Самырсындар – Марфуға Айтқожина

Бұл бетте «Самырсындар» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 05.09.2018
  • 0
  • 0
  • 3725
О, тәкәппар тәңір шындар,
Сал қарағай, самырсындар.
Алатаудың ұшып келген
Қарлығашын танырсыңдар.
О, сиқыр тау ертек емген,
Жастық жалын өртенем мен.
Мен бір титтей жыршы құсың,
Жүрек күйін шерте келген.
Сылаң қаққан сырлы өзендер,
Сағым құшқан нұр белеңдер.
Сырнай самал, қырмызы гүл,
Саған қалай құр келем мен.
Аққу бұлттар үлпілдеген,
Үрке көшіп жүрсің неден.
Тау да, тас та, самырсын да
Сөйлеп жатыр бір тілменен.
О, тәкәппар тәңір шындар,
Сал қарағай, самырсындар.
Алатаудың ұшып келген
Қарлығашын танырсыңдар.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері