Өлең, жыр, ақындар

Шыңынан Бүркіттінің қарап едім

  • 04.09.2018
  • 0
  • 0
  • 1414
Байқатпай бір көргенге сындарлы ісін,
Тапжылмай,
Көрсетсе де жылдар күшін,
Үйіріп сұлулықты бір өзіне,
Тұрғандай биіктетіп шыңдарды шың!
Тұрғандай биіктетіп шындарды шың,
Шіркіннің сұлу жанын тыңдармысың!
Шын шебер —
Табиғаттай шындап соққан
Бір-бірін қайталамас шындар — мүсін.
Шоқтығын қымтап күннің жылу нұры,
Көлденең тартты көзге Құлындыны.
Құба жон,
Құзар таулар,
Құлама шың —
Асады бір-бірінен сұлулығы!
Бүркітті,
Қоныс етіп Қора жерін,
Мұзбұлақ,
Зәуре барып қонады елім.
Дүние алақанда шыр айналды,
Шыңынан Бүркіттінің қарап едім!
Атыңды кетіп еді атап әкем,
Бір сенің не бар дейсің батаңа тең.
Сағынып ораламын саған жылда,
Көзіндей ата-анамның атамекен!
Қиылып,
Қимай талай қарадым мен,
Желпіндің жеңілдетіп самалыңмен.
Ілиясқа жыр жаздырып арындаған,
Жер едің кеше саңлақ Сара жүрген
* * *
Шықпайсың,
Туған мекен,
Түсімнен бір,
Күбірлеп келем,
Арнап ішімнен жыр.
Есімнен кетер емес ешқашан да
Баяғы балаң жігіт түсірген нұр.
Қалғыдым,
Туған мекен,
Әлдиіңмен,
Ояндым таң алдында ән-күйіңмен.
Құшамын,
Құшырланам,
Құлазимын,
Қызық-ау құйын сезім жанды үйірген
Еске сап өткенім мен кеткенімді,
Жүрегім көптен бері шерткен мұңды.
Қашанда ұлы істерге жол сілтеген
Тұлғаңды сенің биік еткем үлгі,
Содан ба,
Өткергем жоқ текке күнді!
Суретсің,
Туған мекен,
Жанардағы,
Таусылмай жүректегі жан арманы.
Анаңнан,
Ана құшақ алыс жерде,
Өзгеше сағыныштың болар мәні!
* * *
Сипайды еркелете ескен самал,
Жібектей оратылған неткен сонар.
Жұтсаң да жұпар ауа
Құмар қанбас,
Қашан да кетпейді екен естен солар.
Қоздырып,
Құз-қойнауды шуға бөлеп,
Келеді толқындары тулап ерек.
Келеді толқындардан толқып озып,
Қайталап қанша әнді шыңға керек.
Тоғытқан алтын айдың шұғыласын,
Келбеті-ай көз алдында құбылатын.
Тасиды тастан қарғып,
Омыраулап,
Емес ол еш нәрсені ұғынатын.
Үдейді ағысы оның көбіктеніп,
Маңына соншалықты көрік беріп.
Қыран да шыңнан шырқап көтерілді,
Ағысқа астан-кестең төніп келіп.
Кешегі жас балапан ұясында,
Барады қайрап өзін қия-шыңда.
Өмірдің бар қызығы,
Күйі осында,
Қыранды аласаға қиясың ба?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шабыт

  • 0
  • 0

Тағдырдан шабыт тілеп жалынбаймын,
Мінезім бар өзімше жалындайтын.
Бермесін жиендікпен тартып алсам,
Несі бар, жақсы өлеңнің жазылмайтын.

Толық

Сайрам самалы

  • 0
  • 0

Бұлттан кезін ашып алған кенеттен,
Шуақ күнге тұрамын сені теңеп мен.
Талай жылдар кетіп едік хабарсыз,
Толып жатқан себептен...

Толық

Іздерсің сонда

  • 0
  • 0

Ауылға, достар, ал кеттім,
Серігім болар кімің бар.
Келеді кейде әндеткім,
Соны ұғып жұлдыз жымыңдар.

Толық

Қарап көріңіз