Өлең, жыр, ақындар

Біржанның қартайған және сырқаттанған кезінде шығарған өлеңдері

  • 13.03.2019
  • 0
  • 0
  • 4002
1
Ал, дүние, өтеріңді біліп едім,
Білдірмей серілікпен жүріп едім.
Бұл күнде арық қойдан бағам кейін,
Үш жүзді сайран қылған Біржан едім.
Қарасу есік алды лайланды,
Бай қылмақ, кедей қылмақ құдайдан-ды.
Қамзолдай қысқа пішкен дөңгеленіп,
Дүние өтерінде шыр айналды.
Ағаш үй от жаққаным қобылап пеш,
Құдай-ау, ғапу етіп күнәмді кеш!
Теміртас, Асыл, Ақық — қарақтарым,
Байлаулы арқандағы қолымды шеш.
Теміртас, Асыл, Ақық қалдың зарлап,
Ежелден мирас екен зарлап қалмақ.
Көз көрген құрбыларға сәлем деңдер,
Дұғасын оқи берсін әдейі арнап.
Ел кездім кертөбелмен арықтатып,
Жақсыға сөз сөйледім анықтатын.
Үш жүздің ортасында Біржан едім,
Бұл күнде қойды құдай шалықтатып.
Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,
Кем қылмай өсіріп ем салтанатты.
Әкең, ем аяйтұғын жанын, ашып,
Шешсеңші, білегіме арқан батты!..

2
Саясы кем болады қу қайыңның,
Жігіттер керегі не құр уайымның.
Келгенде алпыс жасқа қонды қонақ,
Білмеймін не қыларын құдайымның.
Ақ үйдің ай көрінер маңдайынан,
Шешеннің сөз шығады таңдайынан.
Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым,
Сүйгізіп жүрсеңдерші маңдайыңнан.
Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым,
Үкідей жақсыларды балақтадым.
Бірге өскен құрбы-құрдас замандастар,
Есікке келе ме деп алақтадым.
Салғаным ағаш үйге взвотты пеш,
Жаратқан мен пенденің күнәсін кеш.
Сан денеме қыл арқан жаман батты,
Қайдасың, Асыл, Ақық, қолымды шеш.
Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,
Қинауға салады екен адамзатты.
Үкідей желпіндірген қарақтарым,
Шешсеңші, білегіме арқан батты!

3
Арқаның түгел көрдім кәрі-жасын,
Ұмытпас құрбы-құрдас замандасым.
Ойланам, ауруымның түрі жаман,
Біржанның кім ұстар деп домбырасын.
Аурудан ақыл кетіп адасам ба?
Жақсымен бұрынғыдай жанасам ба.
Білмеймін бұл аурудың не қыларын,
Егерде алам десе таласам ба?

4
Жәкейдің ат суардым тұнығына
Ажалдың кім ілінбес құрығына.
Кешегі ел қыдырған есер кезде,
Қызыл су жұқпаушы еді жұлығыма.
Туған ел, көрші-қолаң қоныстасым,
Нағашы, қайын жұртым, ауылдасым.
Аз күнде алыс жолға сапар шегем,
Аман бол, бәрің-дағы бауырласым.
Қара нар жүк көтермес саздаған соң,
Су шықпас ойпаң жерден қазбаған соң.
Жете алмай мұратыма болдым қапа,
Тағдырда хақ-тағала жазбаған соң.
Жұрт қойған «Біржан сал» деп атымды атап,
Олжаға батушы едім қысырақ матап.
Елімнен озып шыққан ақын едім,
Біржанды сырқат деген шыққан лақап.
Секірткен тау мен тасқа қарақтарым,
Дүниеде баға жетпес, шырақтарым.
Сол құдай, Шөжені алған, мені алмай ма ?
Тиыш болар бір аздан соң құлақтарың.
Теміртас, Асыл, Ақық, затың басқа,
Құдайым өмір берсін Теміртасқа.
Келмейді көп айтуға менің шамам,
Сәлем айт, құрбы-құрдас замандасқа.
Алдымда шам-шырағым, Теміртасым,
Тілегім сенің ұзақ болсын жасын,.
Хош болыңдар бауырым, балапаным,
Байқаймын ажал шіркін құтқармасын.
Білмеймін таң атып, күн батқанын-ай,
Аяқ-қолым байлаулы жатқанын-ай.
Үш жүзге мәлім болған Біржан едім,
Дариға, қолға арқанның батқанын-ай.
Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым,
Алдында жақсылардың бұлғақтадым.
Өгіздей ерге тартқан әкең өлсе,
Не болар сонда күнің, шырақтарым.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақсеркеш

  • 0
  • 0

Бір атты сатып міндім елу беске,
Болмайды, шапсаң - дағы қара кешке.
Бозбала, бекер сал боп неге керек,
Салып қал, шын сал болсаң, "Ақсеркешке".

Толық

Біржанның Омбыда бір қызға айтқаны

  • 0
  • 0

Сіз бұрын естіп пе еңіз Біржан серді?
Бұл Біржан аралаған талай елді.
Жалғанда ырысың бар жан екенсің,
Құлағың естігенде көзің көрді...

Толық

Талай заман

  • 0
  • 2

Мен Біржан болғалы талай заман,
Пар келмеген еш әшші тіпті маған.
Бір сұлу қыз найманда бар дегенмен,
Бек мұқтаж бір көруге болдым соған.

Толық

Қарап көріңіз