Ләнет бұлты шатырлап – Сұлтанмахмұт Торайғыров

Бұл бетте «Ләнет бұлты шатырлап» атты Сұлтанмахмұт Торайғыров жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 19.04.2015
  • 1
  • 1
  • 7649
Ләнет бұлты шатырлап,
Жай түсіп неге қатпаймын?
Жер жарылып сатырлап,
Түбіне неге батпаймын:
Ит, құсқа бас игізген,
Көкейімді күйгізген,
Дүниеден ләззат таппаймын.

Көрмегенді көріп бас,
Заһар болып ішкен ас.
Қапаланған көңілден,
Төгіле-төгіле қанды жас.

Дүние бәрі у екен,
Мені алдайтын қу екен.
Өткізген өмірім бұл күнгі,
Пайдасыз қызу ду екен.

Білімсіз талант тас екен,
Өмірің үшін қас екен.
Далақтап шапқан бай ұлы
Тоқтаса, көзі жас екен.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (1)

Алима

Өте жақсы өлең,және тез жаттап аласыз

Осы автордың басқа өлеңдері