Күндер қайда – Марфуға Айтқожина

Бұл бетте «Күндер қайда» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.09.2018
  • 0
  • 0
  • 2438
Күндер қайда кешегі от көрінген,
Гүлдер ыққан құшаққа кеші қандай.
Көзіңді жұмып, аттап өткеніңмен,
Мен оны отыра алман есіме алмай.
Аспан да жарқыратып жұлдыздарын,
Самал жанды кететін айықтырып.
Түн пердесі түсіріп құндыз қалың,
Шақыратын құшағын жайып тұрып.
Серуендеп кеш болса шығатынбыз,
Алдымызда кең дала алаң ашық.
Көрінсе үлкен кісі ығатынбыз,
Екеумізді от сезім ала қашып.
Бақтар бізді сағынып, біз бақтарды,
Кәусар сырлар көңілге құйылатын.
Қыдырумен атқызып күзгі ақ таңды,
Таң нұрымен жүзіміз құбылатын.
Көл бетінде қалатын толқын күліп,
Самал келіп сыбырлап өпкенінде.
Қайран күндер сағымдай толқып жүріп,
Адастырып кетіпті-ау өткелін де.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері