Саусақтан күй төгілдір – Марфуға Айтқожина

Бұл бетте «Саусақтан күй төгілдір» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 04.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1922
Шертші, қызым, саусақтан күй төгілдір,
Жазғы аспандай жадырасын көңіл бір.
Қасірет болса оны кейін шегіндір,
Көрейінші көк теңіздің шегін бір.
Қырда қызыл қызғалдақтар қауласын,
Ақ толқындар жамырассын, аунасын,
Ғашықтардың кірпігіне жас тұнып,
Жан сезімін балқытсын да, баурасын.
Шертші, қызым, күйге бөліп түн ішін
Көл бетінде тұнып қалсын күміс үн.
Құдіретіне сиқыры мол сырлы әннің,
Менің дағы ашылар ма тынысым.
Ойна, қызым, бақта бұлбұл сайрасын,
Қыз дүние құлпырсын да жайнасын.
Осындай шалқып кетер шалқыма
О, ойнақы от сезімдер, қайдасың...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері