Сүю үшін – Марфуға Айтқожина

Бұл бетте «Сүю үшін» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.09.2018
  • 0
  • 0
  • 2899
Жүрегім бар сүю үшін жаралған,
Соғады ұдай жалын алып жанардан.
Төңіректен әнге, күйге малынып,
Тоғысады бір өзінде бар арман.
Сол сезеді тәттіңді де, ащыны,
(Емес, сірә, бұл өмірдің қашқыны).
Түймедей боп тұрғанменен кеудеде,
Бір өзінде өмірдің өр тасқыны.
Өзі емес пе, өзгеге тіл қататын,
Өзі емес пе, түн боп қалғып жататын.
Өзі емес пе, самал боп сыбырлап,
Өзі емес пе, аппақ таң боп ататын.
Кейде асау, тулап-тулап кетеді,
Тәкаппар ғой, кейде мазақ етеді.
Бұл кеудемде соғып тұрса ұдайы,
Жалыны да, жылауы да жетеді.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері