Күлімсіреп аспан тұр – Абай Құнанбайұлы

Бұл бетте «Күлімсіреп аспан тұр» атты Абай Құнанбайұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 17.02.2019
  • 0
  • 4
  • 21050
Күлімсіреп аспан тұр,
Жерге ойлантып әр нені.
Бір себепсіз қайғы құр
Баса ма екен пендені?
Қапамын мен, қапамын,
Қуаныш жоқ көңілде.
Қайғырамын жатамын,
Нені іздеймін өмірде?
Қайтты ма көңіл бетімнен,
Яки бір қапыл қалдым ба?
Өткен күнге өкінбен,
Әм үміт жоқ алдымда.
Іздегенім тәтті ұйқы,
Дүниені ұмытып.
Өлімнің суық тым сиқы,
Тұрсын өмір жылытып.
Көз ұйқыда, ой тыншып,
Дем алып жатсын көкірек.
Кім таласса, кім ұрсып,
Көрсем оны — сол керек.
Өзім аулақ бетінен,
Бір орында оңаша,
Дүние деген не деген —
Қыла жатсам тамаша.
Мансап іздер, мал қуар,
Бәрі мақтан іздеген.
Мақтанынан не туар,
Ыза қылып өзгеден?


Пікірлер (4)

Aizhan201075

Абай атамыздың барлық өлеңдері керемет қой.

....

Абайдың өлеңдері өте керемет қара сөздеріде өте күшті ..

Ақжарқын

Өте күшті

Нұрай

Өте керемет

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері