Билікөл – Марфуға Айтқожина

Бұл бетте «Билікөл» атты Марфуға Айтқожина жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 05.09.2018
  • 0
  • 0
  • 2588
Жатты алдымда толықсыған би көлі,
Кең далаға тартып кетті күй желі.
Ақ отаудың іргесінен қырларға,
Дүркірейді ән мен өлең түйдегі.
Сарыарқа ма, Саранжап па, Саржайлау,
Домбырамен сырласқандай бар жайлау.
Дөңгелене билейді кеп Билікөл,
Бұндай кезде ол айтпас ән қалмайды – ау.
Ел екен бұл Қаратаудай тау асқан,
Таласа ішкен тасқындаған Таластан.
Әр төбесі кетті күйге айналып,
Бұл қазаққа әзіл-күлкі жарасқан.
Сауық құрып жатырмыз біз ерте кеп,
Сары қымыз, салқын жайлау, еркелеп.
Қара көздер қадалады тұс-тұстан,
Әлде ақынын отыменен өртемек.
Жалын атып жанармын да балқырмын,
Көңілдердің көктемінде шалқырмын.
Кетермін мен Алатауға арқалап,
Осынау қалпын меймандос бұл халқымның.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері