Өлең, жыр, ақындар

Бағараның батыры

  • 04.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2059
(поэма)
Ажыхан Есқараевқа арналады

Сен де бір кең даланың қыранысың,
Ұшары көк, қонатын тұрағы шың.
Қасиетті Қаратау қойнында өсіп,
Кеудеде толқындатқан Сыр ағысын.
Сен де бір қазағымның мақтанышы,
Жүретін басым болып жатқан күші.
Көрейін өзің жайлы тебіреніп,
Қаламнан тұнық жыр боп ақтарылшы.
Шалқыған дарияның сен кемері,
Өзіңе уақыт кімді теңгереді.
Төсінде алтын жұлдыз жарқыраған,
Елімнің Батыр ұлы, Еңбек ері.
Сөнбейтін әр ауылдың бар шырағы,
Жүзінен арайлаған таң шуағы.
Берейін өзің жайлы бір күй шертіп,
О дәурен, өтесің-ау, шалқымалы.
Алыстан ауыл оты жарқырады,
Батырдың Бағарада бар тұрағы.
Баяу қалқып басталып ол жайында,
Шардара тұнығына ән тұнады.
Тыңдаймын сол әнді мен ұйып балқып,
Толқын жатыр жағаны сүйіп шалқып.
Бейне бір ақша бұлттай аспандағы,
Бір арман бара жатыр биік тартып.
Бара жатыр өзіне асықтырып,
Жаныса тым жақындай қашық тұрып.
Бағараны баурап ап баурайына,
Бара жатыр сол бір ән тасып тұнып.
Балқыған Бағараның жазы қандай,
Ешкімге ақтармаған назы бардай.
Бара қалсаң жолаушым жолың түсіп,
Көңілдің құрсауы бір жазылардай.
Алаулап атқан шіркін таңы қандай,
Көрмесең, көңіл аңсап сағынардай.
Аттана көрме, жаным, сол ауылдан,
Тұнық сырға сусындап қанып алмай.
Өрт қызыл өртең жүзді кеші қандай,
Сен оны жүре алмассың есіңе алмай,
Аршын төс жігіттері жаққан отты,
Әйтеуір жүре көрме өшіре алмай.
Көктем еді ол найзағай жаңғырыққан,
Сай-салаға, шатқалға жаңбыр ыққан.
Көктем еді ол, қаһарын, кәрін төккен,
Қайғы-нала, қасірет әлді кұртқан.
Көктем еді ол ақ жаңбыр сорғалаған,
Қарлығаштар шатырды қорғалаған.
Көктем еді ол, сол үйді бақытсыздық,
Өрмекшінің торындай торлап алған.
Дей алмады тағдырмен күш таласам,
Мұқалды өткір көңіл ұштамасаң.
Әкесі өлді, шешесі қатты, науқас,
Жетім қалды шырылдап үш балапан.
Шама жоқ, сұм тағдырын жазғыратын,
Кемітіп кетсе дағы наз — қуатын.
Үлкені бар болғаны бес-ақ жаста,
Кішкентайы жығылып, қаз тұратын.
Ересегі Ажыхан ішіндегі,
Ол дағы дәнеңеге түсінбеді.
Көрсетпей орап алып кетті әкесін,
Жиналып осы ауылдың кісілері.
Өмір-ай, асуы да белеңі көп,
Аяндайды біресе желеді кеп.
Жүрді олар жолын күтіп көкесінің,
Жүрді олар алыс жолдан келеді деп.
Аңсайтын бала жаны, ынтығатын,
Сол кезде қара көзге мұң тұнатын.
Ит үрсе үй сыртында абаланып,
Домаланып есікке ұмтылатын.
* * *
Айлар да өтіп жатты тізбектеліп,
Келгендей қара бұлтты күз бөктеріп.
Өтіп жатты тіршілік қара қоста,
Ат ізін салмады ешкім іздеп келіп.
Асау ғой үміт шіркін қашады алып.
Бекиді көңіл қайта босап алып.
Кешегі бір жанашыр, туыссымақ,
Бұл күнде кеткен көзден тасаланып.
Алдында талай асау бар асатын,
Бас айналар құзар шың қараса тым.
Ауырып жатқан шешенің көкірегінде,
Басын сүйеп үшеуі таласатын.
Жоқ олардың ағасы, жеңгесі де,
Жоқ еді-ау, қайран әке теңдесі де.
Қаншама тарыққанмен жолын тосып,
Көзі жетті енді әке келмесіне.
Ана даусы тым баяу естіледі,
Әлде жанын ащы мұң кескіледі.
Қолдыаяққа жарады Ажыхан да,
Сол үйдің болғаннан соң "ес білері".
Жасамай-ақ, ескінің ырымын көп,
Қарағым, қарашығым, құлыным деп.
Қара қайыс белбеумен белін буып,
Маңдайынан сүйді ана ұлының кеп.
Ілесті ол да қалың жұрттың қарасына,
Жалтақтап, қара қосқа, анасына,
Жігіт болып барады кетпен сүйреп,
Кешегі ойнап жүрген даласына.
Асық қалды шашылып от басында,
Енді оның асық досы жоқ қасында.
Қаршадай болғанменен лезде есейіп,
Аттанды ол балалықпен қоштасуға.
Мерген тағдыр іліккен садағына,
Қайтсін-ай, бала жаны жаралы да.
Майысқан балаусадай жас еді ғой,
Тағдырдың түскен шақта табанына.
Сәби еді-ау, ол кезде құйттай ғана,
Ересек боп кетті ол сыртқа айнала.
Тәубе деп, бұл күнге де риза болып,
Қатықсыз қара көже ұрттайды ана.
Жадында қайталанып бір ән жаңа,
Бейне бір қосылардай мың арнаға.
Құлынымның өмірін ұзақ қыл деп,
Сыйынатын анасы бір "Аллаға".



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ауылға барғанда

  • 0
  • 0

Баяғы өзен өзгертпеген ағысын
Сұстанады қаз-қалпында тағы шың.
Жиналыпты ауыл болып осында,
Жиналыпты әзілі көп абысын.

Толық

Қарагер

  • 0
  • 0

Қамшылай жөнелгенде Қарагерді,
Бұрқ етіп артында шаң қала берді.
Қарагер қанат бітіп бұлдырайды,
Жолдағы тамсандырып тана көлді.

Толық

Ақ түн

  • 0
  • 0

Алақанға қондырдым ақ түніңді,
Сен де менен тіледің шат күлуді.
Қалай ғана сөзбенен жеткізермін,
Көрдім ғой, ақ түніңмен пәктігіңді.

Толық

Қарап көріңіз