Жаңа жылда – Әбділдә Тәжібаев

Бұл бетте «Жаңа жылда» атты Әбділдә Тәжібаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.03.2019
  • 0
  • 2
  • 4235
Аяз сүйіп ақ бетін албыратқан,
Бота көзін төңкеріп жаудыратқан:
Жарық түнде жарқылдап ойнайды қыз,
Шаңғысынан шандатып қар боратқан.
Жас жігіт те жайдары күлім қаққан,
Жарын көріп жүрегі тыным тапқан.
Сұлуымен жарыса сырғанайды
Жай оғындай жалт еткен, төмен аққан.
Ақ күмістей ақша қар сырғанатқан,
Өзен, орман, даламды бірдей жапқан –
Бәрінде де сұлу қыз, көркем жігіт,
Тату, тәтті көшетін жылды ұзатқан.
Келді міне, жаңа жыл мархабатты,
Жүзі нұрлы, лебізі бал шәрбатты.
Әкелгені алып күш, ән мен сауық,
Күткендерге бәрін де сыйға тартты.
Ертең Отан айбынмен салтанатты,
Жаңа күш пен жаңа әнді шырқап қатты,
Тартып шеру ілгері жөнеледі
Таңдандырып әлемді, адамзатты.

1940


Пікірлер (2)

Зарина

Күшті өлең екен

Зарина

Осы өлең күшті екен маған ұнап қалды.

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері