Ашу
О, тәңірім, артық айтсам кешерсің,
Жан балам, неге мұнша кешігесің.
Әлде теріп жүр ме екен ол даладан,
Осынау екі "күшіктің" несібесін.
Жүрегі түскір неге дүрсілдейді,
Келмесе де аман болып жүрсін мейлі,
Жалғыз сол ма, ауырлық жұртқа түскен,
Дені сауда бәрін де білсін, дейді.
Жататын үй жанында бұлақ күліп,
Жағаға ақ маржандар лақтырып.
Тықыр шықса жуықтан бейбақ ана,
Елеңдейтін дыбысқа құлақ түріп.
"Әйтеуір қайда жүрсе болсын аман,
Бар ғой алар өмірден бір сыбағаң" –
Деп, ойдан маза қашып отыр еді,
Дауыс шықты кенеттен шырқыраған.
Күндері өтпесе де шат-шадыман,
Бір үміт күтуші еді аппағынан.
Дауысқа үрейі ұшып ыршып тұрды,
Бейне жандай табанын шоқ қарыған.
Келеді Бекет деген ортаншы ұлы,
Апатай, төрде тұрған бір қамшыны —
Деп, Бекет бебеулейді тағат таппай,
Жарылған шекесінен қан тамшыны.
Келмесе де түкке де шамасы оның,
Өрт сөндірген кісідей қарашы өңін.
Барады намыс оты өзекті өртеп,
Ит тірлік, неткен тартыс, талас едің.
Ашудың бұрқырап кеп көк қайнары,
Кеудеде қайдағы бір кек қайнады,
Жассынып, жалғызсынып кейбір тентек,
Соғып кетті ме екен-ау деп те ойлады.
Осы сәт жиналғандай күштің бәрі,
Жалтылдады жанардың ұшқындары.
Нендей ойлар келмеді бұл басына,
Нендей қиял кешпеді ұшқыр жаны.
Аян ғой бір өзіне істің мәні,
Белдесем дейтін тағдыр күштің көні.
Деп, келеді ашынған ана жаны,
Қас жауын қара жерге құштырғалы.
Келеді жылдам басып батылдана,
Неге мұнша ширықты ақылды ана.
Толықсып сабасында бәз-баяғы
Құлаққа ұрған танадай жатыр дала.
Көрінбеді ешкім де көзге бөтен,
Кім ұрды, бала айтпайды, сөзге бекем.
Жазықсызды соншама жәбірлердей,
Кім де болса ұяттан безген екен...
* * *
Үйінде Зейнеп жалғыз ой толғауда,
Өмір дейтін көк долы, қайсар жау ма?
Ешкімнің көңілін бірақ жыртпады ол,
Көп еді ағайынға айтар дау да.
Елес берді өмірдің өткелдері,
Көп-ақ екен бүл бастан өткендері.
Сағынып жатыр ма әлде асыл жары,
Бармапты басына да көптен бері.
Бар еді бір өзінде ақыл, көрік,
Бар еді мінезі де батыл, берік.
Бір кісідей бақытты әйел еді,
Енді басқа түскенін жатыр көріп.
Шайқалтты шаңырағын кесір бүлік,
Көрсін деп енді өмірде жесір күліп.
Бәріне де төзді ол қабақ шытпай,
Төзімін тастан қашап, көпір қылып.
Бір ойға Зейнеп келді батылданып,
Іздері өткен күннің жатыр қалып.
"Жүр, Бекет, Қуанышты арқалай жүр,
Бұл үйде бұдан былай отырмалық".
* * *
Келеді бір күш оны ентелетіп,
Жүрегін баяғыдай өртең етіп.
Келеді Ажыханын бір аймалап,
Тым құрса қайту үшін еркелетіп.
Сағынып жалт еткен сол көз қарасын,
Көрмей жүрсең есіңе күнде аласың.
Келеді бір ғана иіскеп қайту үшін,
Әкеден аумай қалған ұл баласын.
Бір бұлақ кеудесінде жарып тасып,
Бір сезім келеді оны алып қашып.
Даланы көріп көңіл тасыды ма,
Лашыққа қалған мінез қалыптасып.
Келеді өзін-өзі түсіне алмай,
Бойында он сегіздің күші бардай.
Келеді сағыныш билеп бар тұлғасын,
Кеудеден бір аппақ құс ұшырардай.
Келеді ол жүгіріп асып қырды,
Даланы жаңа көрген ғашық сынды.
Бір сезім жүрегіне түйткіл салып,
Жеткенше қос басына асықтарды.
Кеудеге әлденендей дүбір енді,
Дегендей аяңдама, жүгір енді.
Қайысып жер-ананың қабырғасы,
Япырмау, сонша неге күңіренді.
Бұл күндер қалай болып барады осы,
Жүрек тығылып алқымға танады есі.
Сұстанып, сұры қашып сонадайда,
Мелшиіп тұрады сол сәт дала қосы.
Ешкім де айтпап еді-ау хабар бөтен,
Жаманат іздеп жүріп табар ма екен.
Ана жүрек сезеді әлденені,
Ажыханы жазымнан аман ба екен.
Япырмау, неге жұмбақ бала сыры,
Жалғызы, жақыны сол, жанашыры.
Аман ба екен бәледен аяқ асты,
Көзінің ағы менен қарашығы.
Қояйық жоқ ырымға бастамай-ақ,
Қиындық қалмас сірә қашсаң аяп.
Келеді Зейнеп байғұс зәресі ұшып,
Кері кетіп ілгері басқан аяқ.
Өмірден көрмесе де ұтып асып,
Бір арман келер күннен күтіп ашық —
Жүретұғын Зейнепке не болды екен,
Келеді біржолата құты қашып.
Тағы да күтпеген жай бастала ма,
Келеді алуан ойлар басқа жаңа.
Қалбаңдап қос сыртында жүгіріп жүр,
Қарт жүзін жаспен жуған аспаз ана.
Бейнебір босағанда тас жігері,
"Келінжан-ай, тездетіп басшы бері.
Жылан шақты баланы", - деді кемпір,
Тамшылап ыстық жас пен ащы тері.
Жығылған мана осында бала келіп,
Сәт сайын барады енді шама кеміп.
Бала құсап сонда да жыламады ол,
Жатты бір жаутаңдаған жаралы елік.
* * *
Бар ма кәне теңесер күштің маған,
Сен бүгін шеңгеліме түстің бөлем.
Жалмамай енді сені қоймаспын деп,
Ажал жүр сайқал күліп, сыпсыңдаған.
Жас жүрек соға түсіп үдейді арман,
Соншама алдамшы ма ең дүлей жалған.
Қапыда кететіндей қағып алып,
Ажал жүр үй сыртында үрейді алған.
Ажыхан жатыр жерде шалқалаған,
Екі көзі жасаурап қанталаған.
Тойымдық бар ма шіркін жер-анада,
Енсе де құшағына қанша адам.
Қаншама атасаң да азап атын,
Тартсаң да бүл пендені жазаға тым.
Өшіріңдер, адамзат жер бетінен,
Өршіген соғыс отын, ажал отын.
Осынау азабы көп бала шақта,
Жатыр ол сапар шегіп болашаққа.
Жатыр ол шаңырақтан сыртқа қарап,
Көк түтін будақтайды жер ошақта.
* * *
Есін жиып құшағын жиды ана,
Кеудесін көміп кетті қайғы-нала.
Сабыр ет деп сыбырлап самал есті,
Аяулы жар үніндей жайлы ғана.
Орнынан ұшып тұрды шошынғандай,
Күтпеген жай еді бұл тосын қандай.
Сол бір сәт қара жылан ысылдап кеп,
Арбағандай, көзіне тосылғандай.
Кемігендей бойында ақыл қайрат,
Ашулар азу тісін жатыр қайрап.
Бұрымынан кесіп ап баласының
Балтырын тас қып тұрып жатыр байлап.
Өң-түссіз жатыр тіптен бала жүдеп,
Қалай ғана шыдасын ана жүрек.
Тәуекел деп жасады халық емін,
Ойламай ұлы тірі қалады деп.
Көмекке ешкімді де шақырмады,
Азу тіс тиірмендей сақырлады.
Сөйтті де тәуекел деп не де болса,
Балтырға ыстық ерні жақындады.
Денеде жетпіс екі тамыр иіп,
Балтырды талаураған жатыр сүйіп.
Сүйіп емес, сорады солқылдатып,
Қалай бермек ажалға көзі қиып.
Қарау қиын сондағы ана түрін,
Бүркіттей бейне бүріп алатұғын.
Тісімен қыршып тұрып жұлып алды,
Жылан шаққан жарасын баласының.
Сол бір сәт ажалменен ана арбасты,
Құйылып ып-ыссы тер жанарға ащы.
Барады бірте-бірте тасаланып,
Төбеден төніп келген қара албасты.
Бұл адам күрес үшін жаралыпты,
Күрескенде жеңетін бар-ау мықты.
Азғана өмір, тірлікте адам үшін,
Жаратыпты қастықты, қараулықты.
Ажалды тастаса да еңсеріп бір,
Денесін таудай тасқын, сең соғып тұр.
Құлады ана, есінен кетті танып,
Жаны күйген дүние теңселіп тұр.
* * *
Апатайлап Бекеті шақырады,
Сай-сүйегі даланың сырқырады.
Анасы мен ағасын кезек құшып,
Бір жығылып орнынан, бір тұрады.
Дауысқа бейуақытта үрей салған,
Тұс-тұстан әйелдер де келіп қалған.
Сәт сайын алаңдатып, шырқыратып,
Сол қалпы өтер ме екен, ойхой-жалған.
Аяғын кемпір-шал да басты асыға,
Жиналды барлығы да қос басына.
Егіліп, кейбір әйел жасын төкті
Әркімнің қайғысы бар бас-басына.
Осы сәт еске оралды қай-қайдағы,
Түкпірде шайқастарда, шалғайдағы.
Ел қорғау үшін кеткен азаматтар,
Жалғызы, сүт бетінде балқаймағы.
Бар еді осы ауылдың ақсақалы,
Жұмыстан өзгеменен жоқ шатағы.
Сыйлайтын ауыл болып осы қартты,
Сыйлайтын үлкен-кіші жақсы атаны.
Ақылмен жұртты сол қарт басқаратын,
Қиындық келсе қарсы қасқаратын.
Осы қарт аттандырған от майданға
Қамшының өміріндей бес баласын.
Бұл соғыс қанша қайғы ала келген,
Қанша ұлын сол соғысқа дала берген.
Аттанғанда бес ұлы бірдей жауға,
Қайсар шал сыр білдірмей қала берген.
Бұл жолы да жөн тауып ақылды арна,
Ерік берді тағы да батылды арға.
Жоқ ырым, бастамаңдар, деп зекірді,
Солқылдап жылап тұрған қатындарға.
Қазірше басқа істің таста бәрін,
Қайда әлгі су бүркетін тостағаның.
Майдандағы азамат жөні бөлек,
Қамын ойла Зейнеп пен жас баланың.
Деп, ақсақал жөніне кетті бөлек,
Сол бір сөз бар көңілді өтті демеп.
Нәзік қой көңіл шіркін гүлден-дағы,
Гүлді аялай білетін епті керек.
* * *
Келісті көңіл сұрап жолдастары,
Күзгі ызғырық жел жаңа өн бастады.
Өтіп жатты айлар да арт-артынан,
Судай аққан өмірдің жалғастары.
Қыс келді, жыртық үйден шымшылаған,
Қиындыққа дәл бұндай кім шыдаған.
Ұйқы безіп аулаққа аунақшиды,
Ана жаны ойдан бір тыншымаған.
Жоқшылыққа ол онша тарынбады,
Қарсы алды сабырменен бәрін дағы.
Қатал тағдыр қаншама қарысса да,
Берік қой, жүрек — қамал, алынбады.
Жұртқа ұқсап торқа киіп малынбады,
Көз сатып көрінгенге жалынбады.
"Жетімдер! Жатқан сол бір жыртық үйден,
Болашаққа мол ұшқын жалындады.
Ақпанның ақырып кеп ақ бораны,
Жан дүниеңді түгелдей ақтарады.
Майданда да жатты ғой оқтар борап,
Замана есте мықтап сақтар әлі.
* * *
Көктем келді құндақтап жерді гүлге,
Көңіл де басқашалау енді мүлде.
Бағараны еркіне бағындырып,
Ажыхан жүр мақта егіп кемді күнге.
Жыртылған жер бейне таспалардай,
Қимылы сылбыр емес басқалардай.
Анда-санда жымиып үн қатады,
Бусаныпты шуаққа қасқа маңдай.
Қызу өмір тек енді басталардай,
Жетті ғой тиіп жүріп тасқа маңдай.
Білектің бұлшық еті бұлқынғанда,
Енді одан тағдырың да жасқанардай.
Ісіне дүйім жұртты сүйсіндіріп,
Қыздарды ынтықтырып, күрсіндіріп.
Орғытып тракторын ойдан қырға,
Талай іс жалғыз өзі жүр тындырып.
Күн-дағы күйдіріп тұр шаңқан ашық,
Жас жігіт өр кеудесін шалқақ ашып.
Тыным жоқ тракторде желе-жортқан,
Құрбылар жүр жарысып, жанталасып.
Ажыхан тым сабырлы саспайды да,
Шыныққан ғой еңбекке жастай мына.
Бәрінен атым озып келеді деп,
Мақтаныш билеп жанын таспайды да.
Құттайдан түйіп өскен қанша жайды,
Сондықтан жан тыныштық аңсамайды.
Жүрегі дүрсілдейді қуаныштан,
Бір кезде кеудесіне толса қайғы.
Жаны оның жаралғандай ашық нұрдан,
Сезімі тау суындай тасып құйған.
Қарайды ауыл жаққа әлсін-әлсін,
Бір сыр бар оны сонша асықтырған.
Көңіл толқып соншама тасынардай,
Алысқа арман құсын асырардай.
Жалтылдап өткір жанар от шашады,
Іштегі қуанышын жасыра алмай.
Ауылға сонша неге асықты екен,
Сыр айтпады ешкімге ашып бөтен,
Өмірдің осынау бір көктемінде,
Ол әлде бір сұлуға ғашық па екен.
Түсіну қиын емес ғашық жанын,
Жүзінен кететіндей тасып жалын.
Тәкаппар, қайсар жүрек махаббатқа,
Көрсең ғой қалай ғана бас ұрғанын.
Кейде бір көңіл ойдан тұралай ма,
Кейде бір нәзік сырлы жыр орай ма,
Осынау балаң жігіт, жібек мінез,
Ғашық па екен әлде бір құралайға.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі