 2 3 сондай сондай сандарды көрсеңіз егер де ол жерде 1 деген сан қызылға боялса сіз 2 немесе 3ті басыңыз

Кәусар78

Керемет екен

Myrza

Өте керемет!

Есімім Інжу болады

Мына өлең тамаша екен

Жанайым

Абай Құнанбайұлының Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық атты өлеңі маған қатты ұнады

Пікір қалдырыңыз

Мен сәлем жазамын

  • 1
  • 14


Мен сәлем жазамын,
Қарағым қалқама.
Қайғыңнан азамын,
Барушы айта ма?

Толық

Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан?

  • 0
  • 4

Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан?
«Күйшіл» деп бабын білмей кінә таққан.
Құл табан, кескіл тұмсық Бөстекбайым,
Кісіге бос берермін бір мін тапқан.

Толық

Ем таба алмай

  • 1
  • 6

Ем таба алмай,
От жалындай,
Толды қайғы кеудеге.
Сырласа алмай,

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер