Сырлы дүние
(Толғау)
Мынау кеудем қашаннан да армандардың тұрағы,
Айна көлдің жанарлары мөлт-мөлт етіп тұнады.
Тынымы жоқ толқиды кеп аққу үміт ілгері,
Жалынға орап жастығымның зулайды алға күндері.
Мені осынша тасқындатқан ақ семсердей арманмен,
Сырлы, сындар, дарқан дүние
сенің неткен арнаң кең.
Өрт сезімдер, пәк сезімдер жалынына орайды,
Бұрқ-сарқ етіп
кеудемде бір жалын ұйытқып борайды.
Бұл жанымды жаз бейнелі шуаққа мен малғамын,
Жалын атқан жанарымды найзағайдан алғамын,
Мен шыңыңда сонау-сонау бабалардан қалған мұң,
Ақ тілеумін, ақ ниетпін, сарқылмайтын арманмын.
Күтті ме екен жылдар мені тауысып бар төзімін,
Бұл өмірге құштарлықпен қарай-тұғын көзімін.
Жаралмаған әсілі де жанбай жатып өшуге,
Шексіз шалқар арманымды пәк күндерім кешуде,
Күншілдіктің күшіменен жұлып таста айталық,
Көрген емес дауылың да бетімнен бір қайтарып.
Көк шынарлар көл жағасын көлбей өскен жайқалып,
Жұлқысаң да қозғалмас ол тұра берер шайқалып.
Емес, сірә, жаным менің сырлыаяқ кетілген,
Жүрегімнің ой қамалын ақ армандар бекінген.
Басқа емес, өртенсем де өз отыммен өртенем,
Берсең сырлы домбыраңды
жалықпай бір шертер ем.
Жыршы кұстар көңілімнің орманында шулаған,
Өзі берген өр теңіздің тасқыны бар тулаған.
Арғымақтай созылып кеп жатыр қырлар талар ма,
Қыз қылықты бұлақтардан жұтсаң сусын қанар ма.
Керуен жылдар керги басып қарайды алға ұмтылып,
Қара көзін төңкергенде сезім аунап бір тұнық.
Көк шалғынға жасырынып жеткізбейді жол қашып,
Көп үміттер, көп армандар таусылмайды жалғасып.
Келеді ұдай қызықтырып мынау сырлы дүние,
Айтшы өзіңдей адамдарда сұлулыққа кім ие.
Сырлы дүние, сыр ақтардым
жалтармайтын шынымды ұқ.
Жұтып жүрміз ащыңды да балдан тәтті шырын ғып.
Бірақ – бірақ көрмедім мен кең пейілді өзіндей,
Қалған емен мен де бір күн құтыңды сезінбей.
Тек өзіңе ұқсап кеткен бар мінезім, нұр далам,
Тынбай ұдай айтарым да сен сыйлаған бір ғана ән.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі