Өлең, жыр, ақындар

"Шыңбұлақ"

  • 07.09.2018
  • 0
  • 0
  • 3354
Беткейінен өріліп,
Биікке ағаш бойлаған.
Жатқан құздар керіліп,
Көркіне жанар тоймаған.
Бұлақ күліп шыңынан,
Құйылады төменге.
Қанбайсың ішсең суынан,
Самсап тұр құзы төбеңде.
Құлай ма деп те абайсыз,
Көрмегендер ойлайды,
Кірпік қақпай қарайсыз,
Тасында киік ойнайды.
Алма, өрік, шетен көп,
Қарағай, бетте арша лық.
Көбелекке жетем деп,
Жүгіріп талай шаршадық.
Үлбіреп, нәзік, үзілген,
Өседі сонда қызғалдақ,
Бүлдіргенді айтшы, тізілген,
Қойғандай бейне қызға арнап.
Рауғашпенен саумалдық
Жасыл бетте қайысқан.
Жығылмай әрең сау қалдық,
Жартастардан тай ұшқан.
Даланың еркін желі де
Көсіліп сонда еседі,
Жарасып аспан төріне,
Үлпілдек бұлттар көшеді.
"Шыңбұлақ" туған мекенім;
Бұлбұлды көзден ұшырдың,
Қиялмен шарлап кетемін,
Есіме ұдай түсірдім.
Басқаның жерін неғылам,
Аруым менің "Шыңбұлақ",
Өзіңді ұдай сағынам,
Кеудеңе түскен күн құлап.
Шіркін, теңіз толқындары-ай айбарлы,
Жатыр әне, дауыл күтіп дабырлап.
Бауырыңда бүктетіліп ай қалды,
Тұра алмады діріл қағып дамылдап.
Алай-түлей үйірілді кеп құйын да,
Тентек теңіз шапалақтап жағаны.
Теңіз үшін буырқану қиын ба,
Теңіз күшін тартып алсаң жаңағы.
* * *
Гүл жамылып түр маңай,
Орман тұнып күйменен.
Сол бір күйді тыңдамай
Қалай сиям үйге мен.
Тамылжытып тұр түнді,
Тында бұлбұл жырларын.
Ыстықсың-ау біртүрлі,
Шіркін жастық жылдарым.
Аспан қандай көгілдір,
Ай да үнсіз қарайды,
Тыншымайды көңіл бір,
Жүрек нені қалайды?
Ақырғы рет жалт етті де жанары,
Қою түнге кетті сүңгіп көрінбей.
Бұлдыр қиял қайда әкетіп барады,
Ай қалғиды, күрсінемін көз ілмей.
Әлде елес, ойқастаған сағым ба,
Осыншама жазалаған жүректі.
Ол өз еркің мейлің сағын, сағынба,
Сенің қайғың жанға батты, жүдетті.
Жүректе бір сезім тулап бұлқынып,
Жүректе бір толқынды күй тұр тұнып.
Самалдағы қалжыраған, шаршаған,
Шалқар айдын күйде жатыр бір тымық.
Жүр-жүрлейді мені қайда бастайды,
Ақыл өзі маңғаз ғой бір, саспайды.
Ақ бұлттарды өркешіне қондырып,
Сонау-сонау биікке көз тастайды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Есімде жас төгілтіп мұңайғаным

  • 0
  • 0

Есімде жас төгілтіп мұңайғаным,
Кеп-кеше қарғыс айтып "құдайға" мың.
Соның бәрі көңілден ұмыт болып,
Сенің айтқан, жаным-ау, ұнайды әнің.

Толық

Көз ұшында бұлдырап

  • 0
  • 0

Көз ұшында бұлдыраған күмбез бе,
Қара қос па бабам тіккен бір кезде.
Жартас па әлде жауын шайған денесін,
Жұмсақ сурет ерекше боп тұр көзге.

Толық

Сырласу

  • 0
  • 0

Айтпашы, әже, ойынды түсінемін,
Көңіл жүдеп, енбесін түсіме мұң.
Сырым аулақ болса егер сол жандардан,
Неліктен маңдайға әжім түсіремін?..

Толық

Қарап көріңіз