Өлең, жыр, ақындар

Туған жер туралы

  • 23.03.2019
  • 0
  • 1
  • 10478
Анамнан мен туғанда жап-жалаңаш,
Әлемге ала кеппін көзімнен жас.
Дүниеге жап-жалаңаш бірге кепті
Шырқырап мен секілді талай құрдас.
Құрдастар өстік өңшең, ақыл кірді,
Таныдық туған жер деп тақыр жерді.
Құм кештік су орнына белуардан
Есіттік өзен туралы ертектерді.
Қарт ата көп жасаған, көні кепкен,
Кейде зар, кейде үміттің күйін шерткен.
Айтатын алыстағы орман жайын
Жаралған ғажаптарын кереметпен.
Орманның сыбырласқан жапырақтарын,
Сиқырдай құстарының салған әнін,
Ғажайып қоңыр салқын көлеңкесін,
Күн шыға көтерілген көк тұманын.
Айтатын: есіттім деп үлкендерден,
Бір кезде көріпті-міс көшкен керуен.
Жиһанкез яки батыр, аты жұмбақ,
Болдырмас я ертегі аңшыл мерген...
Осылай білгенін қарт сөйлеп бізге
Тастайтын бір жұмбақ ой көңілімізге.
Арман боп алыс орман жата бердік,
Құйынды құм ойнаған құла түзде.
Кеуделер күңгірттіктен тазарғалы,
Көңілге Ленин деген шам жанғалы.
Тәңірсіз өз тағдырын қолына алып,
Еркімен әрбір қазақ дем алғалы.
Менің де, менің құрдастарымның да,
Теңелді әрбір жылы бір ғасырға.
Сұрапыл, кереметті салдық күшті
Құмдардан туған жерді тазартуға.
Өзенді алыстағы бекерге аққан
Бұрдық біз жерімізге шөлдеп жатқан.
Жетелеп асау ағыс толқындарын
Әкелдік ауылымызға әр тараптан.
Теңіздей тақырларға көл орнаттық.
Қып-қызыл, көл жасаған, гүлмен жаптық.
Ектік біз: емен, қайың көк шыбығын
Бөбектей балбыраған бақтық, қақтық.
Көтердік көк шатырлы жаңа үйлерді,
Жасадық жарыстыра көшелерді,
Жалғанға жаңа туған шаттық, бақыт,
Жайнаған жас ормандай өсе берді.
Қарт ата жүзге келген, соқыр болған,
Қалтырап көтеретін қолын зордан
Балауса жас жапырақпен сүртіп көзін
Қарады төңірегіне нұрға толған.
Қарады, көзінде оның от тұтанды,
Есітті ол, шулап орман салған әнді.
Көрді ол, дәл кешегі сұр даладан –
Сөз жетпес, қиял жетпес бояуларды.
Күлімдеп деді бізге: «Перзенттерім,
Сендерден жалғыз ғана бар тілерім –
Айтыңдар партияға менен рахмет
Жан беріп гүл жайнатқан қазақ жерін.
Көміңдер қолдарыңнан мен өлген соң,
Қабыры ата-бабам - орным болсын.
Содан соң су жіберіп бақша егіңдер,
Гүлменен, көк шалғынмен көгертіңдер».
Қарт ата қайғы, шерсіз жұмды көзін,
Жеткіздік көсемге біз айтқан сөзін.
Ең ғажап, сырлы, көркем бақша болды,
Көріңдер қазір оның жатқан орнын.
Көз салсам күнде ертемен айналаға,
Боламын айналғандай жас балаға.
Құйылып кең кеудеме жерден қуат
Жөнейді жаным менің қанат қаға,
Мақтанам: мұнша ерекше неткен жанмын!
Қалайша осынша күш жинағанмын!
Жасарту жерді осынша мен тумасам
Құдіреті жетер еді қай «алланың?!»

1949



Пікірлер (1)

Жанна

Неге ұзақ

Пікір қалдырыңыз

Жүзіп келем

  • 0
  • 0

Жүзіп келем, жүзіп келем өзенмен,
Жүрегімнің шаршағанын сезем мен.
Алып кетіп барады ағыс ықтатып,
Тербеп толқын тыншытпақшы ұйықтатып.

Толық

Қырғыз достарыма

  • 0
  • 1

Жұрт едің қандай жүрегің жарқын,
Жер едің қандай осынша биік!
Сенімен дос боп сүйікті халқым,
Төбем бір қалды аспанға тиіп.

Толық

Жаңбыр

  • 0
  • 0

Күркірете көгімді
Көк ала бұлт сөгілді.
Отты көзі жалтылдап,
Бір шолып қап жерімді

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар