Дәужанның тұңғышы туғанда
Бұл бетте «Дәужанның тұңғышы туғанда» атты Әбділдә Тәжібаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Айы жетті Жамалдың,
Күні жетті Жамалдың.
Атын қойды той жасап
Жаңа туған адамның.
Қызылшақа кешегі
Күн - күн сайын өседі.
Таныр болды табжылтпай
Әке менен шешені
Әкеде енді арман жоқ,
Көңілінде мұң қалған жоқ,
Тізімге ұлы тіркелді –
Дәужан ұлы Әлжан боп.
Басқаны әке көрмейді,
Мал-жан ойға келмейді,
Дәужан ұлы Әлжанды
Өзі ғана тербейді:
− Өсер әлі, өсер - ау,
Өсер менің құлыным,
Тақымына сабар - ау,
Әкесінің құрығын.
Қашағанды қуар - ау, -
Жүйрік мінген боташым,
Қуандырып тұрар - ау
Көкесі мен апашын.
Күрескенді үйірер
Жағаға қол салғанда,
Көрушілер сүйінер
Көз ілеспей шалғанда.
Тұрар жайда сызылып,
Кірмес қызып жанжалға.
Қарар қыздар қызығып
Дәужан ұлы Әлжанға....
1960
- Уильям Шекспир
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі