Бұл бетте «Түнде» атты Әбділдә Тәжібаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Түн. Жазғы түн.
Түнде өмір жоқ
Дейтіндер кім?
Білмеймін.
Көзім жарық, көңілім ашық,
Бәрін көріп, бәрін естіп жатырмын.
Көлдің беті жыбырласа
Желдің жібек лебінен.
Оянып аққу ұйқыдан -
Тереңге бір қарайды,
Дәл өзіндей қалқыған
Айды көреді алдынан...
Көк күмбездің басында
Ол лақтырып ойнағандай алыптар
Атылады жұлдыздар;
Алыстан келген ақ бұлтқа
Аймалатып оңашада омырауын
Асқар да басын иеді,
Жылы, тәтті сүйеді.
Ұйқыдағы ну орманның
Көкірек кере дем алғанын,
Тебіренгенін сеземін.
Бір салқын леп
Сол жақтан кеп
Мені де желпіп өтеді,
Құмарлана, қанғанымша жұтамын..
Түн. Жазғы түн.
Түнде өмір жоқ
Дейтіндер кім?
Білмеймін.
1946
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
- Сәкен Сейфуллин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі