Өлең, жыр, ақындар

Айыптау

Қойнауы құт дарыған байтақ далам,
Бейбіт жұрт еңбек етіп жай таппаған.
Осынау көріп елдің берекесін,
Айнала жау қаптады айтақтаған!

Көрсоқыр болса адам көкірегі,
Ем болар басқалардың көкігені.
Ойламай бір қателік істегендер,
Ойланса...
Өмір бойы өкінеді!

Тұрады орнынан нық, құлапта Адам,
Күледі жадырап тез, жылапта Адам.
Иманың әлсіз болса жүрегіңде,
Адасу тура жолдан бір-ақ қадам.

Менмендік – өзімшілдік қауіпті амал,
Пәлені осылардан тауыпты Адам.
Ол заман, бұл заманда туған ұлы,
Ата-ана, ел-жұртына жауықпаған.

Аузынан ана сүті кеппегендер,
Милары күн көруге жетпегендер.
Азғырып осыларды айдап салды,
Бүлік пен арам мақсат діттегендер.

У егіп талай жастың тамырына,
Енгізді жалған үміт танымына.
Дуалап неше түрлі әдіспенен,
Кіргізді қаны бұзық ағымына.

Осылай жастарды кеп азғыруда,
Арзанмен сананы алдап мәз қылуда.
Айырып ата-баба тамырынан,
Өз көрін өздеріне қаздыруда.
*** *** ***
Бұл күнде бәрі ақшамен өлшенеді,
Ақшамен, тамыр-таныс тек сенері.
Тойхана, мейрамхана, одан қалса,
Қаптаған букмекерлік кеңселері.

Аралап букмекерлік кеңселерін,
Кәрі-жас басы айналған теңселеді.
Ұтқызып бар жиғанын бір-ақ күнде,
Башайға түсіп кеткен еңселері.

Кәрі-жас қыдырып жүр одан қалды,
Бұл да бір келеңсіздік қоғамдағы.
Баласын әбжыланнан қорғап қалған,
Кей ана көртышқандай бола алмады.

Ойлаған тек өзінің қара басын,
Бұл күні мейірімсіз ана басым.
Қалайша «ана» дейміз айуанды,
Өлтірген өз қолымен шаранасын.

Өзімнен,
Басымдағы алып қайғым!
Ескексіз теңіздегі қайықтаймын.
Ішімнен лағнет айтып осы жайға,
Алдында ар сотының айыптаймын!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз