"Қарағым-ай"
(Баллада)
Мынау жатқан жасыл сай Берікқара,
Жолаушым, жанап өтпей келіп қара.
Сылдыр өзен, сұлу шың қиясында,
Ойнақтайды тым ерке елік қана.
Күн анау аунақшыған ұясында,
Әсем ән күмбірлеген күй осында.
Көп–ау сенің сырларың, о туған жер,
Ақтармасам кеудеме сыясың ба.
Сыясың ба жүрекке жапырақтай,
Жайқалып жатқан кербез атырапты–ай.
Төгейін Билікөлдің тұнығына,
Сезімді шайқап алмай, шашыратпай.
Жанымды балқытады күйің балғын,
Елтідім ән сазына күйіп, жандым.
Мен өсте туған жердің құдіретіне,
О баста-ақ тәңірімдей сиынғанмын.
Берікқара маңайы жырға тұнды,
Жасыл құрақ жайымен ырғатылды.
Сол бір сырдың сыйқыры жаймен ғана,
Ақ бесіктей тербетіп тұр ма түнді.
Теңіздей терең сезім тербеледі,
Жүрек толқып соншама шерленеді.
Жартастары кеуденің жаңғырығып,
Жүйріктей бұлқынады кермедегі.
Кеткен кім осыншама мұңға бөлеп,
Махаббат тәңіріндей тұрған ерек.
Келеді көз алдыма Берікқара,
Садағын құралайға тұрған кезеп.
Ару ай бүгін неге тым арайлы,
Көңілге өзгешелеу жыр орайды.
Мен отырмын толғанып батыр жайлы,
Көзінен көздеп атқан құралайды.
Айлы түн нендей құпия жастанады,
Балқұрақтан мөп-мөлдір жас тамады.
Әлдилеп түннің осынау тыныштығын,
Әлдеқайдан мұңлы ән басталады.
Елтимін нәзік әсем қыз даусына,
Бір ғажап сыры бардай тыңдаушыға.
Естілді дүбірлеген ат тұяғы,
Япыр-ай, келіп қалған шын жаушы ма.
Қыз отыр биік жартас жақтауында,
Әнменен зарлы мұңын ақтаруда.
Сұлу ән, нәзік ырғақ толқындаған,
Біртіндеп жетіп жатты басқа ауылға.
Берілген қыз сырлы өннің құшағына,
Ән қалқып әлдеқайда ұшады ма.
Біресе баяу жүзді айдын көлде,
Бейне бір аққу құсқа ұқсады да.
Отыр ол осынау өннің ырқыменен,
Ақ бұлттай шың басына бір түнеген.
Отыр ол түн құшағын мұңға бөлеп,
Кеудеден құс ұшырып дүркіреген.
Жарық ай қалқып қана барады жай,
Жас жүрек мертіккендей жаралыдай,
Билейді қыздың даусын нәзік діріл,
Сағыныш сезімі әлде орады ма ай,
"Беу, қарағым–ай,
қырға шығып
жолыңа
қарадым–ай".
Осылай ән ырғағы аяқталды,
Таң дағы атар кезге таяп қалды.
Неге осынша кешікті мерген жігіт,
Қыз жанары жартасты сан ақтарды.
Атқаны жазғы таңның білінбеді,
Кірпігі де бір сәтке ілінбеді.
Тек қана билікөлдің толқынында,
Сәулесі ақ шолпанның дірілдеді.
Белгісіз қуанғаны, күрсінгені,
Тұрғандай қазір оның құр сүлдері.
Әлдене деп самал жел сыбдырлайды,
Әлденеге жүрегі дүрсілдеді.
Япырмау, үрей ме еді кеңескені,
Әлдебір алдамшы үміт елес пе еді.
Әлде жазым болды ма аяулысы,
Аман болса оралып келмес пе еді!
Мынау жатқан жасыл сай Берікқара,
Жолаушым жанап өтпей келіп қара.
Сылдыр өзен, сұлу шың қиясында
Ойнақтайды тым ерке елік қана.
Бейне бір ерке еліктен аумай қалған,
Кеудемде менің дағы қаулайды арман.
Барады канат сермеп қалқып қана,
Қос аққу қиқу салып тауды айналған.
Біресе қатарласа жанасады,
Көк сеңгір де ақ бұлтпен таласады.
Көз талдыра қарайды тек биікке,
Қаламайды екеуі аласаны.
Қашанда түспей келген ауыздардан,
Берікқара жайында аңыз қалған.
Қыз-жігітті қосақтап құлатыпты,
Осынау құз басынан бағзы жалған.
Білмеймін, өлген бе әлде, өлмеген бе,
Жерінген сұм заманы, пендеден де.
Қос аққуға айналып екі ғашық,
Кеткен дейді құлашын сермеген де.
Дегендей мынау неткен сұмдық еді,
Мұңға оранып тұрады шың жүрегі.
Қос аққу содан қалған деп айтады,
Шындық па, аңыз ба әлде кім біледі...
"Беу қарағым–ай,
қырға шығып
жолыңа
қарадым–ай".
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі