Дүниедегі қызықтың – Сұлтанмахмұт Торайғыров

Бұл бетте «Дүниедегі қызықтың» атты Сұлтанмахмұт Торайғыров жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 18.04.2015
  • 1
  • 0
  • 8773
Дүниедегі қызықтың
Бәрі де арам мен үшін.
Дауасы жоқ бұзықпын,
Талпынбаймын ем үшін.
Туысқаным – қабір құшағы,
Қашан ол келіп құшады.

Ойланып һәм шарланбай,
Құтылған жоқ менен ой.
Ешбіреуін малданбай,
Сенді қатты тұла бой.
Болсам деген үміттің
Бәрінен бездім, ұмыттым.

Аямады еш уақыт,
Дүние маған ашуын.
Алыстады һәм бақыт
Тоңтатпастан қашуын.
Қаматпай жүрек тасқынын,
Босатсын дүние қашқынын.

Зылиқасын көрсе де,
Жүрек енді ашылмас.
От, жалындар енсе де,
Махаббатқа бас ұрмас.
Дос іздедім, қамдандым;
Таба алмадым, алдандым.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері