Өлең, жыр, ақындар

Ақ боран

  • 06.09.2018
  • 0
  • 0
  • 3864
Мұнау жаным ұнатады ақ боранын даланың,
Дала ғажап үн қатады уіліндей баланың.
Ысқырады жылқышыдай ат ойнатқан жондар да,
Төгіп-төгіп құбылтады күй қанатын дала мың.
Аспан мана оймен бейжай тұрған еді құрыстап,
Ақ бұрқасын аппақ қарды құяды енді уыстап.
Жап-жалаңаш ақ балтырын долы желге сүйретіп,
Ақ қайыңдар мүлгіп сыртта бойын кербез тұр ұстап.
Әне тағы жынды құйын кезіп кетті даланы,
Талып қана естіледі ызыңдаған дала әні.
Отыр ана сығырайтып қарт жанарын алысқа,
Балаға ұқсас мінезі оның, жоқ көңілінің алаңы.
Кейде оймен ана үнсіз кірпік қақпай қалатын,
Сонда оның жанарында ұялайтын қара түн.
Зырылдатып тас ұршығын айтатын бір мұңлы әнді,
Кеуілімде бұлттай ұйып, ауыр тұнып қалатын.
Көкірегін қарсы айырып толқитын бір сыр бұлақ,
Толқынымен қарт кеудесін кетуші еді ұрғылап.
Арманшыл жан берік еді қажымайтын қайғыға,
Жанарынан жүректерге құйылатын нұр құлап.
Қыс еді ол дәл осындай ұлып тұрған ақ боран,
Ана жаны жазылмастай қасіретке тап болған.
Жаңбыр емес, от сорғалап аспанның ақ төсінен,
Жердің бетін жалын кезіп,
таулар шөгіп жатты оған.
Сол сұрапыл еске түссе ұзақ үнсіз қалатын,
Жау жұлып жеп кеткен еді он, менен сол қанатын.
Жан жарасын сездірмейтін, немереге айтпайтын.
Бала жанын жайламасын, баспасын деп қара түн.
О, сұрапыл толқындар-ай талайларды кетті алып,
Жылдар, жылдар өткен еді жүректерді от қарып.
Кетті қанша, өтті қанша
қоңыр күздер, қыз көктем,
Жаңа жылдар, жаңа күндер
көп қызықтар кепті алып.
Мынау жаным ұнатады ақ боранын даланың,
Дала ғажап үн қатады уіліндей баланың.
Ысқырады ол жылқышыдай ат ойнатқан жондарда,
Төгіп-төгіп құбылтады күй қанатын дала мың.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ашу

  • 0
  • 0

О, тәңірім, артық айтсам кешерсің,
Жан балам, неге мұнша кешігесің.
Әлде теріп жүр ме екен ол даладан,
Осынау екі "күшіктің" несібесін.

Толық

«Тәңір көпір» жолдары

  • 0
  • 0

Жанама тас,
Жақпар шың таудың жолы,
Төнеді төбесінен зәулім көгі.
Шыңы бұлтқа оранып шығандаған,

Толық

Құс келгенде

  • 0
  • 0

Әуелеп ұшқан сайын құстар үдеп,
Бұлқынар ұясында құштар жүрек.
Анашым,
Айтушы еді,

Толық

Қарап көріңіз